Мұрат Әйтенов Нұрсәт шағынауданын сапалы жарықпен қамту жұмыстарын қадағалады

0
3 086

Арнайы бригадалар тұрғын үйлерді жаңа желіге ауыстыруда.


Мұрат Әйтенов Нұрсәт шағынауданын сапалы жарықпен қамту жұмыстарын қадағалады

Шымкент қаласы Нұрсәт шағынауданындағы ескі жарық жүйелері жаңартылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекендегі электр желілерінің құрылысымен танысып, жұмыс барысын қадағалады. Осыған дейін қуаттылығы 10 кВ 2 дана электр тарату бекетінің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Қазір мұнда тарату бекетінен шығатын 10 кВ кабель желісін салу, қазылған жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Арнайы бригадалар тұрғын үйлерді жаңа желіге ауыстыруда. Шағынауданды сапалы жарықпен қамту жұмыстарына 30 адам 5 техника жұмылдырылған.
«Құрылыс кезінде болатын уақытша қолайсыздықтар туралы жергілікті тұрғындарды алдын ала ескертуді ұйымдастырыңыздар. Жұмыстарды маусым айына дейін аяқтау қажет», - деді қала әкімі.
Соңғы талаптарға сай жер астымен жүргізіліп жатқан 36 шақырымдық электр желілері толықтай іске қосылғанда шағынаудандағы 12 мыңнан астам абонент сапалы жарыққа қол жетізеді. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы, өндірістік кестеге сай атқаруды тапсырды.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы 9 елді мекенге электр желісі тартылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол брифинг барысында мәлімдеді. Аудандағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші сапалы 98,3%, жекеменшік жүйе 1,2%, ал, қамтылмаған 0,5% құрады. 2022 жылы аудан аумағындағы 9 елді мекенде жалпы 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылды. 2023 жылы Исфиджаб елді мекенін сапалы электр энергиясымен қамту бойынша мердігер мекеме анықталып, жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарабастау елді мекеніндегі Жаңақұрылыс аймағына электр желісін тарту бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленуде.