«Бізді ешқандай пандемия да, індет те тоқтата алмайды екен, түк өзгерген жоқ»
иллюстрациялық коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды
Өткен жылдан бері әлемге дүрбелең әкелген пандемия тойшыл қауымға да, қуанышын көппен бөліскісі келгендер үшін тоқтау салғаны белгілі. Десек те жасырын той істеп ережені бұзғандар да жетерлік болды.
Бүгінде қауіпті індеттің беті қайтып, көптеген шектеулер алынып тасталған. Әсіресе тойға рұқсат берілгенде қуанғандар да көп болған шығар, сірә. Әрине, той бизнесі арқылы жұмыс істеп, отбасын асырап отырғандар үшін де бұл қуанышты жаңалық.
Бірақ шымкенттік Пәтима есімді әйел оған аса қуана қоймаған сыңайлы.
«Той деген жақсы ғой, барлық жөнімен, салтымен болса. Бірақ баласын туып, онысы жасына толайын деп қалғанда үйлену тойын жасау деген әбес емес пе?» - деп пікірін білдірді ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген әңгімесінде.
- Шынымды айтайын, үш тойға бардым, үшеуі де көңіліме қаяу түсірді. Бір той тіпті, бесік тойымен бірге өтті ме, онысын түсінбедім. Әйтеуір, ақ көйлек киген қалыңдықтың қасында бесікарба тербетіп сіңлісі тұрды. Баласы жылдың басында босанып қойған. Әйтеуір, той ма той болды.
Екіншісі де жастардың үйлену тойы екен. Оның да баласы бар, былтыр босанып алған көрінеді. Баласы ендігі жасына толғалы жатыр екен. Тағы бір аптадан соң сол баланың бесіктойы мен тұсаукесеріне шақырды.
Үшіншісі кәдімгідей түсте бесіктой болып басталған, бір сағат бесіктойдың салты орындалған соң ортаға әлгі баланың анасы ақ көйлек киіп шықты. Сөйтті де үйлену тойы басталды.
Аз ғана адамға, аз уақытқа рұқсат етілген тойға не үшін бардық, түсінбедім. Асығыс тамақ ішу, топтасып тілек айту. Бұрынғыдай емен-жарқын отыру деген жоқ. Осындайда жиналатын ағайын-туыс, жегжатыңмен қауқылдасып қалатын едік, ол да қалған. Тойға әкелген сыйын беру-алу ғана. Қалғаны суретке түсу, әйтеуір той иесіне көрініп кету секілді. Бәрі асығыс, бәрі жылдам. Тойдан емес көңілсіз жерге барғандай құлазып қайттым.
Бәрінің айтатыны бір сылтау. «Коронавирус болып тойларын жасай алмай қалып едік, жастардың көңілі қалмасын деп...» Балалы болған соң той жасау деген өте әбес көрінді маған. Қалыңдық деген тойдың аппақ көйлегін ең болмаса тұңғышын босанбай тұрып кимеуші ме еді? Ал бұл тойлар маған тек дүние шашу үшін ғана жасалған сияқты. Жастар үшін болса, оларға ерік берсең өздерінің ортасына көңілді отырыс жасап алушы еді. Бұл той тек даңғазалық пен ысырап секілді көрінді.
Осы айда бір ағайынымыз екі той жасағалы отыр. Бірінші қызын ұзатпақшы, артынша жазда түсірген келініне той жасамақ. Арасы бір ғана апта..
Бір жарым жылдай уақытта даңғазалық тыйылып, ас та төк тойлар азайып, халықтың қалтасы сәл де болса томпайып қалғандай еді. Жеке өзім осы карантин уақыты кезінде көптен жасай алмай жүрген жөндеуімді жасап, жиһазымды жаңартып алдым. Пандемия бізге үнемдеуді үйретті, артық шашылмауды түсіндіргендей еді. Ойлайтынмын, енді халық та соның қадірін біліп, енді қажетсіз тйолардан бас тартатын шығар деп. Бірақ олай емес екен.
Бізді ешқандай пандемия да, індет те тоқтата алмайды екен, түк өзгермепті. Одан сайны даңғаза болып бара жатқандаймыз.
«Жамандық шақырма, індет болғаннан той болсын» деп сөгеді осы ойымды біреуге айтсам. Иә, мен де індеттің түбімен жойылғанын, еркін жүргенімізді қалаймын. Бірақ артық шашылудың қажеті қанша? Қымбатшылық күйіп тұрған уақытта ретті-ретсіз той жасау орынсыз сияқты. Бұл ойыма көпшілік келісер ме екен?, - дейді ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Бүкіл байлығымнан бір жылда айырылдым»: алматылық азамат құмар ойынға қалай «кіріп» кеткенін айтты
«Күйеуім аяқ киімін шешкізеді»: шымкенттік келіншек мұңын айтты