Заңсыз майнингпен айналысқаны ​шымкенттік екі тұрғын сотталды

0
215

Биылғы жылдың басынан бері қылмыстық табысы 400 млн теңгеге жуық заңсыз майнингтік фермаларды ұйымдастырған 4 факт тіркелген.


Заңсыз майнингпен  айналысқаны ​шымкенттік екі тұрғын сотталды

көрнекілік фото: coinmarketcap.com

Шымкент қаласының аумағында криптовалюта (цифрлық валюта) өндіру бойынша заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырған екі азаматтың қылмыстық іс-әрекетін ҚР ҚМА қызметкерлері әшкереледі.

2023 жылғы сәуір мен 2024 жылғы ақпан аралығында аталған тұлғалар жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде кіріс ала отырып, майнингтік ферма ұйымдастырғаны анықталды.

Олар жалпы сомасы 370 млн теңге болатын 1000 дана ASIC майнерлер (биткоин өндіру жабдығы) мен заңсыз өндірілген цифрлық активтер (биткоиндар) түріндегі мүлкі тәркіленіп, сәйкесінше 2 жылға бас бостандығынан айыруға және 2,5 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды.

Жалпы, биылғы жылдың басынан бері қылмыстық табысы 400 млн теңгеге жуық заңсыз майнингтік фермаларды ұйымдастырудың 4 фактісі анықталған.

Айта кетейік, криптовалюта өндіру саласындағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан төндіретін тәуекелдердің туындауына әкеп соғады, тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізудің іркілу және тапшылық тәуекелдері артады.

Қаржылық мониторинг агенттігі аталған қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілгенін ескертеді ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

Бөлісу