​СИАНЬ САПАРЫ: ШЫМКЕНТТІК ДЕЛЕГАЦИЯ ҚЫТАЙЛЫҚ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

0
172


​СИАНЬ САПАРЫ: ШЫМКЕНТТІК ДЕЛЕГАЦИЯ ҚЫТАЙЛЫҚ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Сиань қаласындағы жұмыс сапары барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация қатты тұрмыстық қалдықтарды жағуға бағытталған зауыттың жұмысымен танысты.

Сорттау, қалдықтарды қайта өңдеу, утилизация және олардан электр энергиясын алу процестерін көрді. Қалған қалдықтардан құрылыс материалдары жасалады.

Қала басшысы өнеркәсіп ұйымының басшылығымен кездесіп, Шымкентте осы бағытта жаңа технологиялық зауыт құру мүмкіндіктерін талқылады.
- Бүгінде қаламызға осындай жобалар қажет. Себебі, мегаполисіміздің аумағы артып, халқы көбеюде. Компания өкілдерін Шымкентке келіп, мәселені мұқият зерделеп, жобаны іске асыру мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылауға шақырдым, - деді Ғ.Сыздықбеков.
Бұл бастама қаланың экологиялық ақуалын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғындарды жылумен, ыстық сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Шымкентте бес индустриялық аймақ жұмыс істейді, 287 өнеркәсіптік жоба іске қосылды, 8,5 мың жұмыс орны құрылды.
Тағы жеті өндірістік алаң құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қытайлықтардың тәжірибесін енгізуге мүдделіміз. Себебі, сонда қаладағы индустриялық аймақтар барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келіп, ірі жобаларды тартуда мүмкіндік артады.
Сапар барысында делегация өкілдері Сиань экономикалық және технологиялық даму аймағымен танысты. Қытайлықтар экономикалық аймақтың әлеуеті мен мүмкіндіктері және жобаларды іске асыру тетіктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, Сиань өнеркәсіптік инвестициялық корпорациясының "Цзинхэ" өнеркәсіптік паркінің аумағында болды. Компаниялардың жұмысын қарап, өндірістердің заманауи технологияларымен танысты.
Сонымен қатар қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар Шэньси провинциясының Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының өкілдерімен кездесу өткізді.
Мәслихат хатшысы қытайлық әріптестерін қаланың өкілді органы айналысатын мәселелерімен таныстырып, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен бөлісті.
Сондай-ақ, сапар аясында бизнес, медицина және білім беру салалары өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер өтті. Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің басшылығы Сиань көлік университетінің өкілдерімен студенттер алмасу және оқытушылардың біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Онымен қоса бауырлас қаланың денсаулық сақтау саласының өкілдері Шымкентте дәстүрлі қытай медицинасы клиникасының құрылысын жүргізу тақырыбын талқылады. Сиань дәрігерлерінің инсульт, паралич, аутизм диагноздарын емдеуде және миға күрделі операциялар жасауда тәжірибесі мол.
Биыл шілде айында клиника қызметкерлерінің Шымкентке сапары жоспарлануда. Жобаны іске асыру тетіктерін мұқият талқылау көзделіп отыр.
Бөлісу