Бұл жерлер жайлы естігеннің өзінде бойды қорқыныш билейді.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Әлемде табиғаттан тыс күштер сезілетін көптеген жерлер бар. Әдетте, мұндай аумақтарда қорқынышты оқиғалар — кісі өлтіру, өлім жазасы және түсініксіз өлімдер орын алған делінеді. Біреу бұған сенер, енді біреу сенбес, бірақ мұндай жерлер қашан да қорқынышты.
Мирт плантациясы, Луизиана, АҚШ
Мирт плантациясы – Американың Луизиана штатында орналасқан Сент-Фрэнсисвилл қаласындағы жылжымайтын мүлік. Үйді 1796 жылы генерал Дэвид Брэдфорд салдырып, содан кейін ол бірнеше рет жаңғыртылған. Оның бұлай аталуы осы жерде көп өсетін мирт өсімдігіне байланысты. XIX ғасырда бұл үйде тағдырлары ауыр отбасылар өмір сүріп, балалардың өлімі, жұмбақ кісі өлтіру және банкроттық орын алған. 1950 жылдары бұл үйдің жаңа иесі атанған Марджори Мэнсон алғаш рет осында өмір сүретін елестер туралы айтып, тіпті бұл туралы кітап та жазған. Сосын, бұл үй 1970 жылдары қонақүйге айналды.
Эдинбург сарайы, Эдинбург, Шотландия
Эдинбург сарайы — Шотландия астанасының ең басты көрікті жері. Ол XII ғасырда сөнген жанартаудың үстінде салынып, осы уақытқа дейін корольдік резиденция, қазына үйі, әскери гарнизон, бекініс және түрме ретінде қызмет еткен.
Эдинбург сарайының ең танымал елестері – сырнайшы және барабаншы. Біріншісі полк музыканты болған. Ол осы сарайдағы туннельді зерттеп, жерасты жолында өз аспабында ойнайтын болған. Күндердің бір күнінде ол жарты жолға жеткенде аспапта ойнауды тоқтатқан. Достары туннелге түсіп қанша іздегенмен оны таппапты. Ал, бассыз барабаншы қауіптің хабаршысы болып саналады. Ол алғаш рет 1650 жылы көрінген. Бір нұсқа бойынша, бұл бақсылық жасады деген айыппен өртенген леди Гламис. Екінші аңыз бойынша, елес – Мария Ле Гиз есімді патшайым Мэридің рухы. Оның мәйіті бірнеше ай бойы сарайда болған көрінеді.
Форт Бхангарх, Раджастан, Үндістан
Бхангарх – ежелгі форт және Үндістандағы адамдар ең көп баратын орындардың бірі. Ол XVI ғасырда билеуші Бхагаван Дастың ұлының резиденциясы ретінде құрылған.
Сенім бойынша, мұнда аскет өмір сүреген және мұнда бекініс саламыз дегендерге бір шарт қойған. Шарт – бекіністің көлеңкесі оның үйіне тиіп кетпеуі керек. Алайда, уәде берген патша сөзінде тұрмай, бұл аймақ қарғысқа ұшыраған.
Тағы бір аңыз бойынша, бір сиқыршы ханшайымға ғашық болып, алдап-арбап, оның махаббатына ие болғысы келеді. Алайда, ханшайым оның жымысқы әрекетін сезіп қойып, көзін құртады. Ал, ойына жете алмаған сиқыршы соңғы демі қалғанда қаланы қарғайды. Сонымен қатар, Bhangarh Fort ғимараттарында шатыр жоқ екенін байқау қиын емес. Оларды тұрғызуға әрекеттенгендердің барлығы қайғы құшқан көрінеді.
Шығыс Мемлекеттік түрмесі, Пенсильвания, АҚШ
Шығыс Мемлекеттік түрмесі – Филадельфиядағы бұрынғы түзеу мекемесі. Ол 1829 жылдан 1971 жылға дейін жұмыс істеді. Оның ең танымал тұтқыны – экскурсия кезінде камерасынан көруге болатын гангстер Аль Капоне болған. Дәл осы түрмеде алғаш рет жеке камераларда қамауда ұстау жүйесі қолданылған. Ал, ХХ ғасырдың аяғында ғимарат Америка Құрама Штаттарының ұлттық тарихи орны мәртебесіне ие болып, мұражай ретінде жұмыс істей бастаған.
Сырттан қарағанда түрме қатал готикалық стильге ие. Ал, ішкі құрылымы өте ерекше – орталық мұнарадан жылыту, ваннасы бар бөлмелер және жеке серуендеу алаңдары бар, екі қатардан тұратын жеті дәлізге бөлінеді. Хэллоуин мерекесі кезінде Шығыс Мемлекеттік түрмесіндегі барлық елестер шығады екен. Яғни, осы түнде ғимарат әртүрлі тақырыптық аймақтары бар нағыз қорқынышты үйге айналады. Тіпті, мықты мамандар қонақтарға шынымен қорқынышты сезіндіру үшін арнайы эффектілермен, дыбыспен және жиынтықтармен жұмыс істейтін көрінеді.
Фермонт Банф-Спрингс қонақ үйі, Альберта, Канада
Фермонт Банф-Спрингс – Канададағы Альберта провинциясының Банф қаласында орналасқан қонақ үй. Ол теңіз деңгейінен 1414 метр биіктікте орналасқан. Күн батқаннан кейін, бұл үлкен ғимараттың артқы жарықтары қосылып, терезелерден шам жарығы шашыраған кезде керемет көрініске ие болады. Fairmont Banff Springs қонақ үйін 1888 жылы Тынық мұхиты теміржолы ашып, содан кейін ол екі рет жаңғыртылған. 1939 жылы қонақ үйге Патшайым Елизавета мен король Джордж VI келген.
Көптеген адамдар бұл жерден қалыңдықтың елесін көрген. Аңыздарға сүйенсек, үйленетін күні қалыңдық баспалдақпен төмен түсіп бара жатып құлап, қайтыс болған. Мұның себебі - киімі өртенген немесе етегі тым ұзын болған.
Қонақ үйдің тағы бір тұрғыны – ХХ ғасырдың ортасында осында жұмыс істеген хабаршы Сэм Маколи. Ол қонақтарға көмектескенді ұнататын мейірімді елес.
Бран сарайы, Бран, Румыния (Bran Castle)
Бран – Румынияның Бран қаласындағы, дәлірек айтқанда Трансильваниядағы XIV ғасырда салынған қамал. Ол «Дракула сарайы» деген атпен де танымал. Бір қызығы – бұл жерде ежелгі вампирдің прототипі болып саналатын Валахия Влад Тепес ешқашан өмір сүрмеген. Тиісінше, бұл орын 1920 жылы Румыния патшайымы Мэри мен оның ұрпақтарының ресми резиденциясы болған.
Дегенмен, бұл жерге қатысты қансорғыштар және зұлым рухтар туралы аңыздар бар. Күндіз олар қарапайым адамдар сияқты өмір сүрсе, түнде олардың жандары денелерін тастап, жергілікті тұрғындарды азаптайды екен.
Повелла аралы, Венеция, Италия (Poveglia Island)
Повелла – Италиядағы Венеция мен Лидо арасындағы арал. Ол 421 жылғы тарихи құжаттарда айтылған. XIV ғасырдың ортасына дейін онда адамдар қоныстанған. Ал, 1776 жылдан бастап Poveglia Island оба ауруымен ауыратындар үшін карантиндік станция ретінде пайдаланылған. Кейінірек, 1968 жылы мұнда жабық психиатриялық аурухана құрылды. Мұндай қызықты оқиғалардан кейін бұл жерге елестердің әуес болып саналатыны таңқаларлық нәрсе емес. Оба кезінде мұнда шамамен 160 мың адам өртелген. Сондықтан жергілікті тұрғындар «Повеглияның 50 пайызы адам күлінен, ал 50 пайызы балшықтан тұрады» дейді.
Елес туралы сөз болғанда көбіне психиатриялық аурухананың бас дәрігері айтылады. Ол пациенттерге қорқынышты эксперименттер жүргізіп, соңында қоңырау мұнарасынан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған. Мұндай жағдайға азаптаған адамдардың рухтары итермелеген делінеді.
Алькатрас түрмесі, Калифорния, АҚШ
Алькатрас – Калифорния штаты, Сан-Франциско жағалауындағы түрме. Ол салыстырмалы түрде жақында ашылып, 1934 жылдан 1963 жылға дейін жұмыс істеген. Түрме аралда орналасып, суық та күшті ағыстармен қоршалғандықтан, бұл жерден қашу мүмкін болмаған. Бұл түрме елдегі ең қатал түзету мекемесі болып саналып, онда тұтқындар физикалық және психологиялық тұрғыдан қатал жағдайда ұсталған. Мысалы, қылмыскерлердің басқалармен қарым-қатынас жасауына тыйым салатын «тыныштық кодексі» болған. Мұндағы тұтқындар жалаңаш ұсталған және камераның ішінде дәретхананың орнына тек тесік болған. Ал, қазір түрме әлемдегі елестер жайлаған орындардың бірі болып саналады.
Мысалы, Алькатрасқа келушілердің кейбірі алыстан банджо аспабының дыбысын естиді. Ал, бұл аспапта ойнау кейбір түрме тұтқындарының сүйікті істерінің бірі болған екен. Сондай-ақ, XIX ғасырдың ортасында аралда ондаған жергілікті американдықтар болған. Кей адамдар олардың көлеңкелерін көріп, шынжырлардың шырылдағанын естиді.
Қуыршақ аралы, Мексика
Қуыршақ аралы – Мехикодағы Хохимилко каналдарында орналасқан. Бұл Мексикадағы ең жұмбақ орындардың бірі. Өткен ғасырдың ортасында дон Джулиан Сантана Барреро есімді азамат отбасын тастап, осында өмір сүріп, зейнетке шығу жайлы шешім қабылдапты. Біраз уақыттан кейін ол жағадан каналға батып кеткен кішкентай қыздың денесін тауып алады. Көп ұзамай Джулиан суда қуыршақтың ағып бара жатқанын көріп, бұл мүмкін жәбірленушіге тиесілі деп ойлайды. Сөйтіп, ер адам қыздың рухын қуанту үшін табылған затты ағашқа іліп қояды. Ол мұнымен тоқтамай, қоқыстан табылған барлық ойыншықтарды аралдағы ағаштарға іле береді. 2001 жылы Дон Баррере бала табылған жерде қайтыс болды. Осыдан кейін туристер аралға келе бастап, өздерімен бірге одан да көп қуыршақ әкелген.
Сондықтан бұл аймақтың көрінісі – өте қорқынышты. Өйткені барлық ойыншықтар мінсіз күйде тұрған жоқ. Дәлірек айтсақ, олардың көпшілігі лас және жыртылған. Оған қоса, кейбір туристер қуыршақтардың сыбырлағанын естігендерін және олардың аяқ-қолдарын қозғалтып, бастарын айналдырғанын көргендерін айтады.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕЛЕС ЖАЙЛАҒАН танымал 7 қонақүй
Көшесінде бірде-бір ҚОҚЫС ЖӘШІГІ ЖОҚ ел