«Халықтың жүрегіндегі шындықты жеткізгім келеді»
Ол жүректегі шындығын, ашуын әнмен жеткізіп жүрген қарапайым қазақ. Қоғамдағы қайсыбір жәйтке де бей-жай қарай алмай, бұқараның көкейіндегі ойды өлеңмен өріп, елге белгілі әуендерге салып, оны әлеуметтік желіге жүктеп, блогер болып жүр. Ел басына күн туғанда небір шенділер, небір зиялы тұлғалар жұмған аузын ашпай, үн-түнсіз отырғанда инстаграмда _shakalat атымен танымал Шәкір Бақберген есімді азамат бар шындықты бір-екі шумақпен-ақ бүкпесіз ақтарып келеді. Тараз жарылғанда «Қару бізге қорған емес, өзімізге сор болғаны-ай!» деп аһ ұрса, қаралы қаңтар оқиғасынан соң «Қару еш атпайтұғын, алаңға шаппайтұғын, басқа емес, таксисі де билікті мақтайтұғын елге айналайық!» деп ұрандатты.
– Шәкір мырза, сіз асаба әрі блогерсіз. Қазақстандағы асабалардың ішіндегі журналисі дейміз бе, блогерлердің арасындағы асабасы десек пе екен?!. Өзіңіз жайлы аз-кем ақпарат беріп кетіңізші.
– Бірнеше жылдан бері қазақтың тойында асабалық қызмет атқарамын. Ашығын айтқанда, осының арқасында нәпақасын тауып жүрген азаматтың бірімін. Қазақстанның қай қаласы болса да, қандай тойы болса да қызметтеміз. Иә, блогермін. Дегенмен, азаннан кешке дейін мына жақтан шықтым, мына жаққа бардым деп әрбір дүниесін түсіріп жататын белсенді блогер емеспін. Халықтың көкейіндегі түйткілдерді, қоғамдағы халыққа ұнамды-ұнамсыз дүниелердің барлығын әнмен жеткізуге тырысып жүрген қарапайым қазақтың бірімін.
– Қоғамдағы көкейкесті қайсыбір мәселеге бей-жай қарамай, ҚР-ның экс Денсаулық сақтау министрі А. Цойдан бастап кеше қамалып шыққан Мұрат Әбділдаға дейін сынап өлең жазып, инстаграмға шығардыңыз. «Тыныш жүр!» деп айтатындар бар шығар?
– Өзімнің көкейімде жүргенді жоғары жақ естісе деп шығарған дүнием. Тек менің ғана емес, дүйім қазақтың көкейінде бар сұрақ болғаннан кейін бүткілі жалғасын сұрап кетті. Содан бері қазаққа кереғар нәрселерді, керек болады-ау деген дүниелерді шығарып жүрмін. Жанашыр жақындарымның ішінде қолдамай, «Қой!» деп айтатындар көп. Өйткені, өзіне зияны тиіп кетпесе екен деп уайымдайды ғой.
– Блогер болу қиын ба, асаба болған қиын ба?
– Негізі жауапкершілігін шын сезінген адамға асаба болу қиын. Қазір шығып жүрген жігіттерді өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Кез келген адам аузынан шыққан әрбір сөз бір адамға қуаныш сыйлауы мүмкін немесе бір отбасын бұзып жіберуі де мүмкін. Сондықтан, асаба болу оңай емес.
– Қазір асабаларға ізденіс жетіспейтін сияқты. Көпшілігі бір-бірінен аумайтын мәтін, тізесі шығып кеткен ойындар... Қалай ойлайсыз, мықты асаба өзін қалай дамытып отыруы қажет?
– Иә, асабалар да ұдайы ізденісте болуы керек. Ізденіссіз адам тұрып қалған су секілді. Тұрып қалған судың да уақыт өте келе иісі шығатындығы, дәмінің бұзылатындығы белгілі. Сондықтан, ізденісті тоқтатпау керек. Ізденіс деген тек қана күлдіріп, елдерді билете беру екен деу қателік. Айтып жатқан әзілінен, ойнатып жатқан ойынынан, басқарған әрбір тойынан, әрбір сөзінің астарынан жақсы ой қалдырса, сол ізденіс.
– Сіз жүректегі шындығыңызды, ашуыңызды әнмен жеткізіп жүрсіз. Ашуын сізден алып жүргендер жоқ па?
– Аллаға шүкір, «Аққа құдай жақ» деген бар ғой. Алланың қорғағаны шығар. Ондай оқиға әзірге болмады. Әйтпесе, қолы ұзын қаншама кісілерді әнмен қаттырақ сынап, әке-шешемді, бауырларымды уайымдатып қойған кездерім болды. Елді мазалаған нәрселер болғандықтан, ол кісілер де дұрыс түсінген шығар деп ойлаймын.
–Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерге ән жазып, вайн түсіріп жүрсіз. Бұл хайп қуудың не рейтинг жинаудың үлгісі деп ойлайтындарға не айтқан болар едіңіз?
– «Сен хайп қуып жүрсің, өзіңнің рейтингіңді көтергің келіп жатыр» деген сияқты пікірді жекеме жазып жатады. Ешкімге де ренжімеймін. Қандай видео шығарсам да, астында жазылған пікірлердің арасынан 1% ғана негативті оқимын. Қалған 99% қолдау пікір. Бұл әрі қарай жұмыс жасау үшін керек. Оқырмандардың қолдауы маған 100% мотивация береді. Менің осындай контент жасаудағы мақсатым – халықтың жүрегіндегі шындықты шеруге қырғын шығарып барып билікке жеткізу емес, оданша әнмен жеткізсек деген ой. Билік басындағылар әнді естіп, қорытынды шығарса, сондай бір керемет мемлекетке айналсақ деп армандаймын.
– Арманыңыз орындалсын! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Тек жылаумен болдым»: Мақпал Исабекова ауыр диагнозға шалдыққанын айтты
Тракторшының махаббаты, ұстаз, блогер: «Мегаполисте тұрмасам да, танымалмын, табыстымын»