Әбестік – балаларға арналған әңгіме. Толымбек Әбдірайым

0
437

Әуелгі ниеті Олжасты қуантып, көп-көп асық ұтпақшы еді, ол жоспары іске аспады. Кешелі бері екі жүздей асықтан айрылып отыр. Екі жүз асық... Аз емес...


Олжастың қалаға сапарлап кеткенін пайдаланған Жандос, ағасының үш кішкентай қобдиша асығы мен екі құлжа сақасын ұтқызып, ойыннан шаршап келіп отырған. Қалай болды өзі? Түсінбей дал... Асықты тәп-тәуір ойнайтын. Әлде, рұқсатсыз алған соң солай болды ма? «Рұқсатсыз алу?..» Ол ұрлық қой? «Жоқ, ұрлық емес, — деді қалқан құлақ қара бала. — Олжас маған бөтен емес... Туған ағам... Әрі, ол асықтарды ойнау үшін жинадық қой!..» Жандос ойланды. Қандай амал бар? Әуелгі ниеті Олжасты қуантып, көп-көп асық ұтпақшы еді, ол жоспары іске аспады. Кешелі бері екі жүздей асықтан айрылып отыр. Екі жүз асық... Аз емес...


Жандосқа бұл ісі ұнамады. Өзіне-өзі ренжіп, ұнжырғасы түсті. Қалайша ұтылды? Әлде, асық ойнаған балалар, өзінен үлкен болған соң жеңілді ме? Жылағысы келді. Көңілсіз, мең-зең отырып қалғанымен, жылай алмады. Көздің жасы да оңайшылықпен шықпайды екен-ау... «Қалай болғанда да менікі дұрыс емес, — деп уайымдап жүрді ол кешке шейін. — Қателік жібердім...»


Жандос ертеңінде достарымен жидек теруге ауылдан ұзап, Талдыбұлақ сайына кетті де, асық жайлы ұмытып үлгерді...


Бір аптадан соң оралған Олжас, ауладағы балалардың қолынан өзінің екі сақасын көріп, жағдайды біліп, үйге келе сала Жандосты іздеді. Інісі атасының қасында әңгіме тыңдап отыр. Моп-момын, тәртіпті бола қалыпты. «Бәрін бүлдіріп, түк білмегендей, тымпиып отыруын қарашы...»


— Сен менің сақаларым мен асықтарымды ұтқызып жіберіпсің ғой,— Олжас әй-шайға қарамастан, Жандосты құлақ шекеден қонжитты.


Аңдаусызда таяқ жеген қара бала, алашаның үстіне құлай кетіп, айқайға басып жылады. Кереует үстінде көзі жұмулы домаланып ұйқыда жатқан ақ мысық, Жандостың дауысын естіп, елең етіп басын көтеріп алды. Өксіп жылап жатқан Жандостың қасына жетіп, Олжасқа бір, балалардың атасына бір, кезек-кезек қарай берді. Көзінен баланы аяғаны көрініп тұр. Неге ұрды дейтіндей...


— Балам Олжас! Бұның не? Сенде ана ақ мысықтай да ақыл жоқ екен! Қарашы, мысық екеш мысық та, Жандосқа жаны ашып, араша түсіп жатыр. Асыққа бола, өзіңнен жеті жас кіші ініңе қол көтеруің дұрыс па? — деді атасы кейіп.


Олжас атасынан мұндай уәжді күтпесе керек. Ақ мысықтың жанашырлығына қайран қалды. Өзінің ашу үстінде әбестік жасағанын білді.



Толымбек Әбдірайым 1955 жылы 12 қыркүйекте Семей облысының Аякөз қаласында туған. 1972 жылы №2 қазақ орта мектебін (қазір Дулат Бабатайұлы атындағы) бітірген соң, Аякөз автомобиль жөндеу зауытында, Б.Майлин ауылдық кеңесінде, Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, Талғар аудандық «Алатау жұлдызы», Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, Көкшетау телерадио комитеттерінде еңбек еткен. «Қазақ әдебиеті» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген. 1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 2006 жылдан бастап ҚР Мәденит және ақпарат министрлігіне қарасты «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астанадағы өкілетті өкілі.

Алғашқы әңгімелері мен очерктері 1970 жылдан бастап газетжурналдарда жарияланып келеді. 1988 жылы «Елегізу» атты әңгімесі «Арман қанатында» жинағына енген.

Бірнеше Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған.