"Зообақ жабылмайды": Шымкенттегі зообақ басшысы халықтың сынына жауап берді

0
1 285

Бұқарбай Нұрғазы зообақта жұмыс жақсы жүргізіліп жатқанын айтты.


Бүгін Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтік басқармасына қарасты Шымкент қалалық Зоологиялық саябағының басшысы Бұқарбай Нұрғазы арнайы пресс тур жүргізді. Ол әлеуметтік желілерде тараған хайуанаттар бағындағы жануарлардың саны аз екендігі жайлы теріс пікір, сыни мақалаларға жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


—«Зообақты жабу - балалардың балалық шағына балта шабу деп білемін. Мұнда күнделікті қаншама балалар аңдарды тамашалауға келеді. Саябақты жабу керек деген пікірге келіспеймін. Жылдан жылға зообақтағы аңдар көбейіп, жаңа түрімен толығуда. Демек жұмыс жақсы жүргізілуде. Аю, арыстан секілді аңдарға арнап жаңа орын дайындалып жатыр. Бұйырса жақында жайғасатын болады», - деді Бұқарбай Нұрғазы.


Жалпы Шымкент қаласындағы зоологиялық саябақ 1980 жылы 19 сәуірде ашылған. Алғашқы кезде 75 аң түрінің 350 данасы болған. Ал қазір 290 түрлі 2612 бас жануар бар. Оның ішінде Қызыл Кітабына аңдардың 24 түрі енген.
Қайта жаңартудан өткен саябаққа бүгін арнайы баспасөз туры өткізілді. Қала мәслихатының депутаттары мен журналистер жан-жануарлардың жағдайын көріп, жаңарған зообақты көрді. Бақтағы жануарлардың дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендірілген орындарда жайғастырылғанына көз жеткізді.



30,08 гектар аумақты алып жатқан жануарлар бағы еліміздегі үш зообақтың бірі. Кәсіпорынның 138 қызметкері хайуандардың күтімімен айналысады. Олар әрбір жануардың тазалығына, дезинфекциясына, тамақ режимдері, түрлі ауруларға қарсы екпе салдыруына, денсаулығына аса мән беріп, жіті бақылап отырады. Қазіргі таңда аталған орында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толығымен 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Пресс турға арнайы келген қонақтар көңілдері толып, көзбен көріп, зообақтың жаңаша дамуы тәнті етті. Осылайша жақсы көңіл күймен тарқасты.
Айта кетейік,кіру билеті: 17 жастан жоғары - 600 тг, балаларға (6-дан 17 жасқа дейін) - 300тг
6 жасқа дейінгі балаларға – ТЕГІН, Ардагерлер мен I, II топ мүгедектеріне – ТЕГІН.