Бөлінген қаржы бойынша мектеп қабырғасындағы балаларға жыл сайын профилактикалық тексеруден өту және стоматологиялық медициналық көмектер көрсетіледі.
Шымкент қаласындағы мектептерде медициналық кабинеттер жаңартылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
№65 мектеп қабырғасындағы медицина мамандары автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бірыңғай жүйе арқылы мектептегі медицина мамандары оқушының денсаулық жағдайы туралы ақпаратты жергілікті емханаға хабарлама беріп отырады.
Бүгінде Шымкент қаласында 137 мектеп бар. Оларға 18 медициналық мекеме МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуде. Мектеп ішіндегі медициналық ахуалға қанық болған «Міндетті медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директорының орынбасары Шалқар Шеримов биылғы жылы қаладағы мектеп медицинасының дамуына қазынадан 1 миллиардтан астам қаражаттың бөлінгенін мәлімдеді.
«Жыл басынан бері шаһардағы барлық білім ұяларындағы медициналық кабинеттерді қайта жабдықтап жатырмыз. Мамандар санын да көбейтеміз. Бұл өз кезегінде оқушылардың денсаулығын жақсартып, балалар арасындағы түрлі аурулардың алдын-алуға септігін тигізеді»,- дейді Ш.Шакимұлы.
Бөлінген қаржы бойынша мектеп қабырғасындағы балаларға жыл сайын профилактикалық тексеруден өту және стоматологиялық медициналық көмектер көрсетіледі.