Шымкентте 40 гектарға жуық жерге саябақ салынады

0
2 828

Қалаға ауаның ластануын қадағалайтын 26 датчик орнатылады.


Шымкентте 40 гектарға жуық жерге саябақ салынады

«Шымкент Сити» шағынауданындағы 40 гектарға жуық жерге саябақ салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
Бала кезімізде Шымкент бақ сияқты қала болатын, арықтардан су ағып жататын. Халыққа қолайлы қала бағыты бойынша басты мақсат - Шымкентті қайтадан бақ қалаға айналдыру. Біздің есебіміз бойынша қалада 6 миллионға жуық жасыл желек бар. Былтыр 2021-2025 жылдар аралығында Жасыл белдеу қалыптастырудың жоспарын бекіттік. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш егеміз. Биыл күзде бастаймыз. Нәтижесінде, қаладағы ағаш қоры екі есеге артады, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысының мәлімдеуінше, қазір қалада жалпы аумағы 244 гектарды құрайтын 9 саябақ және 37 гектарлық 39 гүлзар мен аллея бар. «Шымкент Сити» шағынауданынан 40 гектарға жуық жерге саябақ салу, сонымен бірге төрт гүлзар салу көзделіп отыр. Сондай-ақ қалаға ауаның ластануын қадағалайтын 26 датчик орнатылады. Сол есептегіш құрылғылардың ақпараты қаладағы ЛЭД-экрандар, телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы беріліп отырады.
Қаланы қолайлы қала ету үшін оның сәулетіне де, көркіне де көңіл бөлдік. Былтыр демеушілер есебінен 77 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңарды. Былтырғы қиындыққа қарамастан, қаламыздың дамуына көмектескен қаламыздың патриот демеушілеріне алғыс айтамын, - деді қала әкімі.