Шымкенттік оқушы Таяу Шығыс елдері бойынша үздік атанды

0
2 064

Олимпиада үш ай бойы өткен.


Шымкенттік оқушы Таяу Шығыс елдері бойынша үздік атанды

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы НЗМ-нің оқушылары математикалық есептерді шешуде алдына жан салмады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, 12-сынып оқушысы Дәуітбай Жәудір студенттер мен оқушылар арасында өткізілетін International Youth Math Challenge атты халықаралық байқауда оза шаптты. Қытай, Вьетнам, Бангладеш, Казахстан, Босния және Герцеговина, Нигерия, Пакистан, Бразилия, Руанда, Индия, Гонконг, Филиппин, Алжир, Египет сынды алпауыт елдер қатысқан конкурста ең үздік нәтиже көрсетіп, Reginal Award of Greater Middle East – (Таяу шығыс аймағы бойынша) "Ең үздік" оқушы деген атаққа ие болды.

«Олимпиада 3 айға созылды. Алғашқы турда 7 тапсырманы орындасақ, екінші турда 40 балдық есептер жиынын 7 күнде шығарып, онлайн файл ретінде жібердік. Ал соңғы турда бізге 40 баллдық тестті 1 сағатта аяқтау керек болды. Біз бұл олимпиадаға өзіміздің математикалық білімімізді сынап,қандай жетістікке жете алатынымызды білу үшін және жетістіктерімізді толықтыру мақсатында қатыстық. Есептері өте күрделі. Сонымен қатар, біз әлі естімеген, таныс емес тапсырмалар көп кездесті. Десек те бұл олимпиада мен үшін көптеген жаңалықтар ашты және біз жаңа формулалармен, теориялармен есеп шығару әдістерімен таныстық. Бізді дайындаған ұстаздарға алғыс айтамыз», - дейді Дәуітбай Жәудір.

Сондай-ақ, 3 айға созылған олимпиадада аталған мектептің 12-сынып оқушысы Исабек Мөлдір (жетекшісі Спарханова Гульмира Сапархуловна) мен 11-сынып оқушысы Бектемисов Нұрдәулет (жетекшісі Расулов Нодир Бахтиярович) ( IYMC) те жүлделі болды. Тек математика пәнінен өткізілетін жарыста 3 кезеңнен сүрінбей өткен қос оқушы, соңғы сынақта 40 тан 40 ұпай жинап, Gold Honour (Алтын мәртебе) дәрежесіне ие болды.

«IYMC халықаралық олимпиадасы жоғары дәрежелі конкурс болып табылады. Жарыстың ерекшелігі сол, оқушылардың креативтілігін, білімін, математикалық дағдыларын дамытады. Мектеп курсында қарастырылмайтын Мерзеннің жай сандары, Гольбах проблемасы, Ферманың соңғы теоремасы сынды тапсырмалар беріледі. тапсырманы орындау барысында қатысушылар ізденеді, салыстырады, есептерді шығарады, жан-жақты дамиды», - дейді оқушылардың жетекші ұстазы Спарханова Гульмира Сапархуловна.