​20-20-20 формуласы ӨМІРді ӨЗГЕРТеді

0
5 081

Нәтижесі бір-ақ айда байқалады.


​20-20-20 формуласы ӨМІРді ӨЗГЕРТеді

Бүгінінен ертеңі жақсы болғанын қаламайтын адам жоқ шығар сірә?! Өмірін, сымбатын, дағдыларын өзгерткісі келетіндер көп-ақ. Алайда оның көбісі неден бастарын білмей жүргендерін айтады.

Ал әлемге белгілі мотиватор Робин Шарма өмірді өзгертуді спортпен шұғылданудан, әр күннің уақытын жоспарлаудан және білімді жетілдіруден бастаңыз дейді.


1. Спорт

2. Әр күнді, уақытты жоспарлау

3. Оқу-білім

Робин Шарма айтпаса да бұл үшеуіне бірдей көңіл мен уақыт бөлсеңіз, сымбатыңыз да, өміріңіз де басқаша болатынын білесіз. Бұл үшеуімен күнде айналыссаңыз, ертеңгі өзіңіз бүгінгі өзіңізден әлдеқайда алда болатынын да білем дейтін шығарсыз. Ендеше, не кедергі?

Робин Шарма «Өзіңді дамытуға, өзгеруге не кедергі?» деген сұрақты тренингке қатысушыларға қойғанда, 90 пайызы «Уақыт жоқ», «Бүкіл өмірім бала-шағаны асыраумен өтіп жатыр, өзіме уақыт табу мүмкін емес» деп жауап береді.

Уақыт таппай, уақыт жеткізе алмай жүргендерге Р. Шарма «20/20/20» формуласымен жұмыс істеуді ұсынады. Нәтижесінде Робин Шарманың бұл формуласы қаншама адамның көшбасшылық, тұлғалық, қаржылық дамуына көмектесіп, талайдың өмірін, денсаулығын, кәсібін жақсартқан екен. Сіз де қолданып көріңіз.

Қиын емес! Ол үшін таңертең күнде әдеттегіден 1 сағат ерте тұрып, түнде 1 сағат ерте жатасыз. Таңғы 1 сағат уақытыңызды өзіңізге арнауды үйренесіз.



20/20/20 формуласының ЕРЕЖЕСІ

Фото: www.sbs.com.

«Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады» деген қанатты сөзді білетін шығарсыз. Ал Робин Шарма «Бір күніңіздің қалай өтетіні ұйқыдан оянғаннан кейінгі бір сағатқа байланысты» дейді.

Сонымен Робин Шарманың бұл техникасының ережесі қандай?



1 ҚАДАМ

Үйіңіздегілерден бір сағат ерте тұрыңыз. 1 сағатты, яғни 60 минутты үшке бөліп (20+20+20), алғашқы 20 минутты физикалық дене жаттығуларына арнаңыз. Басты мақсат – терлеу, осыны есте ұстаңыз.

Барлық денеге арналған комплексті жаттығулар жасаңыз, секіртпемен секіріңіз. Немесе планкаға тұрыңыз, я болмаса аулада үйді бірнеше рет айналып жүгірсеңіз де болады т.б.

Әр күні әр түрлі жаттығу жасауға да, немесе өзіңізге ұнайтын жаттығулар топтамасын орындауға да рұқсат. Тек 20 минут бойы қимыл-қозғалысты тоқтатпай, нәтижесінде денеден бұрқ етіп тер шығу керек.

Гарвард оқымыстыларының зерттеуінше таңертең ұйқыдан тұра салып терлесеңіз – мидағы BDNF деп аталатын химиялық зат нейрондардың бір-бірімен байланысын белсендіреді екен. Сонымен қатар ағзада дофамин гормоны бөлініп, ол зиянды картизол гормонының көп бөлінуін тежейді.

Дофамин – «бақыт гормоны» деп те аталады. Демек дофамин гормонының арқасында күні бойы сергек, көңілді, қуатыңыз тасып жүресіз. Ал бұндай адамның жұмысы өнімді, ойы ояу, жүйкесі тыныш болады.



2 ҚАДАМ

Фото: assets.entrepreneur.com

Дене жаттығуына бөлінген 20 минут өтті ме, тоқтаңыз. Келесі 20 минутты таңнан кешке дейін атқаратын жұмыстарыңызды жоспарлап жазуға арнайсыз.

Міндетті түрде әр күннің жоспарын қойын дәптерге жазыңыз және сол бойынша жұмыс істеңіз. Бұл уақытты үнемдеуге, оны пайдалы істерге жұмсауға үйретеді. Сондай-ақ айларды, бір жылды жоспарлап, қол жетпес боп көрінген арман-мақсаттарыңызға қалай жақындағаныңызды аңғармай да қаласыз.

Әрине бір жыл бойы күнде таңертең өмірлік мақсатарыңызды ойлап, оған қарай күнде бір қадам жасап отырсаңыз, дегеніңізге жетпей қоймасыңыз белгілі.



3 ҚАДАМ

Келесі 20 минут оқу-білімге арналады. «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізде» деп бекерге айтылмаған. Қасиетті Құранның ең бірінші түскен аятының «Оқы» делінгені де текке емес. Адам заман талабына ілесіп, қанша жаста болса да ізденіп, өз саласы бойынша білімін жетілдіріп отырса одан асқан білгір маман, дана ана (әке) болмаса керек.

Сонда не оқимын дейсіз бе? Егер оқушы немесе студент болсаңыз, оқытушы берген үй тапсырмасын қайталаңыз. Тіл үйренуші болсаңыз, жаңа сөздерді қайталап шығыңыз. Өз мамандығыңызға байланысты кітап оқыңыз. Немесе ән мәтінін жаттаңыз т.б.

Ғалымдардың зертетуінше, кез келген жаңа нәрсені үйрену, жаңа хобби мидың жұмысын жақсартып, есте сақтау қабілетін арттырады екен.

Робин Шарма ұйқыдан тұрғаннан кейінгі алғашқы бір сағатты «қасиетті сағат», «сиқырлы сағат» деп атайды. Оның айтуынша, жетістікке жеткен, есімі әлемге әйгілі бизнесмендер, миллионерлердің бәрі де таңғы бір сағатты өзінің сымбаты мен тұлғалық дамуына арнайды екен. Олай болса, сіз де бұл қасиетті бір сағатты өзіңізге арнауды үйреніңіз.



Бар-жоғы бір-ақ сағатты арнау арқылы денсаулығыңыздың, өміріңіздің, жұмысыңызды жақсарғанын бір айда-ақ байқайсыз. Сонымен өзгеріске дайынсыз ба?


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Негатив пікір жүйкеге тисе не істеу керек?


Кез келген ұрыс-керісті тоқтататын сиқырлы 5 сөз