ӨМІР СҮРГІҢІЗ КЕЛМЕЙ жүр ме? Көр қазушылар "көмектесе" алады

0
3 767

​10 минутта өмірге көзқарасыңыз өзгеріп, кез келген проблеманы дер кезінде шешіп тастайтын боласыз.


ӨМІР СҮРГІҢІЗ КЕЛМЕЙ жүр ме? Көр қазушылар

фото: theconversation.com

"Біреу тоңып секіреді, бір тойып секіреді" дегендей, әркімнің өмірден түңілуінің себебі әр түрлі. Біреу тұрмыстық проблемалардан шығар жол таппай, енді біреу проблемасының жоқтығынан өмір сүруге деген қызығушылығынан айырылады. Соңында екеуі де өзін-өзі тастап, құр сүлдерін сүйретіп жүреді. Оларда бір ғана тілек бар – «бұдан да өлгенім жақсы» деген.


Егер сіз де бұл өмірде қызық, мән-мағына қалмады деп жүрсеңіз, я болмаса проблемалардан құтылудың бір-ақ жолы – өлім деген ойға келсеңіз, психологтардың мына бір техникасын орындап көруге кеңес береміз.



10 МИНУТТЫҚ ТЕРАПИЯ

фото: cdn.lifehacker.ru

Бұл әдіс оңай. Әсіресе өзіне қол жұмсағысы кеп жүргендер үшін қиындық та, қорқыныш та тудырмаса керек.

Жақын маңдағы мазараттардың біріне барып, көр қазушылармен келісесіз. Дайын тұрған қабірдің біріне кіріп жатасыз, 10 минуттан соң көр қазушылар шығарып алуы керек.

Қиындығы жоқ. Иә, ақыры сол жерге жатуды жөн көріп жүрген жоқсыз ба? Олай болса, тірі кезіңізде қабірге жатып, қандай күйде болғаныңызды жақын-туысқандарыңызбен бөлісіп, бір ерлік жасаңыз.

Қабірде тұншығып қалмау үшін жуандау шланганың бір ұшын қабір ішіне кіргізіп, екінші ұшын сыртта қалдырып көму керек. Сонымен қатар, ұялы телефоныңызды өзіңізбен бірге қабірге алып кіріп жатсаңыз да болады. Қабірден шықпай қалам деп қорықсаңыз, бақылаушы ретінде достарыңызды, жақын адамдарыңызды ертіп барыңыз.

10 минуттық терапияның емдік әсері керемет. Ол сізге ерекше қуат беріп, өмірге, мәселеге көзқарасыңызды өзгертеді.



ЖАПОНИЯ КЛИНИКАЛАРЫНДА БАР ТӘСІЛ

Жалпы бұндай техника Жапония мен Корея елдерінің клиникаларында қолданылады. Бұл туралы im30.club сайтында терапияны қабылдаған әйел былай деп жазады:

«...Бір кездері Жапония елінде жүргенімде қатты күйзеліске түстім. Күйзелісті ұмыту үшін өзімді дәмді, тәтті тамақтармен алдаусыраттым. Күні бойы үйден шықпадым. Салмағым 75 кг-ға жеткенде ғана айнаға үңіліп қарап, өз түрімнен өзім шошыдым. Бұл салмағымды қабылдай алмадым. Артық салмақ қана емес, мен күйзелісіме күйзеліс қосып алдым.

Айнадағы өзімді көргім келмей жыладым. Ал диета ұстауға ерік күшім жетпеді. Өмір сүргім келмеді. Өмірден баз кешкенім соншалықты, бірнеше күн бойы тісімді де, бетімді де жумай, кең пижамамды шешпей жүре беретінмін.

Бір күні үйге жапондық құрбым келді. Ол мені күйзелістен алып шығудың жолдарын іздеп, ұзақ ойланды. Бір уақытта «Қызық бір процедура бар. Одан кейін сенің өмірің өзгереді» деп сендірді. Шынымды айтсам, мен өзіме қол салуға шешім қабылдап та қойған едім. Құрбымның соңғы өтінішін орындамақ боп, соңынан ердім. Ол бір клиникаға ертіп келді.

Қолыма бір парақ берілді, толтырып шықтым. Сосын клиниканың дәрігері мені бір қараңғы бөлмеге алып кірді. Ортада ағаштан жасалған табыт тұр. Өлген адамға кигізетін киім берді.

Мен ешнәрседен қорықпадым. Ақыры өлемін деп жүрмін ғой, сондықтан да айтқандарын орындадым.

Табытқа жатқызды. Дәрігер «Шыққыңыз келсе, күйіңіз нашарласа мынау тетікті басыңыз» деп, табыт ішіне орналастырылған бір түймені көрсетті.

фото: www.irishtimes.com

Табыттың беті жабылды. Қап-қараңғы. Бір уақытта әлсіз жарық пен қайғылы әуен қосылды. Табытты әлдебіреулер көтеріп бара жатқанын сездім. Көліктің дауысы естілді. Табытты көлікке салып, мазаратқа алып бара жатыр.

Мыналар мені тірідей көме салмақшы ма? Ешкіммен қоштасып та үлгермедім ғой. Табыт ішіндегі түймені қайта-қайта бастым, бірақ олар естімеді. Жарты сағаттай уақыт жол жүрді. Ауа жетпей бара жатқандай, тынысым тарыла бастады. Түймені тағы да бастым. Олар мені естіп жатқан жоқ, ал мен олардың дауысын анық естіп жатырмын.

«Табытты төмен түсіріңдер. Көміңдер» деген бұйрықты естідім. Ағаш табытқа тарс-тарс етіп салынып жатқан топырақтың дыбысын естіп, енді бар пәрменіммен қозғалмақ боп әрекет ете бастадым. Бірақ үстімдегі киім қолымды да, аяғымды қозғалтпайды.

Әлгінде ғана анық естіліп тұрған дауыстар естілмей қалды. Әлсіз жарық та сөнді. Табыттың іші салқындап, тоңып барам. Қара жер асты соншалықты қараңғы және суық екен ғой.

Мен сектанттарға тап болғанымды ұқтым. Менің бұл елде ешкімімнің жоқ екенін біліп, тірідей көме салды. Айқайлай беріп тамағым қарлығып қалды. Жапондық құрбымды балағаттадым.

Бұл әрекетімнен түк шықпайтынын ұққан соң жылай бастадым. «Неге өмірді, өзімді соншалықты жек көрдім? Бәрі жақсы еді ғой. Өмірден баз кешетіндей не көрінді маған?» деп, өзіме-өзі сұрақ қойып, күйзеліске түсірген мәселелерімді ойладым. Егер шындап қолға алсам, шешуге болатын мәселе екен. Асылық еткенім үшін құдайдан кешірім сұрап жылағанда көзімнен аққан жас құлағыма кіріп жатты. Ең жаманы, табыт іші тар болғандықтан қолыммен жасымды сүрте алмай қиналдым.

Ұзақ уақыт жыласам керек, табыт іші менің көз жасыма толды-ау деймін, әлде терледім бе екен, киімім су болды. Жағымсыз бір иіс мұрныма келді. Қозғалғым келеді, қозғала алмаймын. Шалқамнан жата беріп, ағаш табыттан жамбасым ауырып кетті. Бір қырыммен жатайын десем, аунай алмаймын. Оның үстіне жаурап барамын, аузым құрғап, су ішкім келді. Түу, өлген адамның өмірі неткен қиын.

Көз алдыма құбырдан аққан су келді. Бір жұтым судың өзі бақыт екен ғой. Балалық шағымды, есейгенімді, ата-анамды еске алдым. Ата-анамның даусын соңғы рет қашан естіп едім? Оларға қоңырау шалмағалы көп болыпты. Қызым есіме түсті. Күйзеліске түскелі жалғыз қызымды да ұмытыппын ғой. Ата-анамды құшақтағым келді, қызымды сағындым.

«Өлгім келмейді», «Өмір сүргім келеді», «Е-е, құдай, бір мүмкіндік берші. Бұдан былай қандай мәселеге тап болсам да өмірге налымаймын. Артық салмақ мәселе емес мен үшін. Асылық етсем кешір...» деп, жылай-жылай әлім құрып, талықсып бара жаттым...

Табыттың беті ашылып жатқанын сезіп, көзімді аштым. Бағана дәрігер ертіп кірген бөлме. Мені ешқайда апармапты, жерге көмбеген. Бәрі де озық технологиямен компьютерленген табыттың көмегімен жасалыпты.

Табыттан шыққаннан соң да ұзақ жыладым. Ал құрбым ішек-сілесі қатып, күлкісін тыя алмай отыр. Табыттың ішінде вебкамера бар екен, олар сол арқылы менің күйімді көріп, дауысымды естіп, бақылап отырыпты.

Кетерімде дәрігер қолыма видеожазбаны ұстатты. Содан соң мен өзімді қолға алдым. Мәселелеріммен оңай күрестім. Бұрын қиын боп көрінген артық салмақты да оңай жеңіп, арықтадым. Өмірдің бағасын ұғып, өмірді сүюді үйрендім...»

фото: w-dog.ru

Бұндай әдістер Оңтүстік Кореяда да кең қолданыста. Онда көпке белгілі «Beautiful Life» деп аталатын компания бар. Компанияға бар-жоғы 43 доллар төлеп, табыттың ішінде 10 минут жатуыңызға болады. Қараңғы әрі меңіреу тыныштықта жатып, таудай көрген мәселелеріңіз туралы ойлайсыз.

10 минуттан соң компания қызметкерлері табыттан шығарып, «Жаңа өмірге қош келдіңіз!» деп құттықтайды. Аталмыш компания қызметін пайдаланып көргендер табыттағы он минут жоқ нәрселерді емес, бар нәрселерді ойлап шүкіршілік етуге үйрететінін айтады.

Ал Қазақстанда әлі бұндай антистрестік құрылғы жоқ шығар. Бірақ бізде мазараттарда қазылып, дайын тұрған қабірлер болуы мүмкін. Мәселелеріңізбен күресуге күш, алға ұмтылуға себеп таппай жүрсеңіз, кез келген мазараттағы қазулы қабірге жатып, «10 минут өлу» терапиясынан өтіңіз.


Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


БАСТАҒАН істі АЯҚТАУҒА көмектесетін ӘДІС


БАҚЫТ ТАППАЙ жүргеніңіздің СЕБЕБІ – осында жатыр