Бас жүлдеге «Әке» фильмінің режиссері Ердаулет Алибеков ие болды.
Шымкент қаласында жас режиссерлерге арналған SHYMKENT NOMAD FILM FEST қысқаметражды фильмдер фестивлі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады.
Марапаттау рәсіміне қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас таланттарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
– Байқаудың мақсаты – қаламыздағы киноиндустрия саласына үлкен мән беріп, жас таланттарға қолдау жасау. Сонымен қатар фестивальге қатысушы дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы мүмкіндік беретін үлкен шығармашылық алаң құру. Жүлделі орын алған 4 фильмді көрермендермен бірге тамашаладық. Жас режиссерлердің аяқ алысы жаман емес. Биыл бұл байқау Шымкентте бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Жастарымыз осындай қарқында еңбектеніп, іздене түссе қаламыздан әлі талай мықты кинорежиссерлер шығатыны сөзсіз. Осындай шағын кинофестивальдер олардың танылып, шыңдала түсуіне жол ашады деп сенеміз, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Осы жылдың 12 тамыз -10 қыркүйек аралығында өткен байқауға қатысуға 30 үміткер ниет білдіріп, қазылар алқасы соның ішінен 10 кинотуындыны іріктеп алған. Танымал режиссер, «TALAS» film киностудиясының басшысы Серік Таласов, «Сайрам-Өркениет» БПҰ төрағасы Жадыра Таңатарова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев, актер Марат Достаев, продюсер Бақберген Асанбаев сарапшылар арасынан табылды.
Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, байқау қатысушылары жастығына қарамастан қоғамдағы көкейтесті мәселелерді фильмдеріне арқау ете алған. Олар жас режиссерлердің еңбегінде әрбір бейнесюжеттің тақырыптық идеясының ерекшелігіне және еңбектің жанрлық талаптарға сай болуына айрықша мән бергендерін айтады.
Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Ерсұлтан Тілеуовтың «Таңдау» туындысы қорытындылады. Екінші орын Дмитрий Владимировичтің еншісінде («Успех. Жетістік» фильмі). Ал бірінші орын «Садақа» фильмінің режиссері Болат Қожахметке бұйырды. Бас жүлдеге «Әке» фильмінің режиссері Ердаулет Алибеков ие болды.