Шымкенттегі «Аутрич» бөлімі 3500 отбасыға көмек көрсеткен

0
993

Аутрич бөлімінің мамандары әр ауданның әлеуметтік картасын әзірлеген.


Шымкенттегі «Аутрич» бөлімі 3500 отбасыға көмек көрсеткен

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкенттегі барлық аудандарда «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы бүгінгі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Ж. Қалтаев айтып, 2019 жылғы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.


Басқарма басшысының айтуынша, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын іске асыру шеңберінде қаланың барлық аудандарында халықпен жұмысты күшейтіп, Жастар ресурстық орталығында «Аутрич» бөлімдері құрылған. Тиісінше ол бөлімдегі заңгерлер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер халыққа тегін көмек көрсетеді.


Сондай-ақ, аталған пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында Аутрич бөлімінің мамандары әр ауданның әлеуметтік картасын әзірлеп, құрылған аз уақыт ішінде бөлімнен 3 500 отбасы нақты көмек алып үлгерген.


Сонымен қатар, Ж.Қалтаевтың сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласының отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқармасы Абай аудандық сотымен бірлесіп «Отбасылық кеңес» пилоттық жобасын іске асырып жатыр.

«Кеңес құрамына денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының өкілдері, медиаторлар, ақсақалдар кеңесінің өкілдері кіреді. Жобаны іске асыру кезеңінде 10 отырыс өткізілген, нәтижесінде ажырасу шегінде тұрған және психологиялық кеңес беруді қажет ететін отбасылармен жұмыс жүргізіліп, 33 неке сақталды», - дейді басқарма басшысы.


Одан бөлек, аталған басқарма нақты аумақта орналасқан учаскелер бойынша мұғалімдер, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, үй басқарушылар мен ата-аналар комитеттерінің, сонымен қатар жастардың, бизнес құрылымдардың белсенді өкілдерін енгізіп, бастамашыл топтар құруды қолға алған. Осы арқылы нақты тірек пунктінің аумағында өмірлік қиын жағдайға душар болған отбасыларды, жат қылықты тұлғалардың қоғамға қарсы мінез-құлқын, жайсыздық пен зорлық-зомбылықты ерте анықтауға мүмкіндік туындамақ.