«Әлі пәтер жалдап тұрамын»: Хит әндердің орындаушысы Алтынбек Тәшімбетовпен сыр-сұхбат

0
2 935

«Тірнектеп жинап келе жатырмыз»


«Әлі пәтер жалдап тұрамын»: Хит әндердің орындаушысы Алтынбек Тәшімбетовпен сыр-сұхбат

Хит әндердің орындаушысы, белгілі әнші Алтынбек Тәшімбетов «Менің өмірім» бағдарламасында сұхбат берді. Өнер иесі әлі күнге дейін пәтерде тұратынын, бірақ, оған аса бас қатырмайтынын, жеке өміріндегі және өнеріндегі жаңалықтарымен бөлісті.


– Алтынбек, сіз қазақ өнеріне 2000 жылдары қадам басып, көптеген хит әндерді орындап, танымал болдыңыз. Сол кездегі тыңдарман мен қазіргі тыңдарманның айырмашылығы бар ма?

– Көрермендер кезінде әншінің түр әлпетіне қарап бағалайтын. Қазір өнеріне ғашық болуы керек деп түсінетіндер көбейді. Мысалы, менің кезіндегі 15-16 жасар тыңдармандарым бүгінде көпбалалы ата-ана. «Біз сізді жанұямызбен тыңдаймыз», «Студент кезде сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдайтын едім» деп қызықты естеліктерін айтып беріп жататын жағдайлар болған. Жанкүйерлеріміз өзімізбен бірге ер жетіп, есейіп жатқанына мен де қуанамын. Өзім де қазір 3 баланың әкесімін.

– Қазіргі таңдағы тыңдарманның талғамы бөлек қой. Сіздің тыңдарманыңыз азайып қалды деп ойламайсыз ба?

– Әр нәрсе өз заманымен. Әр буынның өз әншісі бар. Біздің жанкүйерлеріміз ес тоқтатқан. Менің контингентім 30+.


– Балалық шағыңыз туралы әңгіме қозғасақ. Туған жерге жиі барып тұрасыз ба?

– Шымкент қаласында туғанмын. Бір мектепте оқыған үш түлек, ең үлкені мен (1983 жылғы), одан кейін белгілі журналист Дина Төлепберген (1984 жылғы), 1986 жылғылардан Қайрат Түнтеков шықты. Үшеуміз бір мектептің атын шығарып келеміз. Дина мектептегі іс-шараларды жүргізсе, Қайрат конкурстарға қатысатын, мен мектепте би кешін ұйымдастырып, диджей болатынмын. Мектепте өте жақсы оқушы болдым деп айта аламын. Қызыл аттестатпен бітіруге 2-3 пән ғана кедергі болды. Одан кейін жоғарғы оқу орнына түсіп, КВН-ші, танымал әнші болғаннан кейін маған бестік қоймай қойған мұғалімдердің «Осы балаға 5 қойып беру керек еді» деп айтқаны есімде. Бірақ, менде ешқандай өкініш жоқ, қайта мені қамшылады. Аттестаттың түсіне емес, басыңдағы бағыңа байланысты екенін ұқтым. Қанша ақшасы болса да дым бітірмей жүрген азаматтарды көріп жүрміз. Бағы болмаса, бабы жоқ екен. Аллаға шүкір, бірнеше әніміз хит болып, елдің жүрегінен орын алғанына қуаныштымын. Қазір тоқтамай жұмыс істеп жатырмын. Арасында бейнебаян түсіріп қоямыз. Оның арасында киноға түсуге ұсыныс түссе, ол салада да бағымды сынап тұрамын. Жалпы өмірлік ұстанымым «Шақырған жерден қалмау, шақырмаған жерге бармау».

Өткен өмір жолдарыма қарайласам, сол мектепте қамшыланғаннан Халықаралық қазақ-түрік университетіне түсіп, «Өзіміздің жігіттер» деген КВН командасында ойнап, Қазақстанның үш дүркін чемпионы болдық. Сол заманда Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Қоянбаев сынды абыройлы жігіттермен бір сахнада, бір қатарда өнер көрсетіп, кезінде оларды жеңген сәттер де болды. Бәрімен де өмірде дос болып араласып жүрген жайымыз бар. Командаластарымның бірі – режиссер, бірі – актер, бірі – банкир.

Менің әнге деген құштарлығым 2003 жылдары кафеде басталды деп айтуға болады. Бір жағынан табыс көзі, екінші жағынан жан қалауы. КВН де – жақсы мектеп, ән саласың, би билейсің. Соңғы жаңалықтардан хабардар болып, саясатқа да араласасың. Оған дейін «Арай», «Суперстар» байқауларына қатыстым. 2008 жылы «Новая волна» байқауының жартылай финалисі болдым.


– «Өмірде жетістіктерім өте көп. Байқауларға көп қатыстым. Бәрі де еңбектің арқасы» деп отырсыз. Бірақ, сізді осы жағдайға жеткізген ата-ананың еңбегі ғой?

– Әрине, әуелі Алла, одан соң ата-анама алғысым шексіз. Басында ол кісілер менің өнеріме қарсы болған. Банк ісі деген мамандыққа түсірген. 2008 жылы «Новая волнада» жартылай финалист болдым. Біздің елде бір конкурсты жеңсең сол кезде бірнеше телеарнадан көрсетіледі де, сосын ұмытылып кетеді. Сондықтан, тек қана коммерциялықтұрғыда жұмыс істеуді жоспарладым. Қазіргі таңда 60-70 шақты әнім, 12 бейнебаяным бар. Осының бәрі әуелі Алла, ата-ана, өзімнің еңбекқорлығым деп ойлаймын.


– Неше ағайындысыздар?

– Отбасында 4 ағайындымыз, мен үйдің үлкенімін. Кішкентай кезімнен өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма басшы қылып қалдыратын. Мойныма кілтті іліп кететін. Өзім мектептен келе салысымен велосипедпен іні-қарындастарымды балабақшадан алып келетінмін. Әлі күнге үйдің үлкені деген жауапкершілікті сезінемін. Сол жауапкершіліктен көп жерде кейде зардап шегіп қаламын. Өйткені, бірнәрсені ұйымдастырып соңына жеткізбей немқұрайды қарайтын жігіттер өте көп. Мысалы, бәрін өзімнің мойныма алып ұйымдастырамын да, кейіннен ақшаны ала алмай қалатын кездер жиі болды. Атыма кір келмесін деп әрдайым жауапкершілікті сезінемін.

Әкем – инженер, анам – медицина саласында. Кіші інімнің қолында тұрады. Екеуі де зейнетте. Бауырларымның орны бөлек.


– Дәл қазіргі уақыттағы жоспарларыңыз қандай?

– Конкурс қуаламайтын, коммерциялық бағыттағы әнші болдым. Аллаға шүкір, пәленбай жылдан кейін маған «ҚР мәдениет қайраткері» атағын берді. 22 жыл сахнада жүрген еңбегімді бағалаған Мәдениет министрлігіне алғысымды айтқым келеді. Қазақ тілін дәріптеп, қазақ тілінде ән айтып жүрген әншінің бірімін. Қазақстанның 90 пайызын аралап шыққан шығармын. Қиын кезеңдер басымыздан өтті. Қазір өмір ретіне келіп жатқан сияқты. Арман арман болып қалмасын деп, репертуарды жаңалап, Алматы қаласында Республика сарайында жеке шығармашылық кеш беру жоспарда бар. Бұйыртса, ол концерттің болатыны анық. Өйткені, осыған дейін Алматыда концерт қоймаппын. Нұр-Сұлтан, Шымкент, т.б. үлкен қалаларда берілді. Алматыға концерт қоюға жүрексініп жүрген жағдай бар. Орындалатын арман деп ойлаймын.

– Отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы үйдегі жан жарыңызды қалай жолықтырдыңыз?

– Нұр-Сұлтан қаласында 14 ақпан Әулие Валентин күніне орай концерт қойған екенмін. Ол кезде Қозы көрпеш–Баян Сұлу күнін мойындамаған кез. Келіншегім сол залда бақылаушы қыз болып тұрған екен. Қасындағы құрбысы екеуі менімен суретке түсті. Ол кезде «Мэйл. Ру», «Агентпен» сөйлесіп жүріп үйленіп кеттік. Көп уақыт жүрген жоқпыз. 4-5 ай сөйлесіп жүрдік те бірден отау құрдық. Өйткені, мен жас бала емеспін. «Жасым 27-ге келді, отбасын құратын адам керек» деп әңгіменің төркінін түсіндіріп бірден үйлендік. Қазір 3 бала-шаға бар. Сарыағаш ауданы, Ораз ата ауылының тумасы. Есімі – Ұлжарқын.


– Қандай күйеубаласыз десек, менен сұрамаңыз деп айтасыз ғой...

– Барымды саламын. Қолымнан келгенін жасаймын, жақсы күйеу болуға тырысамын. Ата-енем зейнеттегі кісілер. 7 баланы дүниеге әкелген. Бағалаймыз, сыйлаймыз. Мен екі жақтыда бірдей көруге тырысамын. Ене деп сөйлемейміз, мама деп айтамыз. Қайыната демейміз, папа дейміз. Сондай өзара келісіміміз бар. Осыдан-ақ құрметіміз дұрыс екені көрінетін болар деп ойлаймын.

– Сіздің отбасыңыз болған, кейіннен ажырасып кеткен деседі. Бұл қауесет пе, шындық па?

– Құдай сақтасын, бұрын үйленбегенмін. Бұрын үйленемін деген қызым болған. Оны ешкімнен жасырмаймын. Тараздың өнердегі қызымен жүргенмін. Ол кісі тұрмысқа шығып кетті. Одан 1,5 жыл өткен соң үйлендім. 550 адамға Шымкентте той істедік.

Қазірде үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Сондайда әйелімнің «Сен сол қызға қырсығып маған үйлендің бе?» деп айтатыны бар (күліп). Мен біраз уақыт өткен соң үйлендім. Бір адаммен 7-8 жыл қарым-қатынаста болсаң бір жағынан жалығып та кететін шығарсың. Біздікі қалааралық махаббат болды. Тағдырдың ісі солай болды. Аты Гүлзат, күйеуі тележүргізуші Руслан. Менің де өз отбасым бар. Бойдақ кезде қыз-жігіт болып анда-санда кездесіп тұрдық. Бұл махаббат хикаясын өнердегілердің бәрі біледі. Оның әке-шешесі де білетін.


– Сізді қазақ еліне танытқан «Айтшы жаным» әні десек қателеспейтін шығармыз. Бұл әнді Дәрібаевтар отбасы сыйға тартыпты, иә?

– Жыламаған балаға ешнәрсе жоқ қой. 2003 жылы репертуарымда «Ұнатып ем» деген көше әні болды. Бейнебаян түсірдік. Сол әнім жақсы тартып, кассеталарға шығып кетті. Алматыда «Дастан» студиясындағы жігіттер: «Алтынбек, осы әнің бәріне ұнап жатыр. Сен осындай әндерді іздесейші, даусыңа осындай ән жарасады екен, қарап көр» деген ұсыныс тастады. Содан ескі архивті көтердік. «Айтшы жанымды» Ибрагим ағаның қызы орындаған екен. Сол ән бірден ұнады. Содан Дәрібаевтар отбасын Қаскелеңге таксимен іздеп бардым. Ағамыз есіктің алдында жер қазып жүр екен. «Оңтүстіктен ініңіз болам. Репертуарыңыздағы «Айтшы жаным» деген әнді орындайыншы деп едім» дедім. Ол «Әрине, жүрген жеріңде Ибрагим ағаның, Дәрібаевтар ансамблінің әні деп айтып жүрсең соның өзі бізге бір мәртебе» деп шағын дискке көшіріп жазып берді. Сөйтіп Алматыда студияда қайта жазғыздық. Ән таралып кетті. Автобусқа мінсем, автобуста, базарға барсам базарда, кассетада, дискте барлық жерде хит болып жатыр. Ағалардың қолдауымен Ташкентке барып 3500 долларға бейнебаян түсіріп келдік.


– Кезінде көркемдік кеңес деген болды ғой. Сол кеңес қазіргі таңда ауадай қажет сияқты.

– Менің кезіндегі көркемдік кеңеске көңілім толмайды. Мысалы, үлкен аға буын өкілдері сол заманның ақындары жазған әндерді өткізіп, біздің әндерімізді өткізбейтін. Біздің әндеріміз хитке айналып, кейіннен қойыла бастады ғой. Әйтпесе, біздің туындыларымызды түкке тұрғысыз етіп тастайтын. Заман өзгерді. Жастарға да жол беру керек. Бізді басып озып жатқандар көп. Әркімнің өз стилі, бағыты бар. Жарасса шықсын. Бірақ, жарасса да, жараспаса да шыға беретіндер бар.


– Қазір әуесқой блогерлер де көбейіп кетті. Осыған көзқарасыңыз?..

– Заманына қарай ғой бәрі. Карантин кезінде көбейді. Бәріміз үйде отырып қалдық. Уақыт өткізуге жақсы болды. Бара-бара бәрі жеңіл болып барады. Қазір бір телефонмен бәрін бітіреміз. Баяғыда әнді көшіру үшін қадалып отыратын едік. Қазір әп-сәтте.

– Бір кездері талай қыздардың жүрегін жаулаған сері болдыңыз. Олардың хат жазып, қоңырау шалған кездері болған шығар?

– Әлі күнге дейін қоңырау шалады, хат жазады. Сол үшін үйде ұрыс-керіс болады. Мойындау керек. Қызық оқиғалар көп болды. Менің жүрген, сөйлескен қыздарым тұрмысқа шығып кеткен соң дос болып арасамын.


– Қазақ эстрадасында жүргеніңізге 20 жылдан асты. Әншілерге қандай жағдай жасалуда? Мемлекеттен қамқорлық көрдіңіз бе?

– Мемлекеттен бізге ешқандай қамқорлық жоқ. Бұрын да болмаған, келешекте болмаса. Өйткені, өздері соған әкеліп тіреп қойған. Тойға шығып күн көрмеске тағы болмайды. Телеарнаға шығу үшін бізден ақша алады. Егер осы жағы жеңілдеу болса, өзгеретін шығар. Үй сатып алмадым. Тірнектеп жинап келе жатырмыз. Әзірге жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Ақшам жиналғанда алатын шығармын. Ешқандай жеңілдікке кірмеймін. Көпбалалы отбасы болғанда кезекке тұратын шығармыз. Пәтерсіз, үйсіз де бақытты бола аласың. Ең бастысы мидан алып тастау керек.


– Еңбегіңіз жансын. Шығармашылығыңызға табыс тілейміз.


Дайындаған Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ

ТАҒЫ КӨРІҢІЗ:


«Аузын жыбырлатқан албасты»: Мақпал Жүнісова өзін ғайбаттаған Зейнеп Ахметоваға ренішін білдірді


«Сөзі сүйегімнен өтті»: Ырысбала Икрамбай өзін балағаттаған адамды кешірім сұратқызды