«Домбыраны дүйім дүниеге танытқымыз келеді»: Голливудты бағындырған Temirlan & Yernat дуэтімен сұхбат

0
5 895

«Қазақстанда үлкен зал жинағанша, шетелде үлкен аудитория жинаған жеңілірек»


«Домбыраны дүйім дүниеге танытқымыз келеді»: Голливудты бағындырған Temirlan & Yernat дуэтімен сұхбат

«Үзілмесін қос шегің,

Заманды жырлап көр мына.

Тiлi жоғалған қазақтың,

Сен сөйлеп тұрсың орнына».

Қуан, қазақ! Қуан, Алаш! Temirlan & Yernat домбырашы ұлдарыңыз АҚШ-та өткен байқауда бас жүлдені иеленді. Бізде Голливудты бағындырған қазақтар көп емес. Үздік деп танылған домбырашылар дуэті жас та болса жарты әлемді аралап, дүйім дүниеге ұлттық аспабымызды танытып, таңғалдырып келеді. Израильдік пианист Вячеслав Ганелин домбырашы жігіттердің синхронды өнеріне, орындауына таңдай қағып, «жынды техникасына басымды идім» деп баға беріпті. «Жынды техника» дегені сұрапыл музыка, ерекше орындау, өзгеше әрлеумен шыққан туындылар ғой.

Жалпы Temirlan & Yernat дуэтінің құрылғанына бар-жоғы 5-ақ жыл. Аз уақыттың ішінде олар бағындырмаған белес аз. 2018 жылы АҚШ-та Арнольд Шварценеггер продюсер болған World Championships үлкен конкурсында алтын медаль жеңіп алған. Лондондағы Golden Time Talent пен Испанияда өткен Music Box International, Турциядағы «Bridge TV need for fest» және Music World халықаралық музыкалық конкурстарында лауреат атанған.


– Темірлан, Ернат! АҚШ-та өткен байқауда Гран-при алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Естуімізше, бұл сіздердің алғашқы жеңістеріңіз емес. Талай халықаралық байқаулардың лауреаты атанып жүр екенсіздер. Бұл жолғы байқауда бәсекелестік жоғары болған шығар, иә?.. Жалпы байқаудың барысына тоқталып өтсеңіздер...


– Иә, бұл алғашқы жеңіс емес. Голливудтағы халықаралық байқауда аспаптық музыка номинациясы бойынша қазылар алқасын таңдандырған жайымыз бар. Биыл Голливудтағы жаһандық шығармашылық байқау онлайн режимде өтті.

Біз Испаниядағы кезекті жарыста жеңіске жеткеннен кейін АҚШ-тағы байқауға шақырту алдық. Ал бұл жолғы байқаудағы бәсекелестік деңгейі жоғары болды. Оған 36 елдің музыканты қатысты. Домбырамызды заманауи шығармамен жаңа стильде көрсетуді мақсат еттік.

Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде «Каприз 24» композициясын ұсындық. Екінші кезеңде Майкл Джексонның «They Don’t Care About Us» әнін домбырамен интерпретацияладық.

Қазылар алқасын біздің орындаушылық шеберлігіміз ғана емес, бейнебаянның реттілігі де тәнті еткен сияқты. «They Don’t Care About Us» әніне бейнебаянды Алматыда түсірдік. Қаладан тысқары жерлерді тауып, Украинадағы соғыста қирау кезіндегі кадрларды енгіздік.

Енді жақын арада Голливудтағы гала-концертте жеңімпаз ретінде өнер көрсетеміз деп отырмыз, бұйыртса.


– Бізде Голливудты бағындырған қазақ көп емес. Соның бірі өздеріңіз. Жалпы конкурстық биографияларыңызбен бөліссеңіздер.


– Біздің конкурстық биографиямыз қысқа деп айта алмаймыз. 2018 жылы АҚШ-та Арнольд Шварценеггер продюсер болған World Championships үлкен конкурсында алтын медаль жеңіп алдық. 2021 жылы екі ауқымды конкурсқа қатыстық: Лондондағы Golden Time Talent пен Испанияда өткен Music Box International. Турциядағы «Bridge TV need for fest» және Music World халықаралық музыкалық конкурстарында лауреат болдық.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетін енді ғана тәмамдағанымызға қарамастан, біз жарты әлемді айналып, дүниенің төрт бұрышында Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық домбыра аспабын танытып жүрміз.

Біз үшін қайсыбір байқау болсын пайдалы, олардың әрбірі кәсіби тұрғыда өсуімізге, басқа музыканттармен танысуға, әр алуан елдердің кәсіпқойларымен танысуға мүмкіндік береді. Бұл үлкен тәжірибе.


– Алғашқы шығармашылық жол қашан және қалай басталып еді?


– Біздің дуэтіміз 2017 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында оқып жүргенде құрылды. Бастапқы уақытта «Бастау» деген атпен шығып жүрдік. Кейіннен Temirlan & Yernat деген өз есімдерімізден құралған атауға тоқталдық. Темірлан – Павлодардан, Ернат – Жезқазғаннан. Біраз уақыттан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрамыз. Дуэтіміздің құрылғанына биыл 5 жыл толды.

Біз сабақ оқып жүріп те гастрольдерге шығып жүрдік. Бірінші университет оркестрінің құрамында Еуропа елдеріне турға шықтық. Екінші курс оқып жүргенде бізді Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсететін ансамбль құрамына қосты. «I am a Singer» байқауында «Дайдидау» әнін домбырамен сүйемелдеп шықтық.


– Димаш Құдайбергенмен бір оқу орнында бірге оқыған екенсіздер. Кейіннен Қытайдың ««I am a Singer» байқауында домбырамен сүйемелдеп, қолдау көрсетіпсіздер. Сіздердің жарыққа шығуыңызға Димаштың әсері болды ма?


– Әрине, Димаштың әсері болды. Оның бүкіләлемдік турында да бір шаңырақтың баласындай ат салысып, бір-бірімізді қолдап жүрміз.


– Халқымызда күй атасы Құрманғазыдан бастап атақты күйшілер династиясы шыққан. Бертінде Асылбек Еңсепов «Дэкко» стилін, «Ұлытау» тобы да өзіндік стилін қалыптастырды. Одан соң көзге түскен сіздерсіздер. Қай жанрда музыка шерткенді ұнатасыздар?


– Шынтуайтында, ең бағалы дүние, бұл – біздің ата-бабаларымыз мұраға қалдырып кеткен күйлер. Біз заманауи музыканы да орындаймыз, өз шығармаларымызды да құрастырамыз, сөйтіп, екеуін байланыстырып, яғни, этнодекостиль, этномодерн бағытында шығарамыз.

Біз дәстүрлі классикалық білім алдық. Бала кезімізден Асылбек Еңсеповтің домбыраны түрлі әрлеумен орындайтын ДЭККО стилі ұнайды. «Ұлытау» тобын да ерекше құрметтейміз.

Қазір түрлі музыкаларды жазып жатырмыз. Соңғы шыққан тректеріміз поп стилінде. Оны «дәстүрлі поп-музыка» деп атап жүрміз. Жуырда R&B стиліндегі композимиязды ұсынатын боламыз. Домбырамен түрлі жанрдағы жаңа музыка жазуға талпынып жатырмыз. Домбыра – әлі де толық ашылмаған аспап деп ойлаймыз. Оның келешегі кемел. Скрипка мен фортепиано сияқты классикалық аспаптар бүткіл әлемге белгілі, ал біз домбыраны да дүйім дүние білсе екен дейміз. Музыкада шекара болмайтыны ұнайды. Біз жиі тәжірибе жасаймыз, заманауи стильде жазамыз. Домбыраның ауқымды заманауи аудиториясы болғанын қалаймыз.

Әрине, кедергілер де кездесіп тұрады. Көп адамдар әртістердің өмірі оп-оңай және рахат деп ойлайды. Ал егер сен музыка мен шығармашылыққа аш болсаң, онда жақсы да сұрапыл музыка шығады. Біз бірінші кезекте өзімізге ұнайтын нәрселерді істейміз. Сонда оны тыңдарманға жеткізу оңай.


– Дубайдағы бүкіләлемдік EXPO көрмесінде еліміздің атынан өнер көрсеттіңіздер. Токио Олимпиадасында Қазақсан мәдениетінің амбассадоры болдыңыздар. Air Astana ұшақтарының ресми борт музыкасында сіздердің шығармаларыңыз шырқалып тұр. Домбыралы амбассадор болу қандай екен?


– Иә, EXPO көрмесінде 2 рет өнер көрсеттік. Одан әрі осы жылдың көктемінде Дубайда Димаш Құдайбергеннің концертіне қонақ ретінде қатыстық. «Токио Олимпидасына барасыңдар» дегенді есту де бізге тосын жағдай болды.

Бізді сол кездегі мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлавамен кездесуге шақырды. Әңгімелесу соңында Ақтоты ханым бізге сондай тосын жаңалықты айтты. Бірақ, ол кезде карантиннің күшеюіне байланысты біз Токиоға бара алмадық.

Біздің туындыларымыз Air Astana борттарында және Нұр-Сұлтан автовокзалында қойылады. Air Astana музыкалық амбассадоры екенімізді көп адамдар білмейді. Сол үшін жақында жаңа бір дүние шығаруды жоспарлап отырмыз. Елімізде домбырамен шығып жүрген жастар өте көп. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Бірақ, сапалы дүние жасаса, осы бағытты дұрыс ұстанса деген тілегіміз бар.

– Қазақтың ұлттық аспабы, мақтанышы – домбыра өз тұғырында ма, қалай ойлайсыздар?


– Әлі де домбыраға мемлекеттік деңгейде көбірек көңіл мен қаржы бөлінсе дейміз. Қазір жастардың креативті көзқарасы өте жақсы қалыптасып келеді. Домбыра әрдайым өз тұғырында. Тек сол ұлттық аспабымыздың шанағынан шын мәнінде сапалы дүние шықса деп армандаймыз.


– Сіздердің әрбір REELS-тарыңыз бір шағын кино іспетті. Мұның артында тұтас бір топтың еңбегі жатқаны сөзсіз. Продюсерлеріңіз бар ма? Командаңызда кімдер бар?


– Бізде осы уақытқа дейін ешқандай демеуші болған жоқ. Бәрі өзіміздің жинап-тергенімізбен істелініп жатыр. Әрине, бірнеше адамнан құралған тобымыз бар. Топтық жұмыстың нәтижесі ғой.


– Елімізден өзге шет елдерде домбыраны танытып жүрсіздер. Шекарадан ары қарай ұлттық аспабымыздың аудиториясы қалыптасқан ба? Домбыраға деген құрмет қандай?


– Аллаға шүкір, аудиториямыз тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша өсіп жатыр. Шетелдерде домбыраға деген үлкен қызығушылық бар екенін байқаймыз. Шетелдердегі түрлі іс-шаралар мен концерттерге жиі шақырту аламыз.


– Біздің елімізде талантыңды таныту үшін міндетті түрде шетел асып, сол жақты өнеріңмен тамсандырып келуің керексің. Осындай стереотиптің бар екені шындық. Мәселен, Димаш та, сіздер де шетел арқылы мойындалып жатырсыздар, солай ма?


– Ол шындық. Қолда бар алтынның қадірін білмейміз. Дегенмен, бұл стереотип ақырындап жойылып келеді. Елімізде жүріп-ақ танылып шетел асып жатқандар бар. Ал біз сияқты өнерпаздарға Қазақстанда үлкен зал жинағанша, шетелде үлкен аудитория жинаған жеңілірек болған сияқты. Өз елімізде тыңдарман әлі мұндай музыкаға дайын еместей көрінеді. Талғамы жоғары тыңдарман жоқ емес, бірақ аз.


– Сұхбат бергендеріңізге рахмет! Сіздерге шығармашылық өрлеу тілейміз.


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Киерге киімім болмады»: Асан Пердешов орта мектепті аяқтай алмағанын айтты


«Ұятты жиыстырып қойдым»: Айсәуле Бақытбек жартылай жалаңаш денесін көрсетті