«Мені танымал болмағандықтан шақырмаған шығар»
Назерке Серікболқызы – «Жастар» театрының талантты актрисасы. «Жібек» мюзиклінде – Жібек, «Моцартта» – Алоизия, «Нартәуекел» халықтық қаһармандық драмалық дастанында – Күлпәш, «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында – Айман… Бұл тізімді ұзағынан тізбектеуге де болады. Бірақ, жан-жақты өнер иесінің дубляж саласындағы кейіпкерлері тағы бар ғой. 2015 жылдан бастап Диснейдің халықаралық деңгейдегі мультфильмдерін қазақ тілінде дубляждауға үлкен үлесін қосып келе жатқан Назерке «Золушкада» – Дризелланы, «Ақшақарда» – Ақшақар, «Холодное сердце» – Анна, «Мона» – Моананы дыбыстаған. Дисней ханшайымдарының тең жартысын қазақша сөйлеткен актрисаны Голливуд көп әртістің ішінен аттай қалап, таңдап алыпты.
– Назерке, сіздің «Жастар» театрында өнермен тыныстап жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– «Жастар» театрында жұмыс істеп жүргеніме мамыр айында, бұйыртса, 7 жыл болады. 2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының қабырғасында 3 курс оқып жүрген кезде театрға іс-тәжірибеге алынған болатынбыз. Содан бері осы театрда келе жатырмыз.
– Ұстазыңыз атақты режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шекпенінен шықтыңыз. Сөз арасында әлі де «студенті сияқтымыз» деп айтасыз. Ұстазыңыздың қаталдығын, театрға адалдығын, талапшылдығын талай сұхбаттардан оқып, біліп жүрміз. «Жастар» театры деген деңгейді қалыптастырған да сол кісінің «қатаң режимі» десек, артық айтқандығымыз емес шығар. Анау-мынау киноларға түсуге тыйым салады дейді. Байқасақ, сіз өзіңізді әлі кино саласында байқап көрмепсіз. Ұстаз алдын кесіп өткіңіз келмегендіктен бе?
– Иә, кино жайлы сұрақтар жиі қойылады. Театрға жұмысқа тұрған кезде «Бірінші театрда белгілі бір жетістікке жетіп алған соң ғана киноға аяқ басқым келеді» деп өз-өзіме мақсат қойған болатынмын. Сонымен қатар өзіңіз айтып өткендей, біздің режиссеріміз Нұрқанат ағаның да ұстанымы сондай. «Актер, ең алдымен, театрда ысылу керек. Көптеген көрерменнің алдында керемет образдарды сомдап, содан кейін ғана киноға аяқ басқаны жөн» деп айтады. Мен сол ұстанымдамын. Театрға келе сала киноға көңілімді бөлген болсам, бәлкім, қазіргідей біраз спектакльдерде ойнамас па едім?! Өйткені, театр тірі ағза ғой. Ол жақтан кетіп қалсаң, сахнадан суып қалуың мүмкін. Ал нағыз кәсіби маман ретінде қалыптасып алғаннан кейін оны өзің білетін боласың. Енді мен 7 жылдан бері театрда еңбек етіп келемін. Ешқандай кастингке де барған жоқпын. Шақырту да алған жоқпын. Оның бір себебі, біз Нұр-Сұлтан қаласында тұрғандықтан да деп ойлаймын. Қазақстанда киноиндустрияның алға басып жатқанын көріп, киноға қызығушылығым енді ашылып жатыр. Бұрын киноға қатты қызықпағаным да сол ілгерілеу болмағандықтан да шығар.
– Киноға ұсыныс түссе, қандай жанрды қалайсыз?
– Барлығы проффессионалдардан құралған команда, қызықтыратын сценарий, бастысы, жақсы, ауқымды, жоба болса, ойланбас едім.
– Театрда жұмыс істеу, жалпы актриса болу мынандай қымбатшылық заманда оңай емес. Айлығы шайлығына жетпейтін, қаншама тер төккенмен, халыққа таныла бермейтін мамандықта қалуға, қаншама қиындықтарға қарамастан театрды тастап кетпеуге не себеп болды?
– Театрда жұмыс істеу, әрине, оңай емес. Біріншіден, менің сүйікті ісім. Бұл өмірде ұстанымым – миллиардтаған ақша тауып, байлық пен дәулетке қол жеткізу емес, өз жанымның азығын алсам, жаныма жағатын дүниемен айналыссам, содан артық ешнәрсе жоқ. Өзімнің сүйікті орнымда, сүйікті жұмысымда жүргеніме өте қатты ризамын. Қ.Тоқаев Президент болғалы театр саласына көңіл бөліне бастады. Біздің айлығымызды өсірді. Қатты өсіп кетті деп айта алмаймын, бірақ, шүкір, бұрынғыдан жақсы.
Жалпы театр актері бесаспап болуы керек. Ән де айтуы, биді де жақсы билеуі, дубляж саласы, кино саласын, бәрін жетік меңгеруі керек. Осыларды білген актер ешқашан жерде қалмайды. Табыссыз отырмайды. Әрдайым сұранысқа ие болады. Тек қана театрмен шектелмейді. Қазір көп қой, концерт жүргізу, т.б. Сондықтан, барлығы өзімізге байланысты деп ойлаймын.
– Дәл қазіргі кезеңде жастар тез шешім қабылдап, онысынан жылдам айнып жатады. Айналамыздағы көптеген адамдар мамандық ауыстырғысы келіп жүр. Әрбір істің қиындығы мен қызықшылығы қатар келетінін бағамдай бермейтін сияқтымыз. Мысалы, атақты дизайнер Құралай Нұрқаділова орта жастан асса да, дизайнерлікті қойып, психологияға бет бұрып, адамдарға ақыл-кеңес беріп жүр. Мұндай мысалдар өте көп. Қайсібір қиындықтарға қарамастан театрға адал болып қалған Назерке Серікболқызын 5-10 жылдан кейін басқа салада көруіміз мүмкін бе?
– 5-10 жылдан кейін қалай боларын бір Алла біледі. Бір білерім, мен өнерден кеткім келмейді. Кетпейтін де шығармын. Өйткені, бұл – менің орным. Өз орнымды тапқан адаммын деп есептеймін. Театр сахнасынан алысқа ұзамаймын. Қала берді кинода, жалпы өнерде жүремін. Осы күнге дейін басқа мамандықты ойламаппын да. Әлі күнге дейін менен «Егер актриса болмағанда қандай мамандық иесі болар едіңіз?» деп сұраған кезде ойланып қаламын. Сосын көз алдыма ешқандай мамандық елестемейді.
– Жалпы, қосымша кәсіп ашуға қалайсыз? Әлде театрдан босау мүмкін болмай ма? Егер сізге сондай мүмкіндік туса, неден бастар едіңіз?
– Жаныма жақын дүние болмаса, онымен айналысқанды ұнатпаймын. Кәсіп дегенге көзқарасым келешекте өзгермесе, қазір тек жаным қалайтын шығармашылығымды ғана алып жүргім келеді. Егер мүмкіндік туып жатса, кәсіпкерлікті де өнермен ұштастырып, жастарды өнерге баулитын мектеп ашатын шығармын.
– Заманауи актриса қандай болуы керек?
– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық театр фестивалі өтті. Сонда Грузиядан келген Лаша Чхарташвили деген сыншы болды. Ол кісі біздің театрдың «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» қойылымын көріп, «Мен нағыз заманауи актерлерді көрдім бүгін» деді. Себебі, актер қазіргі таңда тек бір саламен, бір өнермен шектелмеуі керек. Уақыттың зымырап алға басып жатқан кезі. Неғұрлым өнерің көп болған сайын сенің мүмкіндіктерің де көбейеді. Жалпы, «Жастар» театрының барлық қойылымында ән айтамыз, би де билейміз, актерлік шеберлікті де көрсетеміз, акробатикамен де айналысып жатамыз. Соның бәрі – актердің құралы ғой, қарап тұрсаңыз. Заманауи актер сондай болуы керек. Сосын ең бірінші білімді болуы керек. Өз саласын жіті білуге тиіс. Сонымен қатар қоғамға ашық болу керек. Өнер адамы болғандықтан, біздің жүріс-тұрысымызға, киген киімімізге, өзімізді қалай ұстайтынымызаға да қарап өсетін жастар өте көп. Дұрыс қой. Біз мәдениет адамдарымыз. Соның бәрін ұдайы қадағалауымыз керек.
– Енді сіздің дубляждағы қызметіңіз туралы әңгіме қылсақ. 2015 жылдан бері Диснейдің «Золушка» – Дризелла; «Ақшақар» – Ақшақар; «Алиса в зазеркалье» – Алиса; «Холодное сердце» - Анна; «Мона» - Моана; «Рапунцель» - Рапунцель; «Мұзды өлке» – Анна рөлдерін сәтті дубляждап шықтыңыз. Басқа да рөлдеріңіз көп. Голливуд сіздің даусыңызды көптің ішінен аттай қалып, таңдап алыпты. Жалпы дубляжға қалай келу тарихыңызды айтып бересіз бе?
– Академия қабырғасында екінші курста оқып жүрген кезде «Сахна тілінен» беретін Гүлнәз Әуесбаева деген апайымыз болды. Ол кісі «Малефисента» фильмінде Анджелина Джолидің кейіпкерін дыбыстайды. Сол кісі «Кастинг болайын деп жатыр. Барып өздеріңді сынап көріңдер!» деп айтқан болатын. Бірінші рет дубляждың кастингіне қатыстық. Ол кезде Диснейдің «Золушка» фильміне кастинг болды. Құрбым, театрдағы әріптесім Шехназа Қызыханова екеуміз кастингке бардық. Кастингтен өтіп, Шехназа Золушканы, мен Дризелланы дыбыстадым. Оңай болған жоқ. Бірінші фильм болғаннан кейін тәжірибеміз жоқ. Әйтеуір, апайымыз тіліміз таза болғандықтан жіберген шығар. Айжан Кәжейқызы деген апайымыз бізбен жұмыс істеп, біраз сабақ алдық. Бір рет көрінген соң тағы да шақырды. Жәймендеп жобаларға шақырыла бастадық. Астанаға келгеннен кейін «Арай медиагрупп» «Болашақ» корпорациясымен бірігіп Диснейдің көптеген фильмдерін дыбыстады. Біздің қуанышымызға орай, жұмыстың басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында болды. Жалпы, қазіргі күнге дейін көп дубляж астанада дыбысталып келе жатыр.
– Қазақ дубляжының жай-күйіне тоқталайықшы. Бізде ән айтатын актрисалар аз, сондықтан, музыкалық жобаларға танымал әншілер шақырылады деп жатады. Бұл расымен солай ма, әлде біздің актерлердің деңгейін жетік бағаламау ма? Қазақ дубляжының мүмкіндігі қай деңгейде?
– Бізде ән айтатын актрисалар аз деп айта алмаймын. Жалпы, академия қабырғасында оқып жүргенде «Музыкалық театр әртістері» дәрісінде бізге көбінде академиялық вокал, яғни опералық вокалды үйретті. Біз көптеген оперетталардағы әндерді айттық, 4 жыл бойы академиядық вокалға шынықтық. Сосын адамның даусы соған сәйкес қойылып қалады екен. Ал Дисней жобалары әндерінің 80 пайызы эстрадалық вокал бойынша келеді. Яғни, оған мүлдем басқа дайындық керек. Ол академиялық вокалдан мүлдем басқаша. Бәлкім, осы жағынан бізде қиындық туып жатады. Бізге қаншама жыл опералық әндерді айтып үйренгеннен кейін эстрадалық вокалға ауысу қиынға соғады. Ал әйтпесе, ән айтатын актрисалар өте көп. Қазіргі дубляждың мүмкіндігі жоғары, керемет деңгейде. Дубляж саласында қызмет етіп жүрген актер, актрисалар да жетіп артылады. Соңғы жылдары Диснейдің мультфильмдері өте кәсіби, заманауи дыбысталып жатыр. Енді бізге тек көрерменді көбірек тарту, кинотеатрға қазақтардың көбірек барып көруі ғана қалды. Себебі, кезінде телеарнада жүріп жатқан сериалдардың кесірінен біраз адамдарда қазақша дубляжға деген «Ой, қазақша дубляж көргіміз келмейді, бәрін жасанды сөйлейді» деген сияқты теріс стереотип қалыптасып қалған. Ондай да болған шығар. Ал қазіргі үлкен жобаларды қарасаңыздар, ол жерде үлкен мамандар жұмыс атқарады. Сондықтан, соларды көбірек насихаттауымыз керек.
– Ақыры дубляж туралы айтқан екенбіз, мына сұрақты қоймасқа болмады. Сіз Диснейдің бүткіл ханшайымдарының тең жартысын қазақша сөйлеткен бірден-бір қазақ актрисасысыз. Сахна тіліңіз де, даусыңыз да, диафрагмаңыз да тамаша. «Болашақ» ассоциациясы ұйымдастырған Диснейдің концертіне сізді шақырмапты. Осы орайда іштей өкпе-наз туындамады ма?
– Иә, бұл туралы сұрақ өте жиі қойылады. Диснейдің концерті бір емес, екі рет болды. Екі ретінде де ешқандай шақырту алған жоқпын. Бұның жауабы мынадай. Мен жұлдыз, блогер емеспін, инстаграмымда көп оқырманым болмағандықтан шығар деп ойлаймын. Сол үшін ғана. Концертке өзіммен бірге көп аудиторияны алып келе алмаймын. Мүмкін, сондықтан шығар. Ұйымдастырушылардың бір мақсаты сол ғой. Концертке барлық біздің танымал әншілерді шақырған. Сол кісілер келіп ән айтады. Өйткені, олар өзімен бірге көрермен алып келіп, залды толтырады. Ал мені жәй ғана театр актрисасы және танымал болмағандықтан шақырмаған шығар. Әрине, кәсіби тұрғыдан алып қарағанда өте дұрыс дүние емес. Өйткені, менің дыбыстаған барлық кейіпкерімнің әндерін өмірі естіп, көрмеген әншілер оркестрмен айтып тұр. Әрине, маған ауыр. Ренжімеймін. Бірақ, біртүрлі сезімде боламын. Өзіңіз ойлап қараңызшы, шетелде мұндай жағдайға жол берілмейді. Кім дыбыстады, қай жерде болсын соның әнін айтып, сол бейнені береді. Ал бізде, Қазақстанда, өкінішке қарай, осындай жағдайлар өте көп кездеседі.
– Ұйымдастырушыларға бір ауыз айтып көрмедіңіз бе?
– Жоқ. Олар менің дыбыстағанымды жақсы біледі.
– Штамптан шықпай қаламын деп қорықпайсыз ба? Бір рөліңіз екіншісіне ұқсап кететін сәттер бола ма?
– Адам болғаннан кейін, сіз қанша ролді ойнасаңыз да, актер қанша тырысқанымен де, әр образды әртүрлі жасағанымен де, барлығын жасап жатқан бір адам. Бірақ, әр образды образ ретінде қарап іздену керек. Өте жанкешті еңбек. Әр образды зерттеп, електен өткізу керек. Оның бағасын көрермен беріп жатады. Сырт көз сыншы дейді ғой. Менің ең басты қағидам, мені көрермен ретінде актерлер сол кейіпкерге, сол жағдайға сендірсе болды. Егер мен сол актерге сенсем, ойыны менің жүрегіме жетіп, мені тебірентсе, маған сол жеткілікті. Ары қарай мынау мынаған ұқсап кетті демеймін. Ең бастысы, актер көрерменді сендіре білу керек деп ойлаймын.
– Қазіргі көрерменді таңғалдыру қиын ба?
– Қазіргі көрерменді таңғалдыру қатты қиын емес. Көрерменге эмоционалды әсер ету деген болады. Нұрқанат ағамыз әрдайым осыны айтады. Әр қойылған қойылым көрерменге жетіп, біз халықты көбірек ойлауымыз қажет. Кейде тек қана режиссерлер, театр сыншылары түсінетін, фестивальге арналған спектакльдер көбейіп кетіп жатады. Ал көрермен көбінесе түсінбей жатады. Әсілі, біз көрерменді ойлауымыз керек. Оларды сендіріп, бар жан-тәніңмен беріліп жұмыс істесең, таңғалдыру қиын болмайды.
– Шығармашылық жолда жүрген әрбір әртістің жұлдызды сәті болады. Жұлдызды сәтіңізді сезініп көрдіңіз бе?
– Киноның әртістеріне қарағанда театр әртістері анау айтты жұлдыз болып кетпейді. Дегенмен, Аллаға шүкір, біздің театрымыздың көрермені өте көп. Өзімнің оқырмандарым, танитын көрермендерім баршылық. Әр қойылымнан кейін инстаграмда көптеген хаттар аламын. Көңілінен шыққаным сол шығар деп оған қуанамын. Бірақ, жұлдыз болып кеттім деп айта алмаймын. Маған осылай ыстық лебізін білдіретін көрермендеріме тек алғысымды білдіремін.
– Жан бағу үшін «Халтура»-ға көп бардық деп айтыпсыз бір сұхбатыңызда. Қазір ше?
– Иә, студент кездері, театрға жаңадан келіп жатқан уақытта шықтық қой. Бірақ, білесіз бе, бізге «Халтура» деп те айтқызбайтын. Өйткені, ол халтура емес, ол нағыз еңбек. Өйткені, біз тойға шықсақ та, жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырсақ та, барлығын жоғарғы кәсіби деңгейде жасайтынбыз. Қазіргі таңда өз басым шығып жүрген жоқпын. Бірақ, концерт жүргіземін, дубляждамын. «Халтура» деп біздікілер тойды айтып кеткен ғой. Үлкен тойларға кәсіби маман ретінде қойылым дайындап шығамыз. Ол үлкен еңбек.
– Әрбір қойылымнан кейін шымылдық жабылғанда қандай сезімде боласыз?
– Спектакльдің қалай өткеніне байланысты ғой. Жақсы өтсе, «Уфф!» дейсің. Сәтсіз болып қалса, бір өкініш тұрады. Соған байланысты болады.
– Жолдасыңыз өзіңіздің группаласыңыз әрі әріптесіңіз. Бір теарда жұмыс істейсіздер. Ұдайы біргесіздер. Бұл жалықтырмай ма?
– Иә, жолдасым екеуміз бір театрдамыз. Жоқ, неге?! Бір-бірін шын жақсы көрген, ойы бір жерден шығатын адамдар ешқашан бір-бірін жалықтырмайды. Жаныңның жақын адамы сені керісінше толықтырады деп айта аламын.
– Әсерлі әңгімеңізге Алғыс! Жан қалауыңыз театрыңызбен бірге өсіп, өркендей беріңіз!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қатардағы полицейді жақсы көріп қалдым»: Зарина Омарова жеке өмірінің құпиясын ашты
«Менімен селфи жасайтындай ол кім соншама?!»: Роза Рымбаева суретке түскіш көрермен туралы айтты