“Мұндай бастамалардың қалада туристік кластерді дамыту үшін аса маңыз зор, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі»
фото көрнекілік үшін: dzen.ru
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «OMIR Glamping» компаниясының басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында Шымкент қаласында экологиялық бағыттағы «OMIR SHYMKENT» кешенінің құрылыс тұжырымдамасы таныстырылды. Айта кетер жайт, бұл инвестициялық жоба қаламыздың туристік саласын дамытуға және экологиялық тұрғыдан таза, сапалы демалыс үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
«OMIR SHYMKENT» кешенінің құрамында глэмпинг орындары, капсула түріндегі қонақүй нөмірлері, жазғы террасалар, мейрамхана, ашық аспан астында концерт, кино көрсетілімдері мен кешкі іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар, сондай-ақ SPA-аймақ, монша мен бассейн қарастырылған. Бұл жобаны іске асыру Шымкенттің туристік тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қалалық инфрақұрылымның орнықты дамуына мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, қала басшысы жұмыс тобымен бірге кешен орналасатын «Бадам» су қоймасы жағалауындағы учаскені аралап, абаттандыру және қажетті инфрақұрылымды жеткізу мәселелерін талқылады.
“Мұндай бастамалардың қалада туристік кластерді дамыту үшін аса маңыз зор, жобаны сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі», - деді қала әкімі.