«Ата, үйге жүріп жаңғақ егіп беріңізші. Ана жаққа кетуге дайындалып жүрген қарияға еккізеді деген ырымы бар екен ғой», - деп салғаны...
Редакцияға хабарласқан оқырман кейбір жастардың қазақ халқының арасындағы наным-сенімінің астарын түсінбей өздерін де, басқаларды адастырып жүргенін айтты.
Өзін Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан екенін айтқан Болат есімді азаматERNUR.KZ тілшісіне өзінің жасы 80-нен асқан әкесінің көңілін қалдырған оқиға туралы айтып берген болатын.
- Бұл оқиға өткен жылы көктемде болған еді. Былтырғы жылды өзіміз мына бір індеттен үрейленіп бастаған жоқ па едік? Әйтеуір, елге пандемия деп жарияланып, қатаң карантин енгізілген болатын. Қолымда қарт әкем бар. Басымдағы алтын тәжім де, төрімдегі алтын тағым да сол кісі. Анамнан ертерек айырылған мен әкемнің басынан құс ұшырып өткізбеймін. Әсіресе, кешегі індеттің жайлаған уақытында бар күтімін жасап, жұқтырып алмаудың бар шарасын сақтап-ақ бақтым.
«Е, Жаратушым алам десе қазір кетер едім. Ажалым осыдан болса, көріп алдым. Уайымдай берме, балам!», - дейді мен шыр-пыр болған сайын. Кемпіріне асыға ма, қайдам?!, - деп әзілдеп алған Болат жастарға деген ренішін де жеткізді.
Оның айтуынша, қазақтың салт-дәстүрі мен тәрбиеге негізделген тыйымдарды айтып отыратын үлкендер аз көрінеді. Үлкендердің өзі біле бермейді және өзінен кейінгілерге білдіруге тырыспайтын да көрінеді оның сөзінше.
- Бір ғана оқиғаны айтып берейін. Сол өткен жылдың наурызында бәріміз үйге қамалдық. Жұмысымызды үйден жасап, онлайнға байланған кезіміз еді. Үйде болған соң ең бірінші ермегің де, көктемдегі атқарар негізгі шаруаң да бау-бақшаң болмай ма? Біздің жақта күннің көзі жылт етсе бақшада қыбыр-ыбыр тіршілік басталады ғой.
Әкем екеуміз қолға күрек алып көшет отырғызып, ауланы реттеп жүргенбіз. Көшенің басында тұратын алыстау ағайынның баласы келді үйге. Амандық сұрасқан соң бұйымтайын айтты. Айтқанда да, кәрі кісінің бетіне төрінен көрі жақын екенін айтып салған інімді ұрып жібергім келді.
«Ата, үйге жүріп жаңғақ егіп беріңізші. Ана жаққа кетуге дайындалып жүрген қарияға еккізеді деген ырымы бар екен ғой», - деп салғаны.
Ә дегенде әкем де, мен де түсінбей қалдық. Сосын әкем жай күрсінді де, «жарайды, балам» деп маған иек қақты. «Менімен жүр» дегені. Мен ашуланып, «әй, не деп тұрсың өзің?» дей бергенім сол еді, әкем жөтеліп қалды. Маған «сабыр» деген белгі бұл. Оң қолын көтерді де, таяғына сүйеніп сыртқа қарай жүре берді. Үнсіз соңынан ердім. Бірақ әкеме «жақында өлесің» деген емеурін айтқан анау ініме зығырданып қайнап барады.
Әкем сабырмен әлгі інімнің көлігіне мінді, үшеуміз жас шаңырақтың ауыл шетіндегі жаңадан соққан үйіне келдік. Үш түп жаңғақ көшетін әкеліп, орнын да қазып дайындап қойыпты. Әкем бата жасап, бет сипады да, күрек алып іске кірісіп кетті. Көмектесейік деген ниетімізді де қайтарып тастады. «Жақсылап көріп алыңдар» деп жаңғақты қалай отырғызу керек екенін түсіндірді. Сөйтті де, айналдырған жарты сағат ішінде шаруаны тындырып тастап, сәкіге жайғасты.
Болаттың әкесі жас жігітке көшет отырғызуды ғана емес, жаңғақты неге қарияға еккізетінін де түсіндіріп айтыпты.
- «Жаңғақты «өлуге жақындаған» қарияға еккізеді» дегенді бірінші рет естіген екенмін. Менің білуімше, кемінде 500 жыл жасайтын жаңғақты көп жасаған, көпті көрген қарияға еккізеді. Бала күнімнен естіп өскем әкемнен. Әкем де соны айтты. «Қай жерде қалай сөйлеу керектігін білмесең, әлдекімнен таяқ та жеп қалуың мүмкін, балам. Мен ғой, өз атаңмын. Бірақ бөтен біреуге осылай десең, ұят болмай ма? Рас, төрімнен көрім жақын қалды. Қай күні кететінімізді бір Алла біледі, әйтеуір көп өміріміз қалмағанын жақсы білеміз. Бірақ, қария да бір бала, сен де, сенің әке-шешең де менің жасыма жетеді. Сол кезде «бәрібір өлесің ғой» деген сияқты сөзді естігенді қалар ма едің? Сөздің төркінін түсініп үйрен, қарағым. Ал сен ашулана бермей осындай інілеріңе жөн сілтеп отыратын жасқа жеттің», - деген әкем мені де пышақсыз іреп алды.
Сөйтті де, жаңғақты қариядай көпті көрсін, көп жасасын, үрім-бұтағы жайылғандай мол жеміс беріп, тамырын тереңге жайсын деген сеніммен жасы үлкен қарияларға еккізетін бағбандардың ырымы барын да түсіндіріп берді, - дейді Болат.
«Расында, тік сөйлейміз деп аттан түскендей етіп бара жатырмыз. Кісінің көңіліне қарау дегеннен де жұрдай боп бара жатқан сияқтымыз. Жөн сілтейтін ағалардың барында солардан тәлім алып үлгерсек, қанекей», - деп Болат болашақ үшін де алаңдайтынын білдірді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қайын атамды күйдіріп қойдым»: Оңтүстіктің келіні не себепті халат кимейтінін айтты
«6 миллион теңгеден айырылдық»: Алматылық отбасы ақша үшін туған жерінен көшіп кеткен