2023 жыл қорытындысы: қазақ спортындағы жарқын жеңістер

0
738

Тарих қойнауына еніп бара жатқан Қоян жылы да әдеттегідей спорттық сайыстарға толы болды.


2023 жыл қорытындысы: қазақ спортындағы жарқын жеңістер

Тарих қойнауына еніп бара жатқан Қоян жылы да әдеттегідей спорттық сайыстарға толы болды. Жылдың басынан аяғына дейін қазақстандық спортшылар бірқатар маңызды жарысқа, жекелеген спорт түрлерінен өткен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларға және басқа да халықаралық турнирлерге қатысты. Ел жанкүйерлері сол саңлақтарымыздың жарқын жеңісіне құшырлана қол соғып, қуаныш пен шаттыққа бөленген кездеріміз көп болды.



ЖЫЛ ЖАРЫСЫ: ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ

2023 жылы Олимпия ойындары өткізілмегендіктен, биылғы жылдың басты спорттық іс-шарасы – Жазғы Азия ойындары болды. Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында ұйымдастырылған сары құрлық додасында жерлестеріміз 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдеге ие болды. Бір айта кетерлігі, биылғы Азия ойындарында алғаш рет Олимпия ойындарының лицензиясы таратылды. Қытайдағы Азия ойындарына спорттың 30 түрінен 524 спортшымыз қатысты. Азия ойындарында 9 спорт түрі бойынша Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынды.



ЖЫЛ ЖЕҢІСТЕРІ

Әуесқой бокс: Биыл отандық былғары қолғап шеберлері үшін табысты жыл болды. Жыл басында еліміздің 22 жасқа дейінгі құрамасы Тайландта өткен Азия чемпионатында 20 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көрінді.
Ал мамыр айында Ташкент төріндегі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын (Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай), 1 күміс (Дулат Бекбауов) олжалады. Қазақстан құрамасы мұндай нәтижеге осыдан 10 жыл бұрын, 2013 жылы Алматыдағы әлем біріншілігінде қол жеткізген еді.



Футбол: Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы ЕУРО-2024 турнирінің іріктеу кезеңі аясында бірқатар сәтті ойын өткізді. Солардың ішінде жерлестеріміздің наурыз айында Данияны өз алаңымызда 3:2 есебімен тізе бүктіріп, сол матчта мергендігімен көзге түскен Асхат Тағыбергеннің голы UEFA-да үздік деп танылуы жанкүйерлердің жадында ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз. Іріктеу ойындарында жерлестеріміз финалдық кезеңге шыға алмаса да, алғаш рет топтық сайыста 18 ұпай жинады. Ұлттық құраманың көктемде Ұлттар лигасы турнирі арқылы жолдамаға таласатын мүмкіндігі бар.



Футзал:
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Топтағы 6 ойынның барлығында жеңіске жетіп, қатарынан 3-ші мәрте әлем чемпионатының финалдық сатысына жолдама алды. Енді отандастарымыз 2024 жылы Ташкентте әлем чемпионы деген атаққа таласады. Естеріңізде болса, 2021 жылы жерлестеріміз әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен еді.



Теннис: Теннистен әйелдер арасындағы әлемнің ең үздік ракеткаларының бірі Елена Рыбакина биыл төрт бірдей ірі жарыстың финалында бақ сынады. Алдымен жыл басында «Үлкен дулыға» санатындағы төрт маңызды жарыстың біріншісі – Аустралия ашық чемпионатының финалында бақ сынаса, кейіннен Мадридтегі «мыңдық» турнирдің финалисі атанды. Ал биыл өз карьерасында алғаш рет жүлде қоры қомақты және WTA 1000 санатындағы Indian Wells және Masters Internazionali BNL d'Italia турнирлерінде топ жарды.
Сонымен қатар ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик те өз мансабында алғаш рет ATP 500 сериясындағы турнирде жеңімпаз атанды.



Кәсіпқой бокс: Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) биыл орта салмақ дәрежесі бойынша WBO және IBO тұжырымдасының әлем чемпионы атағына қол жеткізді.



Аралас жекпе-жек:
Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді ұйым – UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавқат Рахмонов биыл жанкүйерлерді кезекті жарқын жеңісімен қуантты. Даңқты жерлесіміз желтоқсан айында мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде октагонға шығып, жергілікті файтер Стивен Томпсоннан басым түсті. Бұл жеңістен кейін отандасымыз чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсті.