Шымкентте халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту қолға алынады

0
1 089

Шымкент қаласының әкімі өнімдерін экспортқа шығарып отырған бірқатар кәсіпорындарға барды.


Шымкентте халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту қолға алынады

Ерлан Айтаханов Шымкенттегі «Оңтүстік», «Тассай» индустриялды аймақтарымен танысып, жаңадан құрылған «Жұлдыз» және «Агро-индустриалды» аймақтардың алдағы даму жоспарын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған аймақтардың жұмысымен танысу барысында қала әкімі алдағы уақытта қосымша инвестиция тарту, тың жобаларды игеру және осында қолға алынған жобалар мен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жайына ерекше тоқталды.

Атап айтсақ, қазіргі уақытта Шымкент қаласында сәтті жұмыс істеп келе жатқан «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтарында 114,6 млрд. теңге болатын 121 жоба жүзеге асырылып, 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестициялық сомасы 29,5 млрд. теңгені құрайтын жалпы 13 жоба іске қосылып, нәтижесінде 1560 жаңа жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Ерлан Айтаханов индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған, бүгінде өнімдерін экспортқа шығарып отырған бірқатар кәсіпорындарға да барды. Оның бірі «Тассай» ИА-дағы «Asia Trafo» зауыты. Сипаттамасы жөнінен бірегей болып танылған трансформатор зауыты 12 гектар жерге орналасқан және зауыт-кернеуі 110кВ-дан 500кВ-ға дейінгі трансформатор шығаратын Орталық Азиядағы бірден-бір өндіріс орны. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы электротехникалық қондырғы шығаратын «Alageum Electric» құрамына жатады. Тиісінше, зауыттың жұмысына оң бағасын берген Ерлан Қуанышұлы қаладағы осы сынды жүйе құрушы кәсіпорындар – ел экономикасының негізі екенін айтып, өңірде өнеркәсіптік секторды дамыту мәселесі басты назарда екенін атап өтті.

Сонымен қатар, әкім ел нарығында минералды сулар мен шырындар шығару жұмыстарымен танылған «Рауан» ЖШС-нің еншілес компанияларының жұмысымен танысты. Аталған компаниялар тобы 1998 жылы құрылып, Қазақстан нарығында 18 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде өңірімізде сусындар мен минералды сулар шығаратын үш ірі жоғары технологиялы зауыты бар серіктестікте жылына 50 млн. дана дайын өнім шығарылады екен.

Сапар соңында қала әкімі халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейтуді, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аударуды тапсырды.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігі