Тимур Құлыбаев ХОК комиссясының мүшесі болып тағайындалды

0
1 085


Тимур Құлыбаев ХОК комиссясының мүшесі болып тағайындалды

ERNUR.KZ. Халықаралық Олимпиада Комитетінің басшысы, доктор Томас Бах Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаевқа хат жолдап, оны қоғаммен байланыс және спорт арқылы әлеуметтік даму жөніндегі ХОК Комиссиясының мүшесі атануымен құттықтады, деп жазады elitar.kz.

«Сізді PASD комиссиясының мүшесі етіп тағайындағаныма қуаныштымын. Сізге әріптестігіңіз үшін алғыс айта отырып, жақын арада кездесетінімізге сенімдімін» делінген хатта.

Аталған комиссия бұған дейін халықаралық қатынастар жөніндегі Комиссия деп аталатын. PASD негізгі міндеттері қатарына ХОК сессияларын өткізу, ұйымның атқарушы комитеті мен ХОК президентіне әлемдегі Спорт пен Олимпизм рөлін дамыту стратегияларын түсіндіру, Олимпиадалық қозғалысты дамыту, БҰҰ және Олимпиадалық ойындардан бөлек өзге де ұйымдармен байланыс орнату жөнінде кеңес беру жатады.

Айта кету керек, Қазақстан ҰОК президенті алғаш рет 2017 жылдың сәуір айында аталған Комиссия қатарына енген. 2018 жылдың тамызында ХОК басшысы PASD құрамын қайта қарап, Т. Құлыбаевты қайтадан тағайындады. 2019 жылы әлемдегі гендерлік және құрлықтық теңдікті сақтау мақсатында Томас Бах жетекші мамандармен бірге комиссия құрамын қайта қарады. Бүгінде PASD құрамында 10 әйел адам және 18 ер адам бар.

Комиссия құрамына ХОК Атқарушы комитетінің мүшелері, ҰОК басшылары, халықаралық федерациялар мен спорттық ұйым жетекшілері кіреді. Атап айтар болсақ, Халықаралық жеңіл атлетикалық федерациялар Қауымдастығының IAAF басшысы Себастьян Коэ мен Халықаралық триатлон федерациясының ITU президенті Марисоль Касадо және тағы басқа да танымал спорт тұлғалары. Комиссияға ХОК мүшесі әрі Америкааралық даму банкінің басшысы, Бүкіләлемдік экономикалық форум Қоры басқармасының мүшесі, колумбиялық Морено Луис Альберто жетекшілік етеді.

Қазақстан ҰОК басшысы 24 мамыр күні Лозаннада (Швейцария) өтетін Ұлттық Олимпиадалық комитеттер Қауымдастығы (ҰОКҚ) атқарушы комитетінің 78-ші отырысына қатысады деп жоспарлануда.

Еске сала кетейік, былтыр жыл соңында өткен ҰОКҚ Бас Ассамблеясының отырысында Т. Құлыбаевты 2022 жылға дейінгі ҰОКҚ Атқарушы комитетінің мүшесі етіп тағайындаған болатын. Үміткерлер әлемдегі барлық 206 ҰОК арасынан қарастырылды. Атқарушы комитет құрамына құрлықтық қауымдастықтар ұсынған 24 маңызды спорттық функционер енген болатын. Сондай-ақ, Тимур Құлыбаев Азия Олимпиадалық Кеңесінің вице-президенті. Ол осы қызметіне биылғы мамырда қайта тағайындалды.