Басқосуға келген әр спикер отбасында аналар мен балаларды зорлық-зомбылыққа тап болмауы жөнінде ұсынысын айтып, пікір алмасты.
Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері» бойынша дөңгелек үстел мәжілісі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиынға «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, «Әйелдер күштері Альянсы» төрайымы, балалар құқығын қорғау уәкілі Жаннета Жазықбаева, «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбет, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нұржан Асанов, қаладағы 4 аудан әкімдігі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әлеуметтік орталықтардан қызмет алушы қыз-келіншектері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында спикерлер отбасында ата-аналардың жауапкершілігі, балалардың зорлық-зомбылыққа тап болмауы, қыз тәрбиесі, ене мен келін ортасындағы кикілжіңдер жөнінде сөз қозғады. Отбасында ер мен әйелдің қарым қатынасы, оның бала психологиясына тікелей әсері ететіні туралы «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова Баян Жандосова тарқатып айтты.
–Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтардың себебі көбіне әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты. Атап айтқанда, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік осы факторлардың барлығы адам құндылығының жоғалуына алып келеді. Отбасындағы жанжалдар балалардың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Екеуара кикілжіңнің өзі бір отбасындағы 4-5 баланың күйзелісіне әкеліп соғады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби 1 жарым жасқа толғанша ұзартатынан мәлімдеді. Бұл бала мен ананың сәби кезінде көбірек бірге болуына, әрі әлеуметтік тұрғыдан қамтылуына сеп болады. Жолдауда бүлдіршін балабақшаға барғаннан кейінгі тәрбие ісіне де тоқталған. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, еңбекақысын көбейту, осы саладағы мамандарға қойылатын талаптарды нақты бекітуді және жұмыс жүктемесін азайтуды тапсырды. Енді балабақшаны емес, ол жерде баланың тәрбие ісімен айналысатын тәрбиешіні іріктеу мәселесін көтеріп отыр. Баланы жастайынан нағыз маман тәрбиелесе, болашақта қоғамға пайдалы азамат болып жетілетін еді, - деді Баян Айтбекқызы.
Сонымен қатар, бүгінде Шымкент қаласында дағдарыс жағдайында тұрған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін және бағдар беретін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Атап айтқанда, «Бақытты жанұя» орталығына жыл басынан бері 28 мыңға жуық отбасы қызмет алыпты. Қазір бір күнде орталықтың қызметіне 750-ге жуық азамат жүгінеді екен.
"Алғашында көпбалалы отбасылар қаржылай көмек көрсететін мекеме ретінді қарап, «бізге не бересіздер?» деп келетін. Орталық өз қызметтерін ұсынғанымен материалдық тұрғыда ешқандай көмек көрсетпейтінін, «балық» емес, «қармақ» ұсынатынын жеткіздік. 9 айдың көрсеткіші бойынша 550 ана тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстарын тәмамдап, сертификат алды. Барлық тәрбиенің бастауы – отбасы. Біздің мамандар дағдарысқа кезіккен отбасыларға қызмет көрсету үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуден жалыққан емес. Осы бағыттағы жұмысымызды әрмен қарай жалғастырамыз. Өйткені, тұрғындардың санасы серпілген сәтте ғана олардың өмірге деген құлшынысы өзгеретінін жұмыс барысында көріп отырмыз", - дейді Абибулла Исламбекұлы.
Басқосуға келген әр спикер отбасында аналар мен балаларды зорлық-зомбылыққа тап болмауы жөнінде ұсынысын айтып, пікір алмасты. Қатысушылар арасында әлеуметтік орталықтың көмегі арқылы өмірі өзгерген тұрғындар да болды. Олар бастан өткерген оқиғасымен бөлісіп, №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына алғысын жеткізді.