«Ауыр жұмыстан қашпадым»: Бір ғана видеомен танылған пародист өмір жолынан сыр шертті

0
3 440

«Видеодан кейін де сол баяғы қарапайым Бекпін»


«Ауыр жұмыстан қашпадым»: Бір ғана видеомен танылған пародист өмір жолынан сыр шертті

Ол ауылда отын шауып отырып-ақ Тұрсынбек Қабатов, Жанар Айжанова, Нұржан Төлендиев, Еркін Нұржанов сынды өнер адамдарына пародия салды. #отыншапқыш, #пародия, #зәмзәгүләже, #таныссызтанылғандар хэштегтері Бекмаханбет Байтұрсыновты желіде әп-сәтте жұлдыз қылып жіберді. Осылайша қарапайым ауылда тұрып-ақ, қарапайым видео түсіріп-ақ танымал болуға болатынын тағы бір көрсетті.

Бек Байтұрсынов пародия салудан бөлек, тойларда асаба болып қызмет атқарады. Көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры, сурет салып, қолөнермен айналысады. Жалпы, сол отын шауып отырып түсірілген видеоға дейін оның өмір жолы шытырман оқиғалы кинохикая іспетті. Істемеген жұмысы жоқ. Жүк көтеруші, көлік жөндеуші, құрылысшы... Ауылдан шыққан сан түрлі талант иесі Бек Байтұрсыновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


– #Таныссызтанылғандар хэштегі бойынша ауылда отын шауып отырып - ақ танымал болуға болатынын көрсеткен жансыз. Сол видео түсірілгенге дейін қандай Бек едіңіз, одан кейін өміріңіз өзгерді ме?

– 1986 жылы 26 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келгенмін. Қарапайым отбасында өстім. Алғашқы рет Жанар Айжанова апамызға пародия салдым. 1994 жылы Жаңақорған ауданы, Шалқия ауылынакөшіп кеттік. Сол ауылда жүріп «Бауыржан шоудың» интермедияларын сахналайтынбыз. Шалқия орта мектебін 2004 жылы бітіріп, Шымкент қаласындағы Қазақ-араб университетіне оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң 2 жылдай бос жүрдім. Одан соң әскерге кеттім. 1 жыл әскери қызметкер, 3 жыл келісімшартпен жұмыс істедім. 2015 жылы арман қуып Алматыға жеттім. Асабалықпен айналыстым, арасында жүк көтеруші, көлік жөндеуші, құрылысшы да болдым. Пародиямен шығам дегенше ауыр жұмыстың ешқайсысынан тартынбадым. Бірақ, пародияны қалдырған емеспін. Қосымша жұмыс сияқты қабылдап кеткенмін.

Ал видеодан кейін де сол баяғы қарапайым Бекпін. Елдер танып, суретке түсіп жататыны болмаса (күліп).


– Негізгі мамандығыңыз қандай?

– Негізгі мамандығым – география пәнінің мұғалімімін. Бірақ, мамандық бойынша мүлдем жұмыс істеген жоқпын. Диплом – қалтада, жұмыс қайда барады деп жүрміз ғой.


– Қазақ пародиясына қосылып, сап түзеп жүрсіз. Қазірде қанша дауыс сала аласыз?

– Негізі 15 дауыс қой. Арасында ойыншық сияқты әртүрлі дыбыстар бар.


– Даусын салу қиынға түскен тұлғалар болды ма?

– Жұбаныш Жексенұлы ағамызға 3жылдай дайындалдым. Оның даусын салу өте қиынға соқты. Дегенмен, нәтижеге жеттім, салдым. Бірақ, кейіннен салмай қойдым.


– Жеке өз басыма, аға, сіз салған пародиялар өте ұнайды. Дегенмен, сыншыл көрермендердің сынын қалай қабылдайсыз?

– Иә, маған айтылатын сын көп болды. Айтылғаны дұрыс. Сын түзелмей, мін түзелмейді демекші, сыналмаса, адам түзелмейді ғой. Менің пародияларыма 10 жылдай уақыт болды. Әбден екшелді, талданды, таразыланды, сыналды. Кей адамдар пародия салуды оп-оңай деп ойлайды. Әсілі, пародия – қиын жанр.


– Танымалдылық қалай әсер етіп жатыр?

– Қатты әсер етіп жатыр деп ойламаймын. 2014 жылдан бері ТВ саласында жүргеннен кейін жұлдыз ауруы бізге қатты тие қойған жоқ. Студент кезде біраз ауырдық... 2004-2008 жылдары «Жайдарман» ойындарын ойнағанда әжептәуір жұлдыз едік. «Кім келе жатыр, «Баспалдақ», «Тарихтың тарландары» келе жатыр» деп әлгі жерде әлдеқандай болатынбыз. Қыздар қаумалап, суретке түсетін. Ондай сырқаттан сол кезде өтіп кеттім.

– Сол видео түсірілгенге дейін Тұрсынбек Қабатовтың әзіл, шоу бағдарламаларына қатысып, жұлдызыңыз жанбаған екен. Бір ғана видеомен хит болып, бүткіл Қазақстанға таралып кеттіңіз. Қалай ойлайсыз, бұл бақ па?

– Бұл да Алланың берген бағы деп ойлаймын. Еңбектенген адам түбі жемісін көреді екен. Ұлы Гетенің «1 пайыз ғана талант, 99 пайыз еңбек» деген тәмсілімен келіспеске шара жоқ. Тұрсынбек Қабатовтың бағдарламаларында жұлдызым жанбаса, Асылбек Боранбаевтың ТТТ театрында өнер көрсетуді маңдайымызға жазылған екен. 2017-2020 жылдар аралығында Асылбек ағамызбен бір театрда, бір сахнада көптеген қойылымдарда бірге ойнадық. Ол кісі өнеріме бағыт-бағдар берген ұстазым.


– Жақында «Қызық lives» бағдарламасында Тұрсынбек Қабатовтың алдында өзін салып бердіңіз. Жалпы, ол кісі сіздің өнеріңізді қалай қабылдады?

– Өте жақсы қабылдады. Тұрсекең мені 2014 жылдан бері таниды, өнеріме әбден қанық.



– Кинотүсірілім алаңындағы, бейнебаянға түскен суреттеріңізді жүктеп жүрсіз. Сізді енді актерлік қырыңыздан танимыз ба?

– «Пәленшеевтер», «Сүйіктіме», «Тойхана2», «Акимат қайда қарап отыр?» деген сияқты көптеген сериалдарға түстім. Иә, бұйыртса, актерлік қырымды да тамашалайтын боласыздар.


– Тұрсынбек Қабатовты, Жанар Айжанованы, Еркін Нұржановты сала беріп жанкүйерлеріңізді жалықтырып аламын деп қорықпайсыз ба?

– Шыны керек, бір Алладанғана қорқамын. Жалықтырып алудан қорықпайды екенмін. Жалықтырып алмас үшін көп шыға бермеу керек. Пародиядан көп адам жалығып кетеді. Мысалы, біздің үйдегілер жалығып кеткен. Шыны керек, тыңдағысы да келмейді. Жаңа пародиялар саламын деп алға ұмтылып жатырмын. 7-8 адамға дайындалып жүрмін. Шынымды айтсам, пародия салу өте қиын. Қаншама тер төгуің керексің. Әбден піспейінше шығарғым келмейді. Оған дейін ескісін салып жүре беремін.


– Шмән ападан аумайтын Зәмзәгүл әже дейтін образды таңдап алыпсыз. Ерболат ағамыз бәсекелесін қалай қабылдады екен?

– Шмән апаныкі жәәй қимылдайтын кемпір. Менің Зәмзәгүл әжем шапшаң қимылдайтын кемпір. Ерболат Төлегенов басында қарсы болды. Оған айттым, түсіндірдім. Образға бола таласпайтын шығармыз. Ол өз миссиясын орындап тастаған кісі ғой.


Батыр блогермен сұхбатыңызда аспазшы екеніңізді білдік. Пародист боп танылып келе жатырсыз. Көпшілік білмейтін тағы қандай қырыңыз бар?

– Көпшілік біле бермейтін қырым көп. Сурет салғанды, қолөнермен айналысқанды жақсы көремін. Өнерге біртабан жақынмын.


– Өзіңізді, өнеріңізді жетілдіру үшін не істейсіз?

– Түрлі видеолар көремін. Дауыстар жаттаймын. Вокалдық дайындыққа қатты мән беремін. Есту қабілетімді ұдайы жетілдіріп отырамын. Дыбыстармен көп жұмыс істеймін.


– Той бизнес әлеміне өзіңізді дәлелдеуге қанша жылыңыз кетті?

– Көпшілік ұнатса шақырады, ұнатпаса бармаймын. Басында Алматының асабалары арзан бағалап мойындамаған болатын. Қазір, шүкір, көпшілігі ұнатып, аттай қалап шақырып жатады.


– Өзіңізді сұранысқа ие асабамын деп айта аласыз ба?

– Жоқ олай деп айта алмаймын. Қарапайым өнер иесімін.


– Сұхбат бергеніңізге рахмет! Өнердің биігінен көріне беріңіз!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Мейіржанға бостандық!»: Бір топ белсенділер Мейіржан Төребаевқа әділдік сұрады


«Қайда барсаң, онда кет!»: Қайрат Әділгерей мен Ерке Есмахан эфирде сөзге келіп қалды (видео)