Шымкентте әйелге дұрыс диагноз қоя алмаған дәрігерлер жұмыстан қуылды

0
967

Шымкентте екі медицина қызметкері жұмыстан шығарылды.


Шымкентте әйелге дұрыс диагноз қоя алмаған дәрігерлер жұмыстан қуылды

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы №1 қалалық клиникалық аурухана, №5 қалалық емхана және жедел жәрдем станциясының 16 қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізді- деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Тексеріс нәтижесінде екі қызметкер жұмыстан шеттеліп, қалғандарына тәртіптік шара қолданылды. Бұған қоса, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлеріне қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұған дейін 22 жастағы қала тұрғыны Александра Песецкая науқастанып, бірнеше рет жедел жәрдем шақыртқанын және оған жедел жәрдем қызметкерлері тек ауырсынуды басатын екпе егумен шектеліп, дұрыс емдік шараларды жасамағанын жазған болатынбыз. Тіпті ауруханаға апарғанымен, дәрігерлер төрт ай бойы дұрыс диагноз қоймаған. Кейіннен ол ауыр халде қайта ауруханаға түсіп, өлім аузынан қалған. Науқасқа ота жасаған дәрігерлер оның перитонит пен бауыр асқынуына шалдыққанын анықтап, өмірін құтқарып қалды. Осы мәселеден кейін қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы науқас келіншектің жағдайымен танысып, болған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізді.

Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласының Ғылыми Зерттеу Медициналық университеті, Алматы қаласындағы Ұлттық ғылыми зерттеу кардиология және ішкі аурулар институтының білікті мамандары мен ОҚМА невралогия кафедрасының меңгерушісі Шымкент қаласындағы Орынбаев атындағы клиникада ем қабылдап жатқан Александра Песецкаяның жағдайы бойынша медициналық кеңес өткізіп, жергілікті дәрігерлермен бірігіп консилиум жүргізген. Қазір азаматша толық оңалту және витаминдік терапия емін, иммунитетті арттыратын препараттар қабылдап жатыр. Пациенттің емінде оң өзгерістер байқалады, динамикалық жағдайы тұрақты. Сондай-ақ өз бетінше қимылдап, жақсы тамақтанғандықтан салмақ қосуда екен.