​Шымкентте әкімнің екі бірдей орынбасары қызметінен кетті

0
1 125

Үшінші мегаполистің әкімі орныбасарларын қызметтен босатты.


​Шымкентте әкімнің екі бірдей орынбасары қызметінен кетті

Шымкент қаласы әкімінің екі бірдей орынбасары қызметінен кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің бірінші орынбасары Садыр Ербол Әбілхайырұлы мен қала әкімінің орынбасары Мамытбеков Алмасбек Кеңесбекұлы қызметінен босатылды.

Ербол Әбілхайырұлы 1973 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы экономист. Еңбек жолын 1994 жылдан Созақ аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің экономика жөніндегі орынбасары болып бастаған. 1995-2009 жылдары Созақ ауданы әкімшілігі экономика бөлімінің бас маманы, меңгерушісі, экономика, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі бөлімдерінің меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі басқарма басшысының орынбасары, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат бөлімінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2013-2017 ОҚО әкімінің орынбасары, кейіннен Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған. Ал, 2019 жылдың тамыз айынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған болатын.

Алмасбек Кеңесбекұлы 1969 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы бойынша география-биология пәндерінің оқытушысы, экономика және бизнес маманы. Еңбек жолын 1994 жылы «Қазақстан» жастар орталығының менеджері болып бастаған А.Мамытбеков 1994-2005 жылдар аралығында Шымкент қаласының бірқатар басқармаларында бас маман, бөлім бастығы қызметтерін атқарған. Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы, «Nur Otan» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ОҚО Ордабасы ауданының әкімі және Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы – Түркістан облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметтерін атқарған.
2020 жылдың ақпан айынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген болатын.