«Сағынамын, түсіме кіреді»
Талай өлмес әндерді толғатып, мына жарық дүниеге әкеліп, әлдилеп, аялап, халқына табыстап кеткен әнші, композитор Ержан Серікбаев тірі болғанда биыл 60-тың асқарынан асар еді-ау!.. Өзі кеткенімен соңында 100-ге жуық әні қалды. Жалғыз ұлы Бейбарыс Серікбаев әке жолын өшірмей, жалғап келеді.
«Алыстағы арман»-ға құлаш ұрып, «Сен қасымда болмасаң»-ды жиі шырқап, «Неткен өмір» деп терең ойға шомғанда, «Ауылымызды аңсап» аңқамыз кепкенде, «Жан әке» деп оңашада сыр шерткенде еріксіз Ержан ағамызды еске аламыз, сағынамыз, іздейміз… Көңілдің сол бір түрлі сәттерінде Бейбарыстай асылдың сынығының барына шүкір дейміз. Әкесінің әндерін өлтірмей, қайта жарыққа шығарып, екінші ғұмыр сыйлап жатқанына қуанамыз.
Бейбарыстың әкесі туралы сыр шерткен сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Бейбарыс, асылдың сынығы, тектінің тұяғысыз. Әкеңіз белгілі композитор, әнші Ержан Серікбаевты көзі қазақты көрермен көзі тірісінде-ақ екінші Шәмші деп қадір тұтатын. Артына өлмес әндер қалдырып кеткен өнер жампозын бәріміз де сағынамыз. Туындыларын тыңдаған сайын тыңдағың келеді. Әкеге деген сағынышыңыз туралы сыр шертсеңіз... Ержандай әке бала Бейбарыстың жүрегіндеқандай естеліктер қалдырды екен?
– Көптеген өте жақсы естеліктер қалдырды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін, жігіт болуды, жақсылап білім алуды, досқа адал болуды, соның бәрін үйретіп кетті, Аллаға шүкір.
Менің әкем ең жақсы адам. Өте қарапайым жан болды. Көп адамдарға қол ұшын созып көмектескенін білемін. Әкемнің жатқан жері жайлы болсын. Әлі де Арысқа жиі барып, құран оқып отырамын. Сағынамын, түсіме кіреді.
Бала кезімнен әкеме еліктеп өстім. Өнер мен спортты қатар алып жүруді де әкем үйретіп кетті.
Әкемнің менің өмірімде, жүрегімде алар орны ерекше. Менің әкем – менің мақтанышым.
– Әнші боламын деп болдыңыз ба, әлде әке жолы арманыңызға қанат бітірді ме?
– Әсілі, әнші боламын деп ойлаған жоқпын. Әке жолы арманыма қанат бітірді. Кішкентайымнан әкемнің өнердегі достары үйге жиі келетін. Әнші Жұбаныш Жексенұлы, ақын, сазгер Бақытжан Ауданбаев біздің үйдің тұрақты қонақтары болатын. Гитарада ойнауды, клавиш басуды, ән айтуды сол кісілерден үйрендім. Бірақ, әнші боламын деп ойлаған жоқпын. Бала кезімде спортпен айналыстым. Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы әскери мектеп-интернатын тәмамдағанмын. Одан соң Алматыда экономикалық факультетті оқып бітірдім. Шынымды айтсам, басқа мамандықпен кетемін деп ойладым.
Аллаға шүкір, әкемнің өнердегі көптеген аға-бауырлары қол ұшын созып үлкен сахнаға алып шықты. Әкемнің жолын жалғастырып, әндерін өшірмей жазып жатырмыз. Басқа да әншілер орындап жатыр. Бұл мен үшін үлкен бақыт.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызды зерттеп көрсек, спортқа, оның ішінде боксқа біртабан жақын екеніңізді байқадық. Ержан ағамыз ер адамға тән барлық қадір-қасиетті бойыңызға сіңіріп-ақ кеткен екен, иә?
– Әкем спорт шебері болған. Есімде, әкем күн сайын Қажымұқан орталық стадионына барып жүгіретін. Мені де қасынан қалдырмайтын. Өзі бокстан спорт шебері болғаннан кейін мені де боксқа баулыды. Сөйтіп бокс үйірмесіне қатысып жүрдім. Әлі есімде, екеуміз бірге спортпен шұғылданып жүргенде әкем мен шаршаңқырап қалсам: «Шаршама! Сен мықты болу керексің!» деп жігерімді жанитын. Турникке тартылдырып қоятын да, қолым сәл тайып бара жатса «Тоқтама! Жалғастыр!» деп ерік-жігерімді қайрап отыратын еді.
Қазіргі тілмен айтқанда әкем маған үлкен мотивация беретін. Қазір, Аллаға шүкір, соның бәрінің пайдасы тиіп жатыр. Бәрі үшін әкеме алғысым шексіз.
Өзіңіз білесіз, өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Қуанышпен қатар қиын сәттер де болады. Сондай сәттерде мойымай, төзіп, жеңе білемін. Оның бәрін әкем кішкентайымнан бойыма сіңіріп кетті.
– Ауылдағы қара шаңыраққа әкеңіздің ескерткіш тақтасы ілініпті. Ол үйде қазір өздеріңіз тұрасыздар ма?
– Иә, Арыстағы қарашаңырақта әжем, әкемнің інісі отбасымен тұрады. Әрдайым байланыстамыз. Қайбір жылы әкемнің ескерткіш тақтасы ілінді.
– Анаңыздың халі қалай?
– Аллаға мың да бір шүкір, анамның халі жақсы. Келесі жылы Алла нәсіп етсе 60-қа толады. Сонда ағайын-туыс, дос-жаранды жинап анама той жасап бергім келеді. Қажылыққа, демалыс орындарына жібергім келеді. Армандарым өте көп. Әкем көзі тірісінде «Анаңа қарап жүр» деп айтып кеткені бар еді. Тірі кезінде қолымнан келген бар жақсылығымды жасағым келеді. Анам ешқашан ауырмасын, аналар мәңгі жасай берсін!
– Ержан ағамыздың әндерін қайта тірілтіп жүрген жайыңыз бар. Әлі де көпшілікке шықпаған, көп насихатталмаған әндері бар ма?
– Көп әндері жарыққа шығып қойды. Шықпаған 4-5 әні бар. Оларды өзім шығарып жатырмын. Басқа да ескі әндерді шығарып, өзге әншілер орындап та жүр. Әкемнің әндері ешқашан өлмейді. Бұл әндер мәңгі жасайды. Әкемнің әндеріне сұраныс өте көп. Тыңдармандары да көп, Аллаға шүкір.
– Өзіңіздің жүрегіңізге қайсы әні аса жақын?
– 100-ге жуық әні бар ғой. Маған барлық әні жақын. Барлық әнін жақсы көремін. Ешқайсысын бөліп жара алмаймын. Бәрі де керемет әндер.
– Жеке шығармашылығыңызда нендей жаңалықтар бар? Білуімізше, осы күнге дейін бірнеше әнді жарыққа шығарып үлгердіңіз, иә?
– Жаңа әндер жазып жатырмын. Көбінесе әкемнің әндерін жарыққа шығарып келемін. Жүрген жерімде «Осы әнді айтшы, Бейбарыс бауырым» деп әкемнің әндерін орындауымды жиі сұрайды. Мен Ержандай әкенің ұлы болғаныма бақыттымын. Әзірге басқа жаңалық жоқ.
– Әкеңіздің көзкөргендері Мұқасан Шахзадаев, Заттыбек Көпбосынұлы сияқты өнердегі ағаларыңызбен дуэт болып ән шырқадыңыз. Басқа аға-әпкелеріңізден де қолдау болып тұра ма?
– Иә, Мұқасан Шахзадаев және Заттыбек ағаммен дуэт жаздық. Біраз концерттерге шықтық. Ол кісілерге алғысым шексіз. Одан бөлек Жұбаныш Жексенұлы ағам жақсы қолдау көрсетіп тұрады. Әкемнің өнердегі бар бауырымен жақсы қарым-қатынастамын. Бөліп-жарып айта алмай жатырмын. Барлығына үлкен рахмет.
– Қалай ойлайсыз, әкеңіз көзі тірісінде тиісінше бағаланды ма?
– Бұл сұраққа жауап беру де қиын болып тұр. Өйткені, ол кезде кішкентай болдым. Бағаланды деп ойлаймын. Себебі, әкемнің жүрген жері мереке, думан еді ғой. Барлығы сыйлап жақсы көретін. Менің ойымша, бағаланды.
– Сөз соңында не айтасыз?
– Әкемді еске алу концертін бергім келеді. Өнердегі барлық бауырларын шақырып биыл Шымкент, Алматы, Арыс қалаларында концерт беремін, Алла нәсіп етсе.
– Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңызға жаңа леп тілеймін. Алға қойған жоспарларыңыз орындала берсін!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Ене деген «бүжәй»: Тұрсынбектің әйелі енесі жайлы бар шындықты айтты
«Түлкі ғой»: Нұрлан Еспанов өзі туралы өсекке ренжігенін айтты