Қалада бекітілген мал сою орындарында сағат 08:00-ден бастап құрбандық шалу дәстүрі жүзеге асырылады
Шымкенттегі барлық мешітте 28 маусым күні таңғы сағат 6:30-да «Айт намазы» оқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мереке күні қалада бекітілген мал сою орындарында сағат 08:00-ден бастап құрбандық шалу дәстүрі жүзеге асырылады. Осыған орай, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясы адам мен жануарларға ортақ, аса жұқпалы ауруларының таралуын болдырмау, қорғау мақсатында тиісті тәртіпке назар аударуды талап етеді.
Құрбандыққа шалатын малдың бірдейленуі, яғни құлақ жапсырмаларының болуы, АШЖБ тіркеуде болуы тиіс. Құрбандық малының №1 нысанды ветеринариялық анықтамасы міндеттеліп, тек бекітілген орындарда сойылуы қажет. Сонымен қатар, алынған етті балалар үйіне, балабақшаға, ауруханаға, мешіттерге өткізген жағдайда №2 нысанды ветеринариялық анықтамасының болуы және тасымалдау барысында арнайы температуралық режимі сақталған көлікпен тасымалдануы тиіс.