НЕЛІКТЕН ренішті ҰМЫТЫП КЕТУ керек

2
5 059

​Ренішті оқиғаларды санадан өшіру бұ дұниеде ғана емес, о дүниеде де жеңілдік билетін алуға көмектеседі екен.


НЕЛІКТЕН ренішті ҰМЫТЫП КЕТУ керек

«Мен неге оны кешіруім керек?», «Жылаған күндерімді ұмыта алмаймын, оп-оңай кешіре салады деп ойлай ма?» деген сөздерді айналаңыздағы туған-туыс, дос-жарандардан естіп жүрген боларсыз. Өзіңіз ше, сіз де жаныңызға ауыр тиетін сөз айтқан, сатқындық жасаған адамдарды кешіре алмай жүрсіз бе?

Барлық дінде егер өзгені кешіре алмасаңыз және кешірім сұрағыңыз келмесе, онда ғибадаттарыңыз толық болмайды делінеді. Психология ғылымында да жаныңыз тыныштық тауып, өмірдің рахатын толық сезіну үшін реніштерді ұмыту керектігі айтылады.



Түсінікті болу үшін психолог мамандары пациенттеріне жиі айтатын мысалды келтірейік.

МЫСАЛ: Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, аналық парызынан құтылған бір әйел қарттық жасқа жетіп, өлімді күтіп жүреді. Бір күні оған Өлім періштесі келеді. Әйел «Мен Жәннатқа баруға дайынмын» дейді.

- Жәннатқа баратыныңа сенімдісің бе? - деп күледі періште.

- Мен сияқты тағдыры тауқыметке толы адам аз шығар?! Қиналсам да тағдырыма көндім, шыдадым. Барлығын сабырмен қабылдадым. Күнде құдайға құлшылық жасадым. Көп ауруды да көтердім. Бұ дүниеде ұйқым аз, жұмысым көп болды. Енді арғы дүниеге барып тыныштықта демалғым келеді. Жәннаттың кәусар бұлағынан су ішуге, демалысқа лайықтымын деп ойлаймын, - дейді әйел.

- Қиындықтарыңның бірқатарын айтып берші.

- Кішкентай кезімнен бастап тағдыр сынақтарын үйіп берді. Ата-анамның тарапынан әділетсіздік көрдім. Олар ғана емес, мектепте балалар да мені ұрды, мазақтады, бөлектеді.

Тұрмысқа шыққаннан соң өмірім өзгерер, ата-анамнан көрмеген мейір-махаббатты күйеуімнен алам деп ойлап едім. Бірақ ол да төмендету, ұру, сатқындықтан көз аштырмады. Зейнет жасына шыққанша бастығымнан, әріптестерімнен теперіш көрдім. Үнемі айқайлау мен жекіру, сынау-мінеу... Одан қалса ұл-қыздарымнан да дөрекі сөз естідім. Тым болмаса, құрбыларым мен көршілерім жылы сөз арнай алмады. Олар сыртымнан өсек-аяң айтты, әрбір ісімді, жүріс-тұрысымды сынады. Тіпті бірде түнде сөмкеме жармасқан ұры жалақым мен телефонымды алғанымен қоймай, аямай тепкілеп кетті...

- Көрген қорлығың, жамандық аз болмапты. Ал сен өзің не жақсылық жасадың? - деп сұрайды періште.

- Ұл-қызыма өмір сыйладым. Күйеуіме, ата-енеме адал қызмет еттім. Ешкімнің ала жібінен аттамадым. Біреудің ақысын жемедім. Ғайбат сөз айтпадым. Мен әрқашан айналамдағы адамдарға, тіпті жануарларға, құстарға мейірімді болдым. Жағдайы менікінен нашарларға садақа бердім... - дей бергенде, періште оның сөзін бөліп:

- Иә, амал дәптеріңді парақтап отырсам, ешкімге зиянын тимеген екен. Жарайды, Жәннатқа жолдама жазып берейін. Бірақ ол үшін мынау келісім-шартқа қол қоюың керек. «Келісем» деп жазсаң жетеді, - деп бір қағазды ұсынады.

Әйел парақтағы екі ауыз сөйлемді оқиды да жыларман боп:

- Өмірден көрген қиындығым аз емес қой, неге тағы да қинап отырсыз мені?! Мен бұнымен келіспеймін! - деп ашуланады.

Ал қағазда былай деп жазылған екен: «Мені ренжіткен барлық адамды кешіремін. Сондай-ақ олардан кешірім сұраймын».


Осы мысалдағыдай, көп адам «Олар кешіретіндей әрекет жасаған жоқ әлі», «Алдыма кеп кешірім сұрағанын қалаймын», «Түк болмағандай оның іс-әрекетін ұмыта салғым келмейді», «Ал мен одан кешірім сұрайтындай жамандық жасаған жоқпын...» деп жүр.

Егер сіз де осындай ойда жүрсеңіз, ойыңызды өзгертпейінше жаныңыз азаптала береді, ыза мен кек кеудеңізден кетпейінше, ол жерге сүйіспеншілік, тыныштық «келе алмайды».

Өлгеннен соң қайда барарыңыз (Жәннат, Тозақ...) бір Алланың құзыретінде. Ал қамшының сабындай қып-қысқа мынау бес күн жалғанда жаныңыздың күйі өз қолыңызда. Оны азаптауды, қинауды, ашудың отына күйдіруді, өткен шақтағы жағымсыз оқиғалармен жанши беруді доғарыңыз.

Ол үшін рухани ұстаздар мен психологтардың «барлық адамды кешіріңіз және кешірім сұраңыз» дегенін орындаңыз.


Осы орайда ешкімнің алдына бармай-ақ кешірім сұрауға көмектесетін супер техниканы ұсынамыз. Бұл психологиялық техника ренжіткендерді кешіруге де жәрдемдеседі.



«ГҮЛ СЫЙЛАУ» ТЕХНИКАСЫ

Тыныш бөлмеде немесе табиғат аясында ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Көзіңізді жұмып, ойыңызға орала беретін ренішті оқиғаны еске алыңыз.

Байқасаңыз, оқиғаның ренжіткен сәті еске түскенде бір көңілсіздік пайда болады. Дәл осы сәтте оқиғаның кейіпкеріне (сізді ренжіткен адамға) немесе кейіпкерлеріне әдемі, үлкен гүлдесте сыйлаңыз.

Бір құшақ гүлді алғанда оның бетіне, көзіне қараңыз. Қандай күйде?.. Ойша оның қуанғанын, таң қалғанын, өзін ыңғайсыз сезінгенін елестетіңіз. Сосын күбірлеп «Мені де кешірші» дегенді оған айтқызыңыз.

Белгілі бір жағдайларға өзіңізді жазықты, айыпты санап жүрсеңіз де, яғни сізге қапаланып жүрген адамдарға да ойша десте-десте гүл сыйлаңыз.

Мейлі ол еркек болсын, қарт болсын бәрі-бәріне гүлдесте сыйлай беріңіз. Әрине, ойша!


Неғұрлым бұл жаттығуды жиі орындасаңыз, соғұрлым жаныңыз азаптан құтылады. Соғұрлым ертерек өміріңіз сүйіспеншілікке толады.

Жер бетінде көп адамның өмірін өзгерткен бұл супер техниканы автобуста, аялдама отырып та, көшеде кетіп бара жатып та ойша орындауға болады.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҰБТ-да ЖОҒАРЫ БАЛЛ жинаудың ӘДІСІ бар


Оразада ОЙды ТАЗАЛАУдың 3 әдісі