ШЫМКЕНТ: «Бозарық» индустриялық аймағы жыл соңында іске қосылады

0
778

1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жасақталған.


ШЫМКЕНТ: «Бозарық» индустриялық аймағы жыл соңында іске қосылады

Шымкент қаласы «Қайнарбұлақ» тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта 132,9 гектарды алып жатқан индустриялық аймақта инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған индустриялық аймақты жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

Жуырда "Бозарық" индустриялық аймақтың құрылысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов барып қадағалап, жауаптыларға кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау бағытында арнайы тапсырмалар жүктеген болатын.

Бүгінде ауыз сумен қамту жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар көлемі 85%-дан асса, электр және табиғи газ желілері бойынша орындалған жұмыстар 68% -ды құрады. Жоба бойынша аймаққа 10,9 шақырым табиғи газ желісін тарту көзделген. Қазір ішкі және сыртқы автомобиль жолдарын салу жұмыстарының тең жартысы аяқталған. Сондай-ақ кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша арнайы жобалер әзірленуде. Индустриалды аймақты сапалы инфрқұрылыммен қамту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Индустриялық аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын, 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жасақталған.
Атап айтсақ, оның ішінде жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын, 560 жаңа жұмыс орнын қамтитын инвестициялық жобаларының құрылыс жұмыстары бастау алды.
Атап айтқанда, олар: азық-түлік, косметикалық май және жеміс-жидек тағамдарының өндірісі, инвестиция көлемі - 456 млн. теңге, жұмыс орны - 25 адамды қамтиды.
Сүт өнімдерін өндіру, инвестиция көлемі – 15 млрд теңге, жұмыс орны - 100 адам.
Газдалған және газдалмаған сусындар өндірісі, инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге, жұмыс орны - 300 адам.
Кондитерлік және жартылай фабрикаттар өндірісі, инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңге, жұмыс орны - 35 адам.
Газдалған және газдалмаған сусындар өндірісі, 2 млрд тенге, жұмыс орны - 100 адам