​ӨТКЕН ШАҚпен, КЕЛЕШЕКпен емес, ОСЫ ШАҚпен өмір сүр!

0
2 769

10 секунд ештеңені ойламай «қатып қалу» ойды шоғырландыруға көмектеседі.


​ӨТКЕН ШАҚпен, КЕЛЕШЕКпен емес, ОСЫ ШАҚпен өмір сүр!

фото: qazaqadebieti.kz

Адамдар үшін ең қиын нәрсе – осы сәтпен өмір сүру. Әрине адам келешегінен үміттенеді, өткен шағындағы қателіктерінен сабақ алып, бәлкім кейбіреулер өткен шағына қимастықпен қарап, соны аңсап өмір сүреді. Жастық шақтың қайта айналып келмес дәурені әр адамның басынан өтеді, дегенмен өткенге қимастықпен қарап немесе керісінше, келешектен үміттеніп, бос қиялмен уақыт өткізудің зардабы көп.

Сіз осы шақта өмір сүріп, әрбір сәттің дәмін сезінсеңіз, шынайы бақыттың дәмін татқан боласыз. Ойды бір нүктеге шоғырландырып, концентрацияны тұрақтандыру және бақытты болудың сыры ешкімге құпия емес, тек қана оның сатыларын білмейді көп адам.


«ОСЫ ШАҚта» өмір сүру адамды бақытты етеді

Осы шақта өмір сүру деген не? Мұны түсіну де қиын емес. Көптеген адамдар басым жағдайда өткенін аңсайды немесе болашағына бағдар жасап, алдына арман-мақсаттар қояды. Бұл жаман қасиет емес, дегенмен ұдайы осындай күйде жүру, қазіргі сәтіңіздің маңыздылығын ұмыттырып жібере алады көп жағдайда. Адам сол сәттің бағасын білмей, бақыттың дәмін сезіне алмай өкініште қалып жатады.


Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, сіз 5 жасыңызда қандай едіңіз? 5 жастағы бала ойнағанда сол ойынға кірісіп кетпей ме? Айналасында не болып жатыр, ата-анасы ұрыса ма оған ол маңызды емес. Үсті-басын кір қылып, балшыққа аунаса да, киімінің былғанғанын емес, ойынның қызығын ойлап тұрады. Құмырсқаның илеуін бақылап, олардың қимылына таңдана қарайды. Аспандағы бұлттардың жылжып жатқанына сағаттар бойы қарап тұра беруі мүмкін.


Міне, осы шақпен өмір сүру деген сол. Табиғаттың құбылыстарына таңданып, қуаныш сезімін сезіне алу, бақытты болу.

Әрине өмір өтеді, 5 жастағы бала есейеді. Қу тіршілікке кірісіп кетіп, сол балалық шақтағы алаңсыз күндерін ұмыта бастайды. «Оқу керек, оқуды бітіру керек. Жұмыс істеп, ақша табу керек» деген толып жатқан өмірлік түйткілдер бар. Өмір сүру жанталасу да қажет, дегенмен өзіңе күн сайын есеп беріп, жаныңа тыныштық сыйлайтын сәттерді де еске алып, әр күнді қорытындылау керек.

Қу тірліктің қамытын бірер уақытқа шешіп, еркіндікке де бой алдырған дұрыс. Осы шақтың ләззатын сезіну үшін.


фото: magic-word-fengshui.blogspot.com


ОСЫ ШАҚтың сиқыры

Келешекте керемет болып кетеріне сенеміз. Сиқырлы таяқшаның жоғын білсек те, ғажайыпқа сенеміз. Адамның болмысы солай.

Бірақ «сиқыр» келешекте емес, дәл қазіргі сәтте. Күшті концентрация да осы шақта. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 5 жастағы бала ойынға жан-жүрегімен беріліп, қалай ден қойса, сіз де дәл солай ойға алған жұмысыңызға беріле кіріссеңіз, қолыңыздан барлығы келетініне көзіңіз жетеді. Осы шақта ең күшті энергия бар. Санаңызды басқарып, ойыңызды жұмылдырып, бұрынғыны еске алып, алдағыны ойламай сол тұрған жеріңізде рахатты сезініп көріңізші.

Көзіңізді жұмып, қолыңыздағы шайды немесе кофені автоматты түрде «ішу керек» деп емес, шынайы рахатты сезініп, дәмін барынша бойыңызға қуат беретіндей ішсеңіз, өмірдің сол сәттегі кереметін сезіне аласыз. Осындай ұсақ кезеңдердің өзінен сіз өміріңіздің бақытты сәттерін ұстап қала аласыз. Өйткені қазір барлығы жылдам, барлығына үлгеріп қалуымыз керек деп жанталасамыз. Ал осындай аз ғана секундтар сіздің ары қарай күш алуыңызға көмектеседі.


Неге көп адам өткенімен немесе келешегімен өмір сүреді?

Оның себебі мынада. Біздің шынайы өмір сүру бағытымыздың 2 пайызы ғана өзіміздің қалауымыз. Қалған 98 пайызы ата-анамыздан өткен бағдарламалар, қоғамдағы жалпылама түсініктер, ортаның әсері. Яғни, ата-анамыздың психологиялық жай-күйі қанымыз арқылы бізге өткен өмір сүру дағдысы, қоғамның ықпалы және араласатын ортамыздың ыңғайы.

Елдің пікіріне байланысты өмір сүретін жандар да аз емес. Кім ақшалы болса, сол бақытты секілді көрінетін сезім. Қымбат көлік, даңғарадай үйлер әлбетте адамдарды қызықтырады. Мен де сондай боламын деп жанталасқан жұрт. Елден қалып қоймайын деген сезім. Осындай түсінікке әбден беріліп кеткеніміз сонша, ішкі қалуымыздың қандай екенін де ұмытып барамыз. Бәлкім, шынында да біздің жан қалауымыз үшін асқан байлықтың да қажеті жоқ шығар оны да саралап жатқан ешкім жоқ.

Кейде өткен шақтағы қателіктері үшін қайғыратын адамдар да бар. Бірақ одан келіп-кетер пайда жоқ екенін түсінсе де эмоциясын басқара алмай, сол шақта қалып қояды. Демек, адам өзінің кім екенін, ішкі ресурстарын білмегендіктен шынайы өмірді әр жерден іздей береді.


Қазіргі сәтті сезінген адамның жағдайы қалай өзгереді?

Сіз күткен керемет келешекте де емес, өткен шағыңызда да қалып қойған жоқ, дәл қазіргі сәтіңіз сіздің ең бақытты кезеңіңіз. Өйткені кереметтер күн сайын болып жатыр. Адамның жүрегіне тыныштық орнаған кезде Алла оған жәрдем етеді. Сана орныққан кезде Алла барлық мәселелеріңіздің шешімін жібереді. Отбасы мүшелерімен де қарым-қатынасыңыз жақсарады, қаржылық мәселелеріңіз де шешімін табады. Ең негізгісі өзіңіздің кім екеніңізді, не қалайтыныңызды және не істеу керектігін ұғасыз.

Ойдың көптігі, яғни шашыраңқы ойлар, бірнеше мәселені қатарынан ойлап, ой бір жерге шоғырланбай, жан-жаққа шашыраған кезде адам ешқандай жайлылықты, жүрек тыныштығын сезіне алмайды.

Қазіргі кезде психологияда медитация деген термин бар ғой, адам медитация жасау арқылы сананың тұрақтылығы мен жүрек тыныштығына кенеледі. Сана алға ұмтылып, артқа жүгірмей, дәл осы шаққа тірелген кезде осы шаққа келеміз. Яғни сананы басқару осылай басталады. Осы шақпен өмір сүргендердің көпшілігі бақытты болады, өзінің күшін сезе алады. Не істеу керектігіне ой жүгірте алады.

Ойды шоғырландыру үшін ең жақсы бір тәсіл бар. 10 секунд ештеңені ойламай «қатып қалу». Мұны «нөл жағдайы» дейміз. 10-15 секунд ойды тоқтата алсақ, адам ағзасында күшті реакция жүреді. Осы әдісті жасаған кезде ми әртүрлі қажетсіз ойлардан ақырындап тазалана бастайды. Бұл әдіс қазіргі кезде әрбір адамға қажет. Өйткені керексіз мәліметтер қазір өте көп.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева.

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


АНА мен ҚЫЗдың қарым-қатынасы қалай болуы керек?


Неліктен тозған затты пайдалануға болмайды?