Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 2976 шақырымды құрайды.
Шымкент қаласындағы жол құрылысы карантинге қарамастан қызу жүруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Барлық сақтық шараларын орындай отырып, құрылыс компаниялары өз жұмыстарын мерзіміне сай жүргізуде.
Шаһардағы жол сапасын дамыту мақсатында 2020 жылы 256 объектіде құрылыс-жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен 26,9 млрд. теңге қаралды. Бұл 417,3 шақырым жол мен 7 көпір, 2 өткел, 1 оңға шығу және 1 жол өткелін қамтып отыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін 240 нысанды, яғни, 314,7 шақырым жол мен 6 көпір, 1 жол өткелін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 260 аялдаманы орнатуға 536,5 млн. теңге бөлінген. Осы бағдарлама аясында 3119 адам жұмысқа орналастырылады, оның 1621-і жұмыспен қамту орталығы арқылы.
Қаладағы ең маңызды құрылысы жүріп жатқан көшелердің бірі Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесі. Республика даңғылының жалпы ұзындығы – 5,3 шақырым, ені – 2х14м болса, нысанның жалпы сомасы – 2 394,0 млн.теңгені құрайды. Ал, Т.Рысқұлов көшесінің жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым, ені – 2х7м. Құрылыс жұмыстары А.Байтұрсынов пен Әл-Фараби көшесі аралығында жүргізілмек.
Бұдан бөлек, Бадам өзені үстінен өтетін өткел Д.Қонаев даңғылымен жалғасады. 99 метрлік нысан мамыр айының аяғына дейін тапсырылады деп күтілеуде.
Жалпы Шымкент қаласындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 2976 шақырымды құраса, оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда.