"Әйелім мақтамайтын болған соң мен де көмектеспей қойдым"

0
385

"Күйеу - өз үйінде көмекші емес, үй шаруасы – оның да міндеті"


Сурет: amazon.com

"Жаңа жылда Алматыдағы досым қонаққа келді. Тамақ ішіп болған соң әйелім бізді оңаша қалдырып, өзі балаларды ұйықтатуға кетті. Шай қойдым. Біз түн ортасына дейін әңгімелестік" - ERNUR.KZ порталы тілшісіне бір жағдайды айтып берем деген жігіт ағасының әңгімесі осылай басталды.


"Әйелім бұл уақытта ұйықтап қалған. Досымның әңгімесін тыңдай жүріп, шай қайнағанша ыдыс-аяқты жуып тастадым. Қазандағы тамақты тоңазытқышқа салып, еденге төгілген суды сүрттім.

Досым таңғалып:

- Керемет күйеусің ғой. Ал мен мүлде үй тірлігін істемеймін, - деді.

- Неге?

- Бастапқыда мен де әйеліме көмектесетінмін. Бірақ ол мені мақтаған емес. Әйтпесе еденді де жууға, балаға қарауға да көмектесетінмін. Көмегімді бағаламаған соң көмектеспейтін болдым.

- Сен сонда өз үйіңде істеген жұмысты көмек деп түсінесің бе? Көмекке көршілерді, ағайын-туысты шақырады немесе үй тазалайтын компания қызметшілерін ақы төлеп істетеді. Әйелдерден «Бала қарауға көмекке әпкемді шақырдым», «Үйді ақтауға сіңлімді шақырдым» дегенді естігенмін, бірақ «Күйеуімді көмеккке шақырдым» дегенді естімеппін. Өйткені ол шаңырақта тұрмайтын адам келіп тірлігін істесе, оны «көмектесті» деп айтады. Ал күйеу өз үйінде көмекші емес, ол сол үйде тұрғандықтан үй шаруасы – оның да міндеті, жұмысы. Үйдегі істеген тірлігің - бұл «көмек көрсету» емес.

- Түсінбедім.

- Мысалы, мен шомылам, өйткені тәнім менікі, таза болғанын қалаймын. Мен кейде тамақ пісірем, өйткені мен тамақтанғым келеді. Мен балаға қараймын, өйткені олар – менің де балаларым, менің міндетім – олардың әкесі болу. Уақытым болса өз киімімді өзім үтіктей салам, өйткені бұл – менің киімім. Мен бұл үйде көмекші емеспін, мен осы үйдің бір бөлшегімін.

- Бірақ сонда да мақтап қойса, шабыттанып істер едім. Менің әйелім мақтауды білмейтін адам.

- Ал сен әйелің үй жинағанда, киімдеріңді жуғанда, төсегіңді салғанда, балаларды шомылдырғанда, тамақ пісіргенде әрдайым мақтау сөз айтып жүрсің бе?

- Жоқ!

- Неге?

- Енді үй шаруасы оның жұмысы ғой.

- Әйелдер де солай ойлайды. «Осы үйдің адамы болған соң, істейді» деген түсінікте. Рақметті, мақтауды көмектескен бөтен адамға айтады. Ал сен бөтен емессің.

- Өзім мақтаусүйер адам болған соң шығар, мен бәрібір әр жұмысымның бағаланғанын күтем.

- Ендеше алдымен сен оны мақта. Ол да сенен мақтау сөз күтеді. Оның істегенін күтіп отырма, қолың бос па – еденді сүрте сал, картоп арши сал. Өз үйіңде өзің қонақ болып жатпа. Сол үйдің бір мүшесісің бе, сен де үй шаруасын атқаруға міндеттісің,-дедім ашуым келіп. Досымның жүзіне барлай қарадым. Әй, бірақ ол менің не айтпақ болғанымды әлі түсінбеген сияқты..."