«Қазақстанда ең қымбат әншілер – Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі» - танымал асаба

0
5 812

"Карантин басталғалы ысырапшылдыққа жол берген той көрмедім"


«Қазақстанда ең қымбат әншілер – Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі» - танымал асаба

Тойға рұқсат берілді. Карантин тұтас өмірімізге, соның ішінде қазақтың тойына да өзгеріс енгізді. Баяғыдай ас та төк дастархан, ығы-жығы адам, ысырапкершілік азайды. Ал тойдың сәнін кіргізер асаба, әншілердің қаламақысы ше?

Той тоқтап қалғаннан кейін белгілі бір деңгейде олардың табысы тоқтағаны аян. Карантиннен соң тойға рұқсат берілгенде той бизнес өкілдерінің бағасы қаншалықты «арзандады?» Қазақстанда ең қымбат әнші кім?

Осы және өзге де сауалдарды біз «НҰРШАШУ» продюсерлiк орталығының директоры, асаба, термеші, жоғарғы деңгейдегі мерекелік кештерді, тойларды ұйымдастырушы, атақты сазгер Шынберген Сүлейменовтің інісі Нұрбол Сүлейменовке қойған болатынбыз.


– Карантинде тойды жауып тастағанмен, тығылып өткен тойлар болды. Бұл да бір тарихтың қиын да қызықты бір парағы боп жазылары айқын ғой. Сондай тойларда өзіңіз де болған шығарсыз?

– Әрине, карантинде тойға бармадым деп айта алмаймын, бардым. «Халық қаласа хан да биесін сояды» демекші, той иесі қалап шақырса, неге бармасқа?! Бірақ, карантиндік шектеулер күшейтілген кезде елмен бірдей үйде отырдым.

– «Той деген ысырапшылық» дегенге келісесіз бе?

–Бұрын карантин алдында сондай ысырап тойлар кездесіп жататын. Бір жарым жылдан бері ысырапшылдыққа жол берген той көрмедім. Екіншіден, «той ысырап» дегенге көп келісе бермеймін. Той ол бата-тілек, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың сақталған жері. Сондықтан қазақ халқын тойсыз елестету қиын.

– Көптеген тойларды көріп жүрсіз. Қандай шектен шығуларды байқайсыз? Нендей кемшіліктің орнын толтыру керек?

– Тойды иесі дастарханынан бөлек тойдың программасына да көңіл бөлуі керек. Асаба, әнші, биші, видео, фотограф, әрқайсысын сол тойға лайықты дұрыс таңдаса ғой, шіркін. Біздегі тойларда әркімнің айтқанымен алып келеді де, кейін өкініп отырады. Тағы бір айтатыным, той иесі өз тойында әркімнен көргенін істемей, өз ойы мен қиялын қосқаны абзал.


– Концерт, тойлар тоқтап қалғанда «әншілер қалай күн көрер?» деген әңгіме айтылмады емес, айтылды. «Тойға рұқсат берілді» дегенде әлеуметтік желідегі пікірлердің арасында «Енді гонорарларыңды тағы да аспанға шығарып тастамаңдар. Әйтпесе тағы бірнәрсе боп жүрер» деген сияқты сөздер де жазылды. Расымен, той бизнеске қатысы барлар бағасын анау айтқан көтеріп айтпайтын шығар ендігі?

– Қайдам, баға карантин уақытында да онша түсе қойған жоқ сияқты. Сондықтан көтеріле де қоймайтын шығар. Той иесі қымбат асаба, әншілерге ұрынып қалмас үшін тойға қатысы жоқ, ортада жүрген делдалдардан сақ болуы керек. Өйткені, қазір тойға дым қатысы жоқ, бірақ, ортада жүріп нәпақа тауып үйренген жандар жоқ емес.


– Карантин асабалардың өміріне қандай өзгеріс алып келді?

– Бізге қосымша табыс табатын жұмыс керектігін үйретті. 2010-2020 жылдар аралығында өзім жеке «Нұршашу» продюсерлік орталығын аштым. Арасында «Шадия», «Романтик», «Екі жұлдыз» деген де жобалармен жұмыс істедім. Біраз жасты қанатымның астына алып, шәкірт тәрбиеледім. Қазіргі таңда карантинге байланысты той ұйымдастыру орталығының жұмысы тоқтап тұр. Тойларға жеке тапсырыс қабылдап жүрмін.


– Қосымша табыс табатын жолды таптыңыз ба?

– Әзірге балаларыма базардан сауда жасауға орын алып бердім.


– Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

– Сұраныс болса әзірге осы салада жүреміз, болмаса алған мамандығымыз бойынша жұмыс істейміз.


– Бізде тойда жанды дауыспен айтатын әншілер бар ма?

– Бар, бірақ аз. Көп әншілер фонограммаға үйреніп қалды. Адамның жұмысы жеңілдеген сайын соған үйреніп қалады екен ғой. Жанды дауыста ән айтатын өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, Айқын Төлепберген, Ғазизхан Шекербеков және біздегі ансамбльдер.


– Сіздің той сценарийіңіз өзге асабалардан несімен ерекшеленеді?

– Мен көбіне өнегелі сөз, мағыналы өлең шумақтары, керекті жерде әзіл әңгіме және арасында өзім ән айтамын.


– Асаба болу үшін қандай қабілеттер керек?

– Тек Алла тағаланың бергені дарыны жеткіліксіз. Көп оқуды қажет етеді.Әсіресе ақын, жазушылардың кітаптары, соның ішінде, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Толымбек Әлімбеков, Жүрсін Ермандар, т.б. Өзім қолым қалт етсе, кітап парақтауға тырысамын.


– Тойды қаншаға басқарасыз?

– Карантинде сәл-пәл халықтың жағдайына байланысты шықтық. Шымкентте той басқару 150-200 мың теңгенің арасында. Өзге қалаларға 1000$-мен шығамыз.


– Карантинге дейінгі тойлар бір-біріне ұқсас болатын. Жастардың серуені, торт кесіп, бір-біріне жегізуі деген сияқты. Бүгінгі тойларда эволюцияға ұшыраған салт-дәстүрлеріміз бар ма?

– Беташар деген той тек аты болмаса, көп жерде той өткізетін адам жақсы өткізетін емес, арзан жүргізетін адамды іздейді. Сол тойдың бет ашатын адамы тек келді, той өтті деу үшін ғана керек сияқты әсер қалдырады. Ал шынтуайтында беташар салты қазақ салт-дәстүрлерінің ішінде ең кереметі емес пе?! Жарқыратып, жайнатып өткізгенге не жетсін?!. Мәселен, бесік тойға бұрын әйелдер ғана баратын. Ал қазір бесікке еркектер де бара беретін болды. Негізі адам саны көп болған сайын, тойдың уақыты қысқарып, салт-дәстүрдің сиқы қаша береді. Айтайын дегенім, тойдағы сан сапаға тікелей әсер етеді. Ақша жағынан айтар болсам, дұрыс асабаға байланысты. Адам жағынан айтар болсам, анау айтқан көп адам шақырмайтын шағын тойлар мәнді де мағыналы болып өтетінін байқап жүрмін. Карантинде тойға енген ең басты өзгеріс те осы адам санының қысқару, той иесінің тек ет жақындары мен туыстары ғана келетіні деп айтқан болар едім.


– Өзіңіз басқаратын тойларға көбіне қай әншілерді шақырасыз? Байқаймыз, сіздің тойларыңызға кіл атақтылар келетін сияқты...

– Той иесі кімді қаласа сол әншіні шақырамын, жай ақша жасап кету ойымда болмаған. Яғни, той берушінің шама-шарқына және қалауына қарай ақылдаса отырып шақырамыз.


– Бізде ең қымбат әнші кім?

–Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі.


– Олар қаншаға келеді?

– 7000$-8000$ арасында.


– Той басқарып жүрген кезіңізде бастан өткен қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз...

– Қызықты оқиғалар көп қой. Бір әулеттің бірнеше тойын, бір шаңырақтың 4-қызын ұзатып, 1-2 ұлын үйлендірген сәттер де көп кездеседі.


– Тұтас әулеттің асабасына айналып кеткенбіз дейсіз ғой.

– «Сіз біздің отбасымызды түсінесіз, тойымыз жоғары деңгейде өтеді, жастарымыз өсіп-өніп жатыр» дегендей алғыстарын айтып, өздері қалап тұрады.


– Нұрбол аға, атақты шайыр, сазгер Шынберген Сүлейменовтің інісі екеніңізді білеміз. Сіздің өнер жолына түсуіңізге ағаңыздың ықпалы болған шығар?

– Әрине, ағамыз ән айтса ән айттық, терме айтса терме айттық, айтысса айтыстық, той басқарса той басқардық. Тек ән шығармадым, басқасының бәрінде ағамыз үлгі әрі ұстаз болып келеді.

--Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


Айдос "ВОДИЛА": Адамдардың жүргізушілерге деген пікірін өзгерткім келді


«Шаш үлгім, костюм, стиль, барлығының авторы – анам!» - Гүлмира Ізбасқанова, әнші