Ренжіткен адамға сол сәтте-ақ не үшін ренжігеніңізді айтсаңыз, ол көңілде кір боп сақталмайды. Ал, сыртқа шықпаған реніш, өкпе көңілде жинала береді. Ол сыртқа шықпайынша токсинді зат секілді жаныңызды улайды. Одан құтылу үшін мынандай екі терапияға жүгініп көріңіз!
фото: yandex.kz
Некеде, қызметте, жалпы жеке өмірде бақытсыздық пен сәтсіздіктің ең басты себебі – әлдебіреуге, әлдеңеге деген реніш, өкпе, кекті көңілде сақтау. Осылай дейді психиатр және психолог мамандар. Бұл да ағзада жылдар бойы жиналатын шлак сияқты. Шлактан ішектерді жуу, диета арқылы тазарасыз. Ал, көңілдегі кірді қалай «жуып» кетіруге болады?
Бұл орайда сізге мынандай екі психологиялық терапия көмектеседі!
1-әдіс: «Хат жазу» терапиясы
фото: myonlineclinic.com
Мұң-шерді іштен шығарудың бір жолы – хат жазу. Яғни, айта алмаған сөзді қағаз бетіне «шығару».
МЫСАЛЫ: Анаңызға ренжулісіз делік, бірақ, оны айта алмайсыз, я болмаса бала кезіңізде өміріңізде орын алған қайғылы бір оқиғаны ұмыта алмай жүрсеңіз, оны дәптерге жазыңыз. Ешкімге оқытпайсыз, тек өзіңіз оқисыз. Жаза беріңіз іштегі шер тарқағанша, сосын өртеу керек.
Анаңызға, енеңізге немесе күйеуіңізге, бауырларыңызға деген ренішті де қағаз бетіне түсіру керек. Алдымен, көңіліңізге кірбің салған адамның біреуіне хат жазасыз.
1) Мысалы, анаңызға «мама, есіңізде ме, мені ренжіткеніңіз... Сол кезде мен сізге қатты өкпелегенмін...» деп, сол бір оқиғаны, ренішіңізді, эмоцияңызды бәрін жазыңыз.
2) Сосын мамаңыздың атынан (мамаңызға оқытпайсыз) өзіңіз өзіңізге арнап жауап хат жазасыз. «Қызым, кешір. Мен сені жақсы көрем. Сен өмірдегі ең жақсы перзентсің. Саған ризамын...» деген секілді жауап болуы керек.
3) Қайтадан сіз анаңызға «Анашым, ия, мен де сізді жақсы көремін. Сіз әлемдегі ең жақсы анасыз...» деген сыңайлы сөздермен бар махаббатыңызды арнап хат жазасыз.
4) Хаттарды міндетті түрде өртеп, күлін желге ұшырып жіберіңіз.
Осылай сіз ұзақ жылдан бері ренжіп жүрген адамдарыңызбен диалог құрып хат жазысып (олардың қатысуынсыз), кешірім сұрайсыз, кешірсеңіз, тек өмір жолыңыз ашылып қана қоймайды, тіпті кейбір кеселдер де өздігінен емделеді екен.
Бір рет ғана емес, көңіліңіздегі кірбің кеткенше, «хат жазу» терапиясын жасап, қайталап жаза беру керек.
Есте ұстаңыз: Хатты өртеп, күлін желге ұшырып жіберуді ұмытпаңыз.
2-әдіс: «Гүл сыйлау» техникасы
Бұл терапияны мотиватор, рухани лектор Жанар Байсемізова көңілде қордаланып жиналған реніштен құтылу үшін ұсынады.
Ұзақ жылдан бері сізді ренжіткен адамдардың барлығына күнде ойша десте-десте гүл сыйлап отырасыз. Ренжіткен, өкпелеткен жандарға күнде себепсіз-ақ гүл сыйлай беріңіз.
Ойша гүл сыйлау техникасында сіз гүл сатып алмайсыз. Бұны автобуста отырып та, көшеде кетіп бара жатып та жасауға болады. Неғұрлым бұл тәсілді көбірек орындаған сайын, жүрегіңізде жиналған реніш мұзы да біртіндеп ери бастайды.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Өткенді ҚАЛАЙ ұмытуға болады? (жаттығу)