Алматыда мотоцикл жүргізуші жұмысшыларды қағып кеткен: аман қалған әйелдің жағдайы айтылды

0
142

Жол апатынан кейін әйел өте ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.


Алматыда мотоцикл жүргізуші жұмысшыларды қағып кеткен: аман қалған әйелдің жағдайы айтылды

видео кадры

ERNUR.KZ. Алматыда мотоцикл жүргізушісі қағып кеткен үш жол қызметкерінің бірі - зардап шеккен әйел ауруханадан шығарылды, деп жазады tengrinews.kz.

Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, жол апатынан кейін әйел өте ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап, науқастың өмірін аман алып қалған.

Қазір оның жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.

Үш жұмысшыны қаққан мотоцикл жүргізушісі де ауруханаға жеткізіліп, күзет қойылған. Алматы Полиция департаменті мәліметінше, қазіргі уақытта ол да ауруханадан шыққан.

"Күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына орналастырылды", – деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, 9 сәуірге қараған түні Алматыда екі жол жұмысшысы қаза тапқан қайғылы жол апаты болды. Жол апаты түнгі сағат 01:30 шамасында Алатау ауданында болған. Жол апаты орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланды.

"Мотоцикл жүргізушісі Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатып, бір бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Қозғалысын жалғастырған мотоцикл жүргізушісі жол бойында тұрған үш жол жұмысшысын, екі ер адам мен бір әйелді қағып кеткен", – деп хабарлады полиция.

Екі ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, әйел түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.