​«Тақтай сияқтысың!»: шымкенттік әйел күйеуі үшін төсін үлкейткісі келген

0
2 768

«Ол менің ең жақын құрбыммен бір жыл бойы кездесіп жүрген екен»


​«Тақтай сияқтысың!»: шымкенттік әйел күйеуі үшін төсін үлкейткісі келген
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Әйелдің отбасы алдындағы қызметі де, күйеуінің алдындағы міндеті де өте ауыр. Әсіресе, қазіргідей қызылды-жасылды заманда күйеудің көңілін басқаға алаңдатпай, тек өзіне ғашық етіп, екеуара махаббаты сақтап қалу жолында талай әйел өзін құрбан етіп жатыр. Соның бір дәлелі – Жадыраның оқиғасы.


Алты баланың анасы басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ редакциясына хабарласып, айтып берді.


«Күйеуімді сүйіп қосылдым деп айта алмаймын. Анасымен бірге әріптес боп жүргенбіз. Ол мені келіп-кетіп жүріп байқап, анасымен ақылдасып, бір күнде ойламаған жерден алып қашты. Әйтпесе өзімнің сөз байласып қойған жігітім бар-тұғын. «Қалмаймын, кетемінге» басып едім, үйдегілер тоқтатып, сабырға шақырды.


Отбасылық өмірдің басталғанына он бес жылдан асыпты. Екеуміз бәрін бірге көрдік, соның оқуына бола Қарағандыда тұрып келдік. Елге келген соң тапқанымызды тірнектеп жинап, қала шетінен үй сатып алдық. Мақтанғаным емес, күйеуімнің бір жағына шығысайын деп осы уаққа дейін демалысты білмей жұмыс істеп келем. Шаштаразбын, қыздардың бетін бояймын. Құдайға шүкір, клиентім көп. Сол кісілерді жоғалтып алмайын, әрі «қаймаққа – жаймақ» болсын деп балаларымды босана сала жұмысқа кірісетінмін. «Сенен басқаға барғымыз келмейді» дейтін клиенттер үйіме іздеп келіп, қырық күндік шілдемнен шығар-шықпас жұмысты бастап кетуші едім.


Бұл тірлігім күйеуіме ұнамағанымен, кешке қарай ақшасын санап алғанда көзі жайнап кететін. «Шамаң келіп жатса істей бер» деп рұқсатын беріп қоятын да, өзі қызмет бабымен күні-түні көше кезіп кететін. Қызметі сондай, менің жағдайымды сондай қызметте істейтіндердің (қандай қызмет екенін айтпай-ақ қояйын) әйелі ғана жақсы түсінетін шығар, мереке-мейрамдарда үй бетін көрмей кетеді.


Бірге өткізген 15 жылдық өмірде бетіме келіп, жаман сөз айтып немесе жұрттың күйеуі секілді қол көтерген емес. Ол жағдайға жеткізбеу үшін мен де барымды салып қызметін қылдым. Күйеуіммен бірдей жұмыс істесем де үйімде тамағым дайын, іші тап-тұйнақтай, балалардың үсті-басы таза болды. Соның бәріне үлгеру әйел баласы үшін өте қиын шаруа негізі. Сол себепті шығар, тым арықпын. Босанып, емізгенде сәл-пәл толамын. Ал қалай бөпемді омыраудан шығарам, тақтайдай қатып, терім сүйегіме жабысып қалады. Кеудем мен жамбасым «плоский экран» боп шығады. Семіру үшін істемеген әдісім қалмады. Еш нәтиже жоқ. Ең басты комплексім – осы.


Сол үшін күйеуіммен ренжісіп, онша-мұнша сөзге келіп қалғанда «мені арық, скелет деп менсінбей отырсың ба, иә, мен сондаймын, құшағың толмай жүр ме» деп өз кемшіліктерімді тізіп, оның миына құя беріппін. Бірте-бірте менің айтқанымды кейін өзіме көзімді бақырайтып қойып айтатын болды. «Не мынау, кішкене өзіңе қарасайшы» деп жатсам да, тұрсам да айта берген соң комырауымды үлкейтуге шешім қабылдадым.


«Мен омырауымды үлкейтемін, бағасы 1 миллион екен. Пәленше деген клиентім жасатыпты. Күшті деп мақтады. Ақша тауып берсең – бер, бермесең өзім жинап, істетемін» дедім. Сол кездегі күйеуімнің көзінің жанғанын айта алмаймын.

«Рас па, клиентіңнің күйеуіне ұнап па? Менде қазір бары 300 мың, қалғанын өзің табарсың» деп қолыма барын ұстатып қойды. «Кішкентайымды омыраудан шығарып алайын, сосын жасатам» дедім. Ол кезде бөпем екі жасқа толайын деп қалған-тұғын. Сөйтіп жүргенде Ораза басталды. «Қой, ауыз бекітіп, Рамазан айын өткізіп алайын» деп күттім. Рамазан айы біте сала алтыншы балама аяғым ауырлап қалғанын қарашы. Көтергенімді өзім білмей қалдым.


Менің аяғымның ауырлағанын естігелі күйеуімнің көңіл-күйі түсіп кетті. «Қай жағыңмен ойлайсың осы сен?! Планның бәрін құрттың!» деп ренжіп, менімен сөйлеспей қойды. Содан бері қарым-қатынасымыз онша емес. Менен суып кеткенін сезіп жүрдім. Таң ата үйден шығып кеткеннен түнгі 2-3-ке дейін жұмысын сылтауратып жүріп алатын болды. Ұйықтап жатқанда телефонын аңдыдым. Жылан жалағандай етіп тазалап кіретінін қайтерсің. Менен суып бара жатқанының себебін біле алмай біраз уақыт дал болдым.


Ал білгенде... өмірден түңіліп кете жаздадым. Ең жақын деген құрбыммен жасырын кездеседі екен. Ол біздің отбасымыздың бір мүшесіне айналып, менің сіңлімдей боп ата-анамның ақ батасын алған қыз еді. Үлкен баламның кіндік шешесі атанған. Қуанышта да, қайғыда да бірге, бір нанды бөлісіп жеген құрбым күйеуі бола тұра менің күйеуімнің басын айналдырып алған екен. Ең сорақысы, олардың мейрамханада сүйісіп отырғанын үлкен балам көріп қойыпты.


Мен оны жақсы көретінім соншалықты, үйіме келсе қондырып, асты-үстіне түсіп, бар дәмдімді алдына қойып, бәйек болушы едім. Кішкентайынан бірге өскен құрбыман қиянат көрем деп ойламаппын. Жолдасыммен қарым-қатынасын, менің жақсы көретін құрбыма деген ықыласы деп қабылдаппын. Ал оның қылымси күлгеніне, күйеуімді көрсе өзгеріп сала беретін мінезіне аса қатты мән бере қоймаппын. Оның бәрі болары болған соң, санама автоматты түрде өзі кеп тұрып алды. Кино лентасындай сырғып, өткен күндер елесі көз алдымнан өткенде, соншалықты аңғал болғаныма, ештеңеден күмәнданбаған бейшаралығыма өкіндім.


«Сен тақтайсың! Расымен сондайсың, сенімен төсектес боп ешқандай ләззат ала алмадым! Тақтай екеніңді өзің де мойындаушы едің ғой. Енді маған не дейсің?» деп күйеуім бажырая бетіме қарағанда айтарға сөз таппай қалдым. «Сорлы, Жадыра! Естиін дегенің осы ма еді, өзің ғой жылдар бойы құлағына құйып, өзіңнің комплексіңді айқайлап айтып қойған. Ақыры күйеуің де соған сенді, енді кімге өкпелейсің?!» деп іштей өзімді мүжіп тастадым.


Мен құрбымды аяған жоқпын, күйеуіне айтып, екеуін ажырастырып жібердім. Бірақ өзім күйеуімді кешірдім. Алты баламды әкесінен ажыратқым келмеді. Бірақ қазір жаным күйзеліп жүр, ештеңеге зауқым жоқ. Үйдің тазалығы, бәрі жайында қалды. Сүлдерімді сүйретіп жұмысқа келіп-кетіп жүрмін. Басымды балаларым үшін көтеріп жүрген сияқтымын. Қашанға дейін бұлай боларын...


Өз өмірімнен шығарған қорытындым: ешқашан, ешкімнің алдында өз кемшілігіңізді айтпаңыз! Дене бітіміңізге, түр-әлпетіңізге көңіліңіз толмаса, оны сізден басқа ешкім білмеуі тиіс. Қысылып, ұялып, «күйеуім не ойлап қалады» деп уайымдап өмір сүруге тұрарлық еркек бар, тұрмайтын еркек бар. Өмірді күйеу үшін емес, өзің үшін сүрген дұрыс екен. Осыны о баста түсінгенде, мынадай жағдайға жол бермес едім».