Шымкенттік ұрылар өздері үптеп кеткен 3 миллион теңгені иесіне қайтарып берді

0
1 351

Балаларын балабақшадан алып кетуге келген әйелдің көлігінен қомақты ақшаны алып кеткен.


Шымкенттік ұрылар өздері үптеп кеткен  3 миллион теңгені иесіне қайтарып берді

Шымкент қаласындағы "Тараз" шағынауданында орналасқан балабақшадан балаларды алып кетуге келген әйелдің көлігінен 3 млн. теңгесін үптеп кеткендер қомақты қаржыны қайтарып берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

"Балалардың киімін ауыстырып жатып көліктің сигнализациясының қосылып кеткенін естідім. Сыртқа шығып қарағанда есіктері жабық. Ештеңеден күдіктенбедім. Қатты жауын жауып тұрған еді. Содан да сигнализация қосылып кеткен екен деп ойладым. Балабақшада асықпай балаларды киіндіріп, сыртқа шыққан кезде де ешқандай күдікті жәйт байқамадым. Артқы есікті ашқанымда сөмкелерім сол күйі тұрды. Балаларды отырғызып үйге қайттым. Үйге жеткен соң ғана екі сөмкемде де ақша жоқ екендігін көрдім," - дейді жәбірленуші.

Ол дереу Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөліміне шағымданған.

"Тұрғылықты жерім "Нұрсәт" шағынауданы болғандықтан олар Еңбекші ауданына қайта жіберді. "Футболить" еткендеріне ызам келіп, Шымкент қаласы полиция департаменті басшысының қабылдауына жазылдым. Қабылдауда бар жайтты түсіндіріп айттым. Департамент басшысы Е.Жұмаханбетовтың тапсырмасымен тәртіп сақшылары іздестіруге кірісті", - дейді жәбірленуші әйел.

Айлап табылмаған ұрылар қолға түсіп, жәбірленушіге 3 млн. теңгесін толық қайтарып берген. Жәбірленушінің айтуынша, нотариусқа барып ресми түрде кешірім бергенін де құжаттап алған. Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығына алғысын жеткізген жәбірленуші 3 млн. ақшасының қайтарылатынына үміті де болмағанын айтады.