​«Үш баласын маған аманаттаған екен»: шымкенттік бойжеткен құрбысының күйеуіне тұрмысқа шықпақ

0
18 401

«Нағашы әпкем мен үш баланы аяймын»


​«Үш баласын маған аманаттаған екен»: шымкенттік бойжеткен құрбысының күйеуіне тұрмысқа шықпақ
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күз келсе көңілім құлазиды. Үш жыл бұрын ковид деген бәле бөлемнің өмірін жалмаған. Содан бері күзді ұнатпаймын», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Жанель есімді бойжеткен.


Өзімен түйдей құрдас, құрбы болған бөлесін сағынышпен еске алған оқырманымыз ерекше бір оқиғаны баян етті. Және көпшіліктен кеңес сұрап отыр.


«Асылай екеуміз бала күннен айырылмастай дос болдық. Ол менің бөлем. Әпкем күйеуімен ажырасып, Қызылордадан біздің үйге көшіп келгенде бес жасар қыз едім. Асылайды мамам менің бақшама орналастырды, одан мектепке бірге бардық. Жұбымыз жазылмаған. Сырласым да, көңілімді көтеретін де, ақыл-кеңесін, көмегін аямайтын ең жақын адамым болатын. Өзімнің бірге туған бауырларымнан ондай жақындықты сезбеп едім.


Біз жоғары сыныпқа өткен жылы нағашы әпкем үй алып, олар бізден бөлек кетті. Бірақ бір мектепте оқығасын арамыз алыстай қоймады. Бөлем екеуміз бір университетке оқуға түсіп, небір қызықты бастан кешірдік. Тіпті оның күйеуі Ғалымжанмен қалай танысқанын, екеуінің арасындағы махаббатты да менен артық білетін адам жоқ.


Асылайдың жігіті анасынан ерте айырылып, нағашы әжесінің қолында өскен екен. Бірақ өте тәрбиелі, білімге құштар жігіт еді. Грантқа оқуға түскен, стипендиясынан айырылып қалмау үшін барын салып оқитын. Үшінші курсқа өткенде Асылайға сезімін білдіріп, екеуі жүре бастады. Ал диплом алған жылы екеуі үйленді.


Бөлемнен осылайша арамыз алыстап кетті. Ол ауылға келін боп түсті. Әжесі «бір жыл менің жанымда боп, қызметіңді жасаңдар, одан кейін қалаған жақтарыңа кетесіңдер» деп шарт қойған екен. Ғалымжан мен Асылай ауылда тұрып, әжесінің қас-қабағына қарап, сол жерде қызды болды. Әжесі әулие кісі болған ба дедім ғой, бір жылдан кейін өмірден өтті де, бұлар қалаға, нағашы әпкемнің қолына көшіп келді.


Ғалымжан пысық боп шықты, «қайынжұртта тұрғаным ұят» деп тырмысып, ипотекаға үй алды. Күні-түні тынбай жұмыс істейтін, қолы қалт етсе таксист боп та ақша табатын. Екеуінің әп-әдемі үй боп кеткеніне бәріміз іштей қуанып, әсіресе нағашы әпкем марқайып отыратын. Асылайдың тапқан үш баласы үшін жанын беруге әзір, екеуі жұмыста кезде немерелерін бағып, асты-үстіне түсіп кете жаздайтын.


Олардың бақытты күндері осылай жалғаса берер ме еді, әлгі ковид деген бәле келіп, Асылайды алып түсті. Қайдан жұқтырғанын білмейміз, ыстығы түспей, сандырақтап екі аптадай алысты. Ол кезде аурухананың бәрі адам тола, дәрі жетпей, жанталасып жатқан шақ еді ғой. Әпкем мен Ғалымжан шарқ ұрып дәрісін іздеп, барынша күтім жасағанымен бөлем сауығып кетпеді.... айырылып қалдық.


Асылай өте зерек, алдағы күнін болжап, жоспарлап отыратын қыз еді. Бұл жолы да қарап жатпай күйеуіне өсиет айтып кетіпті.

«Менің күнім санаулы сияқты. Ауа жетпей қиналып жатырмын. Олай-бұлай боп кетсем сен балаларға бас-көз бол. Тағы бір өтінішім бар, мамамды жалғыз қалдырма, немерелерінен ажыратпа. Мен кеткесін үйленетінің анық, қашанғы жалғыз жүресің. Жақсы әйелге үйленіп, мамамды қолыңа ал. Ол балаларды жылатпай қарайды. Маған салса Жанелді ал дер едім, бірақ ол бұған келіспейтін шығар...» деп тапсырып, ойын айтып кетіпті.

Ол кезде ауырған адаммен көрісу де мүмкін емес еді ғой. Асылай бұл өтінішін маған айтпады. Бәлкім жазылып кететініне сенген шығар.


Бөлемнің қайтқанына екі жыл болғанда Ғалымжанға бәріміз «үйлен, балаларға ана керек» деп қолқаладық. Асылайды сүйіп, одан басқаға мойын бұрмаған адамға үйленетін адам таба салу оңай деймісің, біраз уақыт сандалып жүріп алды. Ақырында нағашылары бір қызды көрсетіп, сонымен бас құрады. Нағашы әпкем олармен тұруға көнбеді. Тек аптасына бір рет барып, немерелерін көріп тұратынын айтты.


Бірақ Ғалымжанның екінші әйелі жақсы шықпады, үш баланың тоз-тозы шығып кетті. Тірлікке ебі жоқ, салақ біреу екен, мұнтаздай тап-таза үйді бес-алты айдың ішінде тоздырып жіберген. Балалар да оған жуымайды екен. Бәлкім қол көтерді ме, Ғалымжан ол жағын ашып айтпады. Тек әйелімен жараспайтынын, ажырасатынын айтып, үйінен біржола қуып шықты.

Енді ол мені мазалап жүр. «Асылай өмірден өтерде сені айтып кетіп еді, бұл оның соңғы өсиеті болатын. Сен бұған қалай қарайсың, екі жарты бір бүтін болайық» деп сөз салып отыр. Әзірге мұны екеумізден басқа ешкім білмейді. Менің ата-анам қарсы болары анық. Бірақ жан құрбымның, бөлемнің соңғы сөзі болғасын әрі-сәрі күйде жүрмін. Үш баланы ерекше жақсы көрем, үлкені үшінші сыныпқа барып қалды. Тағы бір жаман әйелге үйленсе, балаларға оңай тимейді-ау...


Не істемек керек, бөлемнің аманатын орындап, үш балаға ана болайын ба, әлде арадағы сыйластықты суытпай, өз жөніммен жүргенім дұрыс па? Көзі қарақты оқырманның кеңесі керек боп тұр».