Неге бұларды түнде істеуге БОЛМАЙДЫ?

0
35 408

«Түнде ақша беруге, алуға болмайды», «Түнде үйден қоқыс шығаруға болмайды», «Түнде айнаның бетін ашық қалдыруға болмайды», «Түнде тырнақ алуға болмайды», «Түнде үйді сыпыруға болмайды»... Неге болмайды? Нақты жауабын білесіз бе?


Неге бұларды түнде істеуге БОЛМАЙДЫ?

Бұрын ата-әжеміз бізге айтқан тыйымдардың кейбірін бүгінгі балаға айтуға бола ма? Мен қарсымын.

Мысалы, «Түнде тырнақ алуға болмайды» деген тыйым бұрын электр жарығы жоқ кезде, ата-бабамыз майшаммен отыратын, киіз үйде тұратын шақта айтылған. Ол уақытта тіпті ұстара да, қазіргідей тырнақ алуға арналған құрал да болмаған. Шаппамен тырнақ алған деседі. Қараңғыда саусағын кесіп алмасын, тырнақ тамаққа түсіп кетпесін деген мақсатта түнде үйде тырнақ алдырмаған. Ал, бүгінде электр жарығы бар, асүй, жуынатын бөлме бәрі-бәрі өз алдына бөлек. Сондықтан да, қазіргі уақытта түнде тырнақ алуға не үшін тыйым болуы керек?

Меніңше, «Түнде үйді сыпыруға болмайды» деген тыйым да «Қараңғыда қажетті нәрсе қоқыспен шығып кетпесін» деп айтылған ғой бұрын. Ал кейбіреулер «Үйдің берекесі сыпырылып кетеді» дейді...

Мұндай тыйым сөздерді сіз де бала кезден естіп өскен боларсыз. Қазір «ата-ана» атанып отырған шақта бұны ұл-қызыңызға айтып жүрген де шығарсыз?! Алайда балаңыз «неге болмайды?» деп сұраса, не деп жауап бересіз?

Меніңше, бүгінгі білім мен ғылым дәуірінде «болмайды» дегенді анықтап түсіндіре білген жөн. Дұрысы, жауабы жоқ наным-сенім, ырым-тыйымдармен баланың миын ашытқанша, нақтыны және қажеттіні ғана үйрету қажет. Сонымен, бүгінгі заманның баласына түнде не «болмайды»?


1. Түнде көшеде жүруге болмайды!

НЕГЕ? Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 442-бабының 2-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған бала түнгі уақытта үйден тыс жерде ата-анасының бақылауынсыз жүруге болмайды. Яғни, түнгі сағат 2300-ден таңғы 0600-ға дейін заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз ойын-сауық орындарында, кафе-мейрамханаларда, вокзалда, дүкендерде, тіпті, көпқабатты үйлердің аулаларында да жүруіне тыйым салынады.

ӘЙТПЕСЕ... Бірінші ата-анасына жазбаша ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталанса, баланың ата-анасына (болмаса заңды өкілдеріне) 5 АЕК айыппұл салынады. Қазақстанда 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап 1 АЕК=2405 теңге, олай болса 5 АЕК=12025 теңге.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін кәмелет жасына толмағандар құқық бұзушылық әрекетті жылына 2 рет қайталаса, жергілікті ішкі істер бөліміне тіркеуге алынып, 18 жасқа дейін есепте тұрады. Ал, егер сонымен қатар, жасөспірімнің алькоголді ішімдік ішкені анықталса, наркологиялық орталыққа 4 айға есепке алынады.


2. Түнде тыныштықты бұзуға болмайды!

НЕГЕ? ҚР Әкімшілік Кодексінің 437-бабына сәйкес, түнгі сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн жеке тұлғалардың демалысы мен тыныштығына кедергi келтiруге болмайды. Яғни, көршілердің тыныштығын бұзатын істерге тыйым салынады. Оларға: көңілді отырыстар, айқайлатып музыка қою, дүрсілдетіп пәтер жөндеу, ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісі, отбасылық жанжалдар, тұрғынүй жайларының сыртында түнде жүргізілген құрылыс т.б. жатады.

ӘЙТПЕСЕ... Жеке тұлғаларға – 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде сол әрекет қайталап жасалынса, онда айыппұл мөлшері өседі.


3. Түнде ұйықтамауға болмайды!

фото: kevinmd.com

НЕГЕ? Біреулер түнде жұмыс істеу өнімді деп, күндіз ұйықтағанды жөн көреді. Сіз де түнімен жұмыс істейтіндердің санатынан болсаңыз, «Түн мен күнді ауыстырып алғанымнан денсаулығыма келер зиян жоқ» деп ойласаңыз, қателесесіз. Иә, ағзаның ауруға қорғаныстығын арттыруға қатысатын мелатонин гормонын эпифиз безі тек ұйқы кезінде бөлетінін білетініңізге күмәнім жоқ. «Ол гормон бөлінуі үшін күндіз ұйықтап жүрмін» дейтініңізді де білем. Алайда, ғалымдар бұл гормонның тек ұйқы кезінде емес, қараңғыда жақсы бөлініп, сағат 21-ге қарай артып, таңертең сағат 9-ға қарай төмендейтінін айтады. Демек, мелатониннің дұрыс бөлінуі үшін, жарықты сөндіріп ұйықтау керек, сонымен бірге міндетті түрде түнде ұйықтаған жөн.

Ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мелатонин гормоны жеткілікті ағзаның онкологиялық және жұқпалы ауруларға, қартаюға қарсы тұру қабілеті жоғары деңгейде болатындығы анықталған.

ӘЙТПЕСЕ... Ағзада үнемі шаршап-шалдығу, апатия, агрессия, мазасыздық, әлсіздік, терінің ерте әжімденуі, жүрек аурулары, қатерлі ісіктер, басқа да дерттер пайда болады.


4. Түнде тамақ ішуге болмайды!

НЕГЕ? Өйткені, түнде ағзаның барлық мүшелерінің жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Бұл кезде асқазан асты қорытуға тырысар, бірақ ол толық қорыта алмайды. Дұрыс қорытылмаған ас қанға дұрыс сіңбейді.

МЫСАЛ: Түнде балаларыңызды ұйықтатып, киіміңізді шешіп, тісіңізді жуып, жарықты сөндіріп, басыңызды жастыққа енді қоя бергеніңізде есік қоңырауы безілдей жөнелсе... бұл сізге қалай әсер етеді? Мекенжайдан қателескен әлдебіреу болса, қайтадан көңіліңіз тынышталып, әйтсе де ашулана келіп төсегіңізге жатасыз. Ал, түнде тойдан қайтқан дос-құрбыларыңыз болса ше?

Іштей «Осыларды түсінбеймін, өздері ұйықтамаса да жұртқа ұйқы берсе қайтеді?» деп ренжисіз. Бірақ, жақтырмасаңыз да, шаршап тұрсаңыз да сүйретіліп жүріп дастархан жайып, күтіп аласыз. Сосын ұйқысырап жүріп ыдыстарды жуасыз. Түнде жеген асты ағзаңыз дәл осылай амалсыздан қабылдайды.

Түнімен қонақ күтіп ұйықтамаған сіз ертеңіңе белсенді жұмыс істей аласыз ба? Жоқ, жұмысқа келді деген атыңыз болмаса, ешнәрсеге шамаңыз келмейді. Үнемі түнде тамақ жейтін адамдардың ағзасының жұмысы осыған ұқсайды.

Меніңше, осыларды әр ата-ана перзентіне үйретіп, жасөспірім жастағы баласының түнгі тәртібіне жіті көңіл бөлгені дұрыс, ал, әр бала өз ағзасының биологиялық ритм тәртібіне көңіл бөлгені абзал!

Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Миыңыз «ашып» кеткенде көмектесетін 7 әдіс

5 қатені жөндесеңіз, айтқаныңыздың бәрі орындалады