Шерзат ісі: куәгер 100-ге жуық адам жауап алғанын айтты

0
124

Нұрбекова алдыңғы сотта оқиға болған сәтте дала қараңғы болғандықтан көп нәрсені байқай алмадым деп жауап берген


Шерзат ісі: куәгер 100-ге жуық адам жауап алғанын айтты

фото: Sputnik/Айдана Дайырова

ERNUR.KZ. Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта куәгерлердің жауабы тыңдалып жатыр, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін жәбірленуші тараптың мүддесін екі адвокат қорғады.
Ал куә ретінде Нұрбекова, Жақсыкелді, Розыбакиев, Қазакенов, Әбдіқадыров, Мұратовтан жауап алынды.
Олар сот залына бір-бірлеп кіргізілді. Куәлардың жауаптары ұқсас болмау үшін оларды оқшаулау сұралды. Алғашқылардың бірі болып куәгер – Эльмира Нұрбекова тыңдалды. Ол Талғардағы 38-ші мектепте оқығанын айтты. Бұл туралы сұрақты жәбірленуші тараптың қорғаушылары қойды. Нұрбекова алдыңғы сотта оқиға болған сәтте дала қараңғы болғандықтан көп нәрсені байқай алмадым деп жауап берген. Ал адвокаттар сол сәтті фотоға түсіріп, түннің қараңғы болмағанына дәлел фотосурет келтірді.
Эльмира Нұрбекова оқиғаның қағазға сызып, қай жерде болғанын көрсетіп берді. Көше шамының жарығы болғанын, бірақ тым көмескі болғанын айтумен болды.
"Құрметті судья, бізді ұстаған кезде екі күн ұйқысыз, тамақ ішпей жүрдік. 100-ге жуық полицей жауап алды, не сұрағаны есімде жоқ. Мен оларға орысша жауап бердім, олар қазақша жазды, не деп жазғанын білмеймін. Мен қол қой деген жеріне қол қойып, үйге тезірек кеткім келді", - дейді куә Эльмира Нұрбекова.
Еске сала кетейік, 16 жастағы Талғар қаласының тұрғыны Шерзат Полаттың соты жалғасып жатыр.