Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры өзінің 50 жылдық мерейтойы аясында еліміздің әр өңіріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруда. Солардың бірі – 2025 жылдың 27–30 сәуірі аралығында өтетін Шымкент қаласындағы гастроль.
Осы күндері театр ұжымы өнерсүйер қауымға өз репертуарындағы үздік қойылымдарын ұсынбақ.
Көрермендер келесі спектакльдерді тамашалай алады:
• Б.Римованың «Қос Мұңлық» драмасы,
• А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» драмасы,
• А.Аламанның «Жалқаудың жыры» атты балалар ертегісі,
• Д.Исабековтің желісі бойынша әзірленген «Қазақы комедия».
Гастрольдік сапардың негізгі мақсаты – мәдени байланысты нығайту, театр өнері арқылы Шымкент тұрғындарымен жақын қарым-қатынас орнату және Талдықорған қаласының мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттау.
Театр ұжымы әр қойылым арқылы заманауи қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, көрерменді терең ойға жетелейді.
«Қос Мұңлық» драмасының қоюшы-режиссері Мұрат Ахманов пен қоюшы-суретші Қарлығаш Шалабаева бүгінгі қоғамдағы ата-ана қадірін білмеу, ұрпақ санасындағы күрделі өзгерістер тақырыбын көркем бейнелейді. Қойылым жастардың ішімдік пен нашақорлық секілді зиянды әдеттерге бейімделуінің зардаптарын ашып көрсетіп, ұлт болашағына алаңдаушылық білдіреді.
Ж.Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымын режиссер Д.Базарқұлов сахналаған. Бұл туындыда қазақ жігіттеріне әр қазақ қызын туған қарындасындай құрметтеуге және ұлт намысын қорғауға үндейтін терең ой жатыр. Ұлттық сана мен ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері көркем түрде көрініс табады.
А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы (режиссері – А.Шарипов) отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, махаббат пен сенімнің қадірін көрсетеді. Бірнеше тағдырлар арқылы отбасылық байланыстардың беріктігі мен шайқалу себептері ашылады. Қойылым соңындағы «Мен сені сағындым. Қоштасқым келмейді. Біз мәңгі бірге боламыз» деген әсерлі сөздер көрерменге терең әсер қалдырады.
Балаларға арналған А.Аламанның «Жалқаудың жыры» ертегісі (режиссері – Н.Өтеулинова) қазіргі заман балаларының тәрбиесі жайлы маңызды ой қозғайды. Басты кейіпкер Жігердің күнделікті өмірі арқылы еріншектік пен жалқаулықтың салдары көрсетіліп, балалар еңбекқорлыққа, достық пен әдептілікке баулынады. Қойылымда смартфондар мен ойыншықтардың анимациясы арқылы балаларға жақын мазмұн ұсынылады.
Д.Исабековтің желісі бойынша Б.Ұзақов жазған «Қазақы комедия» – ауыл өмірін әзілмен өрнектейтін қойылым. Режиссерлік шешім арқылы әр кейіпкердің мінезі шынайы ашылып, Бонапарт есімді кейіпкердің үйлену жолындағы қиындықтары арқылы ата-аналық жауапкершілік пен ұлттық дәстүрдің маңызы көрерменге жеткізіледі. Қойылымдағы жеңіл әзіл мен өмірлік шындық көрерменнің көңілінен шығып, жақсы әсер қалдырады.
Талдықорған театрының Шымкентке гастрольдік сапары – мәдениетке деген құрметті арттырып, өңіраралық рухани байланысты нығайтатын маңызды оқиға.