Шымкент полицейлері электронды хаттама толтыра алмайды

0
1 166

Еліміздің үшінші мегаполисінің полицейлерінің ішінде өз аты-жөнін зорға жазатын көрінеді.


Шымкент полицейлері электронды хаттама толтыра алмайды

Шымкенттің тәртіп сақшылары электронды хаттама толтыруды әлі үйрене алмай жүр. Бұл туралы Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік істері жөніндегі сотының төрағасы мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Әкімшілік хаттаманы жазу барысында тәртіп сақшылары заң тармақтарынан шатасып, немесе адамның аты-жөнін дұрыс көрсетпейді екен. Тіпті учаскелік инспектор да, жол-патрульдік полиция қызметкері де электронды хаттамада өз аты-жөнін зорға жазатын көрінеді.

Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік істер жөніндегі сотының төрағасы Әбдімүтәліп Бектұрғановтың айтуынша бұл олқылықтар құқық бұзушылықты заң тұрғысынан дұрыс бағамдауға кері әсерін тигізеді. Салдарынан сот барысында әкімшілік істі қайта саралауға тура келеді дейді судьялар. 2019 жылы Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 122 әкімшілік істер бойынша құзырлы органдар тарапынан кеткен қателіктері үшін жеке қаулы шығарған. Әбдімүтәліп Бектұрғанов 122 қаулының 90 пайызы полиция инспекторларына қатысты шығарылғанын айтты.

«ҚР Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчидиден келген хатта министрлік пен полиция департаменттері 100 пайыз электронды хаттамаға өтті делінген еді. Сосын бізге істер электронды түрде келе бастады. Байқағанымыз, полицейлер хаттама толтыруды білмейді. Фамилиясы жазылмайды, кімге толтырғаны белгісіз. Қандай әкімшілік бұзушылық екендігін жазбай қоя салады. Учаскелік инcпектор да, жол-патрульдік полиция инспекторлары да өз аты-жөнін зорға жазады. Содан біз семинар өткізіп, түсіндіріп айттық. Оны тексеретін мынау прокуратура қызметкерлері. Оларды шақырып, мыналарды үйретіңіздер, семинар өткізіңіздер деп 2 ай уақыт бердік. Бірақ әлі де қателіктер жіберіп жатыр. Сондай қателік жібергендердің үстінен біз жеке қаулылар шығарып жатырмыз», - дейді Әбдімүтәліп Елікбайұлы.