ШЫМКЕНТ: Көрісу күні аталып өтті

0
1 609

Аталған мереке «Астана» алаңынан басталды.


ШЫМКЕНТ: Көрісу күні аталып өтті

Шымкент қаласында Көрісу күні аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған мереке «Астана» алаңынан басталды. Онда қыстан шыққан жұртшылық бір-бірімен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырды.
Қаланың айшықты жері Абай саябағында Шымкент-Цирк, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі мекемелері көрісіп, әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тиді. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.
Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны Мақсат Әмірбеков.
Айта кетейік, 14 наурыз қазақта көрісу күні, амал мерекесі. Бұл күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеп жатады. «Бір жасың құтты болсын!», «Амал мерекесі құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтайды.
Бұл күні ең алдымен әулеттің үлкендеріне барып, сәлем беріп көрісіп жатады. Кәде-сыйлары да міндетті түрде бір-бірінің көңілдерін аулап, жаңа жылдың келуіне орай қуанышты болады. Бұл дәстүрдің тарихына үңілетін болсақ, ертеректе көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыздың қыс айларында бір-бірімен көрісе алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып, амандық-саулық сұрасуы дәстүр ретінде сақталып қалса керек.