Шымкентте «ІЗГІ ІСТЕР УАҚЫТЫ» қайырымдылық форумы өтті

0
164


Шымкентте «ІЗГІ ІСТЕР УАҚЫТЫ» қайырымдылық форумы өтті

24-25 сәуір күндері Шымкент қаласында ерекше балалардың денсаулығына кешенді көзқарасқа арналған «Ізгі істер уақыты» қайырымдылық форумы өтуде.

“Ерекше балаларға медициналық көмек көрсету” бойынша ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстан мен Ресейдің сала мамандары, дәрігерлер қатысты. Жиын барысында сөз алған Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков ерекше балаларды емдеп, сауықтыруда кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Бүгінгі таңда 5 762 ерекше бала (аутизм спектрі, церебралды сал, эпилепсия, жүйке-бұлшықет аурулары, қабыну және тамырлы аурулардың салдары, оптикомиелит пен панэнцефалит спектрі, зат алмасу аурулары бар балалар) динамикалық бақылауға алынған.
Басқарма басшысы Н.Асылбековтің айтуынша, ең алдымен кадр даярлауға баса мән беріліп жатыр. Шымкент дәрігерлері екі жылдан бері Израиль, Турция, т.б. мемлекеттерде біліктілік жоғарылату курстарынан өткен. Емханалардың мамандарын да оқыту күн тәртібінде. Басқармаға қарасты мекемелердің психологтары кезең-кезеңімен оқытылып жатыр.
Аталған форум елімізде осымен төртінші рет өткізіліп отыр. “Ізгі істер уақыты” қайырымдылық қорының атқарушы директоры Елена Береговая Қазақстан мен Ресейдің дәл осы бағытта тәжірибе алмасуына себеп көп екенін айтады. Екі елдегі ерекше жандардың өмір сапасын жақсартуды көздеген ауқымды форумда ересек жастағы ерекше балалардың мәселесі кеңінен талқыланды. Өйткені, бұл тек балалық шақта тоқтатып қоя алмайтын созылмалы проблема.
- Біз жеке тәжірибесі, кейсі мол спикерлерді шақырдық. Олар тек теориялық түрде емес, практика жүзінде де тәжірибе алмасады. Нәтижесінде әрбір қатысушы өз жұмысына қолданар қажетті мағлұмат алып кетеді, - деп сөзін қорытындылады Елена Борисовна.
Бөлісу