«Голливудтағыдай гонорар бөлінбейді»: «Бауыржан шоудың» белді актрисасы Бақыт Әліпбаевамен сұхбат

0
5 294

«Сахнасыз қалу қиынға соқты»


«Голливудтағыдай гонорар бөлінбейді»: «Бауыржан шоудың» белді актрисасы Бақыт Әліпбаевамен сұхбат

Атақты «Бауыржан шоу» театрында «Құдағи, бір партия» интермедиясындағы сызылып қалған құдағи естеріңізде ме? Иә, иә, біз актриса Бақыт Әліпбаева туралы айтып отырмыз. Көрінбей кеткен бір бейне. Әйгілі өнер ұжымының жұмысы тоқтаған соң Бақыт ханымды көк жәшіктен оқта-текте ғана көріп жүргенбіз. Таяуда «Күшік құда» деген фильмде кедей құдағидың рөлімен жарқ ете қалды. Құдағи образы оның стихиясы сияқты. Атақты актрисаның өнерде һәм өмірде қандай жаңалықтары бар екенін сұхбаттан оқып біле аласыздар.


– Бақыт ханым, көпшілік өзіңізді жақсы таныған «Бауыржан шоудан» кейінгі өміріңіз қалай өрілді?

– «Бауыржан шоудың» соңғы концерті 2009 жылдың 8 наурызына белгіленген болатын. Ол кезде мен бір ғана рөлмен шықтым. Себебі, 4 айлық балам өте мазасыз, ешкімге көнбейтін. Жазда бір гастрөлге барамын деп, ол ешкімге көнбей, жолдасымды алдыртып, әбден қиналдым. Театр жабылған соң басқа актерлер өз орнын тауып жатты. Бір қарасақ Қуандық екеуміз бос жүр екенбіз. Бір күні «Екеуміз бірлесіп театр ашып көрсек қайтеді?» деп Қуандық маған ұсыныс тастады. Талпынып көрдік. 2013 жылы күзде Т.Жүргенов академиясының колледжіне жұмысқа орналастым. 0,3 ставкамен 6 студентке бір жыл бойы сабақ бердім. Содан бері колледж қабырғасындамын. Негізгі жұмысым – ұстаздық ету, «Сахна тілі» пәнінен сабақ беремін. Одан бөлек, түрлі тележобаларға, киноларға түсіп жүрмін.


– «Бауыржан шоу» тараған соң Қуандық Шәкіржанов екеуіңіз өз алдарыңызға жеке театр құрдыңыздар. Бірақ, ол театрдың ғұмыры ұзаққа бармаған сияқты?..

– Иә, бір жағынан өзімізді сынап көрдік. Әрине, сахнада жүріп қалған адамдарға бір сәтте сахнасыз қалу өте қиынға соқты. Бір концертімізді үлкен дайындықпен бердік. Қасымызда жас актерлер болды. Жалпы концерт жаман өткен жоқ. Телеарнаға шығарарда камераның сапасы төмендеу болғандықтан, насихаты аз болып қалды. Одан соң гастрольдік сапарларға шығып жүрдік. Екі балам, отбасым болғандықтан, маған өте қиындау болды. Ал гастрольдік сапарға шықпасаң табыс жоқ. Амалсыз шығуға тура келді. Содан соң колледжге жұмысқа кірдім де, шыны керек, қолым тимей кетті. Мүмкіндік болып жатса жалғастырармыз деген ойымыз болған. Бірақ, ол театр сол қалпында қалып қалды. Театр ашу оңай, оны ұстап тұру өте қиын екен.


– Нақты қандай қиындықтар екенін айта аласыз ба?

– Қазіргі заманда бәрі қаржы мәселесіне келіп тіреледі ғой. Материалды ешкім тегін бермейді. Сатып аласыз. Залдың жалгерлік ақысы да ұшып тұр. Актерлердің жалақысы бар. Қазіргі кезде гастрольдік сапардан аса бір пайда түспейтін сияқты. Театрдың формасын өзгерту қажеттілігі туындады. Себебі, біз сияқты театрлар көбейіп кетті. Біздің уақытымыз да, мүмкіндігіміз де жетпеді.


– Жалпы Қуандық ағамыз өнердегі серіктесіңіз. Ұдайы ерлі-зайыптының рөлін сомдап келесіздер. Үйдегі отағасы қызғанбай ма?

– Қуандық Шәкіржанов екеуміз Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасында бірге оқыған курстаспыз. Содан бері араласып келе жатқанымызға 33 жылдай болып қалды. «Бауыржан шоу» алғаш ашылған уақытта Қуандық отбасы жағдайымен ауылына кетті. 2000 жылдары қайта оралып, «Көк Москвич» деген атақты интермедияны екеуміз ойнадық. Содан бері тандеміміз бастау алды. «Хабар» арнасындағы «Дударай» деген бағдарламада, сосын «Жаңа қоныста» да ерлі-зайыптының рөлін ойнадық. Тойларға да ерлі-зайыпты ретінде шақырады. Жұрттың көбі Қуандықты менің күйеуім деп ойлайды екен. Ал жолдасым қызғанбайды. Ол менің жұмысым ретінде, біздікі творчестволық тандем деп адекватты көзқараспен қарайды. Ешқандай да «Неге сен Қуандықпен ойнайсың?» деген сөз болған емес. Біз отбасымызбен жақсы араласамыз. Қуандықтың келіншегі Арайды өте жақсы танимын, араласамын. Бізден төменгі курста оқыған. Сондықтан шығармашылық бірлестік қой біздікі.

– Актер болған оңай ма, актер тәрбиелеген оңай ма?

– Екеуі де оңай емес. Әрқайсының өзінің спецификасы бар. Менің ойымша, кез келген мамандықта өзіңнің ісіңді жақсы көріп істеуің керек. Мысалы, актерлік мамандықты жақсы көрмесем, менен актер шықпайтын еді. Актерліктің, әсіресе әйел адамға қиын тұсы көп. Көбіне түсірілімдер, гастрольдік сапарларда біраз уақыт үйден алыстап, отбасыңа қарауға мүмкіндігің болмай жатады. «Ән айтсаң жаныңды жеп айт» демекші, көп адам «актер болу оп-оңай, не қиындығы бар дейсің, шыға саласың, ойнай саласың» деп ойлайды. Астарына үңілмей, жеңіл-желпі қарайды. Ал бұл мамандық туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Актер тәрбиелеуге келсек. Мысалы, жақсы футболистен жақсы жаттықтырушы шығады. Ал кейде жақсы футболист болмаса да жақсы жаттықтырушы болуы мүмкін. Актерлер де солай. Жақсы актер болуы мүмкін, бірақ, жақсы педагог болмауы мүмкін. Болмаса керісінше. Сондықтан, екеуі де оңай емес. Мысалы, шәкіртің сахнада ойнап тұрғанда «Әй, өзім болғанда былай ойнап жіберер едім» деп тұрасың. Өзің көрсете алмайсың, ойыңды шәкіртің арқылы жеткізесің. Сол кезде толғатып тұрасың. Шәкіртің керемет нәтижесін көрсетсе, қуанып, кәдімгідей рахаттанасың. Бұрын ЖОО бітіріп кеткен біраз уақыттан соң барғанда ұстаздарымыз арқамыздан қағып, ризашылық кейіппен қарайтын. Сөйтсек, шәкіртіңнің биік жетістікке жеткенін көру – шексіз бақыт екен ғой.


– Керемет. Келесі сұрақ, «Медина» шәйін жарнамалап жүресіз. Жеке кәсіптің де басын шалған сияқтысыз. Сіздің біз білмейтін тағы қандай қырларыңыз бар?

– «Медина» компаниясының ашылу салтанатының өткеніне бір жыл болды. Негізгі жұмысты ұйымдастырып отырған менің жиен інім. Әйтпесе, мені қайбір кәсіпкер дейсіз?! Ол «Әпке, бірлесіп жасайықшы!» деп ұсыныс айтқан соң, көзді тарс жұмып бастап кеттік. Әзірге керемет айналым қаржысын жинап, пайда көріп жатқан жоқпыз. Бір жағынан ініме көмектескім келді. Шәй өте сапалы. Ішіп көргендердің бәрі міндетті түрде екінші рет сұрайды. Алматы қаласына ғана таратылады. Шәйді шығару оңай, ал ары қарайғы таратылуы өте қиын екен. Кәсібіміз ақырындап алға басып келеді.

Ал тағы басқа қырларыма тоқталар болсам, мен инстаграм әлеуметтік желісінде қыз-келіншектерге бет күтімі жайлы блог жүргіземін. Сымбатты болып жүрудің құпияларымен бөлісемін.


– Соңғы жылдары телеарналардан көрсетіліп жүрген толықметражды фильмдерде төбе көрсетіп жүрсіз. Көбіне отанасының, онда да квартирант отбасының отанасының рөлін сомдайсыз. Бір образбен шеңберден, штамптан шықпай қалмаймын ба деген ой болмай ма?

– Иә, соңғы жылдары бір типтес рөлдерді ойнап жүргенімді өзім де байқаймын. Бірақ, маған режиссерлер мүлдем басқа образ ұсынып жатқан жоқ. Сондықтан сол образбен шығып жүрмін. Бірақ, өзім кез келген рөлді алып шығатыныма сенімдімін. Осы образға ұқсамайтын, мүлдем кереғар рөлдерді ойнағым келетін сәттер болады. Өкінішке қарай, ондай ұсыныстар түспей жатыр. Режиссерлердің құлағына алтын сырға деп қояйыншы.


– Бір сұхбатыңызда «Біз де квартирант болғанбыз» деп айтып қалдыңыз. Құпия болмаса, қанша жыл пәтер жалдап тұрдыңыздар?

– Тұрмысқа шықпай тұрған кезде квартирант болдым. Әрине, ары-бері көшіп-қону, пәтер иесінің қас қабағына қарау оңай емес. Ол кезде бір өзім. Отбасыммен көшіп-қонып жүрсем өте қиын болар екен. Сонда бір есімде қалып қойғаны, сол маңдағы тұрғындар квартиранттарға екінші сорттағы адамдар сияқты қарайтын. Квартирант деген жаман, үйіне қонақ көп келеді, шулайды деп қарайтынын кәдімгідей сезетінмін. Көшіп-қонудан бұрын сол көзқарас маған ұнамайтын.


– Сахнада бәрі әдемі. Ал сахнаның сыртындағы шынайы өмір ше? Осы күніңізге қандай тәуекелдермен, қиындықтармен жеткеніңіз туралы сыр шертсеңіз...

– Дұрыс айтасыз, сахнада бәрі әдемі. Киноны көріп отырған адамға солай түсіріле қалған сияқты көрініп тұрады. Ал оның артында қаншама еңбек, тер, қанбаған ұйқы тұрады. Ең алғашқы рөлдерді шығара алмай қиналған кездерде «Менен актриса шықпайды-ау, бекер осы мамандықты таңдаппын» деген де ойлар болған. Бұл кез келген актердің басынан өтетінін кейіннен ұғындық. Себебі, рөл деген оңайлықпен шыға салатын дүние емес. Бір қарағанда ана жерінде күле салды, мына жерінде сөйлей салды деп ойлайды. Оны жасап, шығару, ойлап табу үлкен еңбек. Кейде мэтрлердің ойынын қараймын да «Осыған миы қалай жетті екен?» деп ойлаймын. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Рөл де– бала сияқты. 9 ай көтеріп, толғатып, сосын туасың. Әрбір рөліңді шығару адамды дүниеге әкелгенмен бірдей. Ал енді оң жамбасқа, табиғатыңа келетін рөл қатты қиналмай, жеңіл шығуы мүмкін. Рөлдерің бір-біріне ұқсап кетпеуі керек. Оны штамп дейді. Актердің штампқа бой ұруы да өте қиын нәрсе. Екінші рөліңді басқаша шығарғың келіп ізденесің. Сондайда қиналасың.


– Оқырмандарыңыз сізді «Бауыржан шоудан» кейін де түк өзгермеген» деп айтып жатады. Жастық келбетіңізді сақтап қалудың қандай да бір құпиясы бар ма?

– Иә, көпшілік «Бауыржан шоудан» кейін өзгермегенсіз» деп айтып жатады. Рахмет, әрине. Дегенмен, уақыт өзінікін алады екен. Аса бір құпия жоқ. Мен өзіме күтім жасаймын. Домбырашының құралы домбыра болса, скрипкашыныкі скрипка деген сияқты, актерлердің құралы – өзі. Сондықтан, өзімнің «жайылып» кетуіме жол бермеймін. Дұрыс тамақтанамын. Бет-әлпетіме де көңіл бөлемін. Өзім фэйс-фитнеспен айналысамын. Соның арқасында болуы керек, бетімнің дұрыс сақталып тұрғаны. Спортпен шұғылданамын. Біздің жасымызда көп қозғалып, өмірдің ағысынан қалмау керек. Одан соң бәрі адамның көңіліне байланысты ғой. Көңілімді таза ұстауға тырысамын.


– Отбасыңыз туралы, балаларыңыз туралы айтып беріңізші.

– Жолдасымның есімі Алтынбек, албанның жігіті. 2 ұлым бар. Үлкенім Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сыныбына көшті. Бұйыртса, келесі жылы мектеп бітіреміз. Екінші ұлым физика-математиканы тереңдетіп оқытатын Ходжиков атындағы лицейде оқиды. 8 сыныпқа көштік. Ата-енем Алматыда тұрады. Өзімнің әкем алдыңғы жылы қайтыс болды. Шешем ауылда інімнің қолында тұрады. Сіңлім тұрмыста, 4 баласы бар. Отбасылық жағдайым осылай.

– Сізде актрисаға қажетті келбет те, үн де, ойын да бар деп айтсақ еш қателеспеспіз. Бірақ, драмалық театрда бағыңыз жанбады. Қалай ойлайсыз, бұл ненің әсері болуы мүмкін?

– Институтты бітірген соң «Бауыржан шоуда» істедік те, театр жабылған соң драма театрына барғанымда «Орын жоқ, сіздің жасыңызға келетін рөлдер жоқ» деп айтты. Сосын театрдан бетім қайтып қалды. Одан соң оқытушылық қызметке бет бұрдым. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Қыздар педагогикалық университетінде психология мамандығы бойынша магистратура оқыдым. Бірақ, диссертациямның тақырыбы актерлік өнерде оқитын студенттерге арналған. Әдейі солай таңдап алдым. Өте қызықты болды. Қазір дәріс беруіме өте көп көмегін тигізуде. Өзімнің әдістемем бар, сол бойынша сабақ беремін. Сондықтан, драма театрында бағым ашылмады екен деген ешқандай өкініш жоқ. Ең бастысы, өнердің бір шетінде жүрмін ғой.


– Актриса болып ауқаттылардың қатарында өмір сүруге бола ма?

– Біздің елімізде актер, актрисалар ауқаттылардың қатарына қосылады дегенге келіспеймін. Бұл менің жеке пікірім. Себебі, бізде актерлердің еңбегі жоғары бағаланбайды. Мысалы, Голливудтағыдай гонорар бөлінбейді. Содан соң үлкен экранға шығатын фильмдердің прокатынан актерлер өзінің үлесін ала алмайды. Актер болып ауқатты болам десе, тағы басқа да табыс көзін іздеу керек. Тек осы мамандықтан байыпты дегенді естіген емеспін. Бірақ, рухани баймыз, материалдық түрде байып кете алу мүмкін емес шығар.

Менің байқағаным, 1990 жылдары ауыл-ауылды, облыстарды аралап гастрольдік сапарларға шыққанда мәдениет үйлері, клубтар қаңырап, бос қалған болатын. Сол есімде қалып қойыпты. 2000 жылдары мәдениет үйлері қайтадан қалпына келіп, кітапханаларға көңіл бөліне бастады. Сол кезде қуанған едім. Бірақ, мәдениет саласында жалақы көп емес. Ол жалақымен отбасын асырау өте қиын. Сол үшін жан-жақтан қосымша табыс көзін іздейді. Мәдениеті мен өнері дамыған қоғам одан әрі ілгерілеп даму үстінде болады деп ойлаймын. Сондықтан да мәдениет пен өнерге ерекше қолайлы жағдай туғызып, көңіл бөлінсе деген тілегім бар.


– Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет! Өнеріңіз өрлей берсін!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қамығасың, қажисың, қартаясың»: Қарақат Әбілдина әлсіздігін мойындады


«Беташардан хайп жасадым»: Амилай барша Қазақстаннан кешірім сұрады