Бағдарлама басталған жылы 292 отбасы баспанамен қамтылды.
Халықты тұрғын үймен қамту еліміздегі басым бағыттардың бірі. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында түрлі бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Сондай бағдарламалардың бірі - «Бақытты отбасы». Аталған бағдарлама 2019 жылы іске қосылған болатын. Бұл бағдарлама арқылы көп балалы, толық емес отбасылардың және мүгедек балалары бар отбасылардың бастапқы және қайталама нарықтардан тұрғын үй салып алуға мүмкіндігі бар.
Аталған бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген көп балалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Отбасы банкі арқылы тұрмысы төмен отбасыларға - жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.
Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы берген мәліметке сүйенсек, үшінші мегаполисте бағдарлама басталған жылы 292 отбасы баспанамен қамтылды. Оның ішінде көп балалы – 113, толық емес отбасылар – 134, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар – 45. Ал 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша несиелік тұрғын үйлер «Бақытты отбасы 2-10-20» бағыты аясында 292 отбасы жеңілдетілген несиелік пәтермен қамтылған.
Сонымен қатар, 2021 жылғы өңірлерге берілген лимит көлеміне сәйкес – 589 отбасы несие негізінде тұрғын үймен қамту жоспарланып (көпбалалы отбасылар – 255, мүгедек бала асыраушы отбасылар – 285, толық емес отбасылар – 49), бүгінгі таңға, 363 отбасы (көпбалалы отбасылар – 173, мүгедек бала асыраушы отбасылар – 160, толық емес отбасылар – 30) несие негізінде тұрғын жаймен қамтылған.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болғысы келетіндер үшін қойылатын негізгі талаптар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
2) өтініш берген күнге өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы;
3) өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі айлық табысы, қаржы жылына белгіленген, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (әрбір отбасы мүшесіне 115 905 теңге) аспауы тиіс.Нақты айтқанда 2022 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері37 389 теңгені құрайды;
4) некені бұзу сәтінен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);
5) еңбек және кәсіпкерлік қызметтен отбасылық жиынтық табыстың болуы;
6) төлем қабілеттілігін растау;
7) тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұруы.
Кредит беру талаптары:
- қарыздың нысаналы мақсаты – бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үй сатып алу;
- тұрғын үйді сатып алу кезінде ең жоғарғы қарыз сомасы – 15 млн. теңгеден аспайды.
«2-10-20» бағыты аясында өтінімдерді қабылдау Отбасы банкісінің«baspana.otbasybank.kz» порталында хабарланады.