Олардың тіл мен өнерге қатысты пікірі қақ жарылды.
Саяси салмағы бар науқан – референдум алдында руханият, өнер, шоу бизнес өкілдері де жаңа Қазақстанды бірге құруға ат салысып жатыр. Әншілер әлеуметтік желідегі парақшасында үндеу жазып, таратты. Өнер иелері екі мәселе бойынша пікір білдіріп, үн қосты.
«Ең бірінші, "Тіл туралы заңның" 5- бабында: "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген мәтінді алып тастауды талап етемін. Тіліміз өз мәртебесін алуы тиіс.
Еліміз көп ұлтты мемлекет болса да, бұл елдің иесі - Қазақ, бұл елдің тілі қазақ, бұл елде мүддесі биік тұруы тиіс тіл - ол Қазақ тілі!
Екінші, талап: елімізде өнер саласында сүзгі немесе талап енгізілсін.
-Анайы сөз, мағынасыз өлеңді ән қылып айтқан әншіге;
-"Сары пресса" деп бүркеніп, бір ауыз сөзді іліп алып, өзгертіп, жала жауып, жалған ақпарат таратып кететін сауатсыз "журналистке";
-хайп қуып, рейтинг қуып, баланың санасын улайтын, пайдасынан зияны көп, біреудің төсегін, бір елдің өсегін сөз ететін бағдарламаға;
-Ұятсыз фильмдер, бағдарламалар беретін телеарналарға;
-боқауызға толы контент жасайтын ютуб каналдарға;
-негізсіз ақпарат тарататын кез келген БАҚ өкіліне;
-Сахна мәдениетін, этикасын сақтамаған өнер адамына;
Нақты талап, тиым болсын», - деген екі талапты Президенттен бастап жоғарғы билік парақшаларын белгілеп жеткізді.
Сөзінің тоқетеріне «Жаңа Қазақстан бір күнде құрылмайды. Оны Сіз бен Біз құрамыз. Әр нәрсеге немқұрайлық танытып, өзіміз үйде үш сағат эфир көріп отыра бермей, референдумда барлығымыз белсенді болайық!» деген ойын шегелеп жазды.
Дәл осы талапты қазақ эстрадасындағы Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Қыдырәлі Болманов бастаған, Абай Бегей, Әсет Қарабалин, Алтынай Жорабаева, Талғат Жорабаев, «Жігіттер» тобының продюсері Ерғали Әбдірайымов, Жігер Аупбаев, Зарина Омарова сынды өкілдерінің салғанын оқыдық. Әрине, бұл тізімді ұзын-сонар жалғастырып кете беруге болар еді. Көзге түскендерін ғана тіздік.
Дегенмен бұл талапты парақшасына салмаған әншілер де бар екен. Мақпал Жүнісова, Ерке Есмахан, Мақпал Исабекова, Еркін Нұржанов, Ердос Қанаев сынды әншілердің аккаунтынан бұл мәтінді көзіміз шалмады.
Бір топ әншілер тағдыршешті саяси науқанға саналы түрде атсалысуға шақырып жатқанда Саят Медеуов: «Бір кездері шегіртке деп кемсіткенде, өре түрегеліп айғай салдық. Ал, менің өнердегі кейбір әріптессымақтарымның істеп жүргеніне қарасам, “енді шегіртке емей не болдық. Менің қатарымдағы жасы елуге таяп қалған кейбір бауырларымның қылығы қарынды аштырады. Ырбың-жырбың, түкке тұрғысыз әңгіме, аузынан ақ ит кіріп көк ит шыққан былапыт сөз. Елуде ел ағасы болып бата беретін жасқа келдіңдер ғой. Бүгінгі құлқынның құлы үшін бақауыз сөз айтып сайқымазақ болып жүргендеріңді ертең қартайғанда немере-шөбереңе қалай түсіндіресің? Қай бетіңмен оларға ақыл айтасың? Олар сайқызмазақ, аузының дуасы жоқ шалды тыңдай ма? “Атан түйе құтырса жұт болады” деуші еді ақсақалдар. Бүгін танымал болудың ең оңай жолын таңдағанмен, ертеңгі күнімізді неге ойламаймыз? Құрметті президент мырза және депутаттар, ұрпақтың болашағын ойласақ, қазақы құндылықтары сақталған ұлт боламыз десек, бүгінгі бетімен кеткен әлеуметтік желіні ретке келтіру керек. Аузына келгенді айтып интернетке жүктейтінді жүгендейтін заң шығаруыңызды талап етемін. Мен үшін тәрбиелі, санасы ояу, білімді ұрпақтың болашағы маңызды. Елдің ертеңін ойласақ барынша бөлісіп, жоғарыға жеткізейік. Қолдау күтемін», - деп ашынып ащы шындығын ақтарды.
Саят ағамыздың сынынан сәл уақыт өтпей-ақ қазнетте сұмдық оқиғаның видеосы тарап кетті. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында «Ирина Кайратовна» мен Shiza атты әнші көк туды умаждап, қорлап, аузына келгенін айтып, бейәдеп қылықтар көрсетті. Ол масқараны көрген қазақ қоғамы өре түрегеліп, қарсы шықты. Аталған әншілердің жәй ғана кешіріммен құтылып кете алмайтынын, іс жүзінде қатаң жазаға тартылуын талап етті. Адвокаттар ҚР Президенті мен Бас прокуратурасына арыз-шағым түсірді. Оның қашан қанағаттандырылатыны, істің сотқа жететіні әзірге беймәлім.
Қағынан жеріген әншісымақтардың әрекетін әріптестері де жерден алып, жерге салды. Қазақ өнерін жерге қаратқаны үшін қынжылды. Қазақ эстрадасының мақтанышы Мейрамбек Беспаев «Тоқ заманда туған жастар сахна төріне шығып, мемлекеттік рәмізімізді қорлап, аузына келгенін оттап ойран салуда. Осындай есерлік пен ессіздіктің сазайын беретін заң орындалуы тиіс. Мейлі ай бол, жұлдыз бол, кім болсаң ол бол біздің көк туымызды қорлауға ешкімнің қақысы жоқ. Бұл бір “КЕШІРІМ” сұрап құтыла салатын мәселе емес. Қатаң түрде жазасын алып, айыбын өтеуі тиіс» деп ашығын айтты.
Жастардың ессіз әрекетіне танымал әнші Қарақат Әбілдинаның ұйқысы қашып, мазасы кетіпті. «Қалай шығарды сахнаға? Өнердің, сахнаның киесі деген болатын-ды. Бұрын. Ал қазір? Заманауи эстрада деген осы екен деп, өнердің есігін айқара ашып тастадық. Кім көрінгенді тайраңдатып қойдық. Енді отырмыз “Ит жоқта шошқа үредінің” кебін киіп…
Қайтеді екен? Кешірім сұраған бір видео жолдап, азын-аулақ айыппұлды төлеп қойып, тайраңдай бере ме екен тағы да? Ал ол концертке баратын кілең мектеп жасындағы жасөспірімдер мен студенттер… «Жаңа Қазақстан! Референдум! Ел боламыз!»дейміз. Ел ерге қарамаушы ма еді? Ер дегеннің сиқы мынау… Тал бесіктегі тәрбие тоқырап… Ұлттық салт- сана, тіл, дәстүр түбімен қирап жатыр. Ұрпақ болашағы үшін дабыл қағатын шақтамыз, қазағым», - деп дабыл қақты Қарақат Әбілдина.
Жүрегі қазақ деп соққан әрбір адамның ойы осы тақылеттес болатыны айқын. Бірақ, сахнаны, қазақты қорлаған жас жігіттердің тірлігіне қатысты солқылдақ пікір айтып жатқандар да бар. Мәселен, белгілі продюсер Жан Мұқанов өз парақшасында алдымен «Барлық жастар еліктейтін топ ел алдына мұндай масаң күйде шықпауы тиіс еді. Мейлі жұлдыз бол, табысты бол, қайырымдылықпен айналыс, бірақ, тепе-теңдікті сақта!» деген сыңайдағы пікірін жариялап еді.
Осыдан бір күн өтер-өтпесте «Бәріміз де жас болдық, мас болдық. Жас кезде кім қателік жібермейді? Бірақ, бір ғана қателік адамды «жойып» жіберуге себеп емес. Менің 20 жылдық тәжірибемде мен әртістердің 90%-ын мас күйінде, боқтап, өзін дұрыс ұстамаған күйінде көрдім. Жұмыс күндері таза адамның бетпердесін киіп, демалыста бардан шықпайтындар да аз емес. ИК тәжірибелі, өте танымал, мықты әртістер, Шиза болса ньюсмейкер, оларды жәй ғана кешіріп, ары қарай жүре берейікші! Ал егер екінші рет осы нәрсе қайталанса, мен осы әртістерді барлық алаңдардан аластатамын және бұл туралы айқайлап айтатын боламын. Жігіттер кешірім сұрап, қоғамдық жазаға тартылуы керек, мысалы сол концерттен түскен табысты қайырымдылыққа жұмсап дегендей. Бірақ, бұл жігіттер әрдайым мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүреді. Мен тек еліміздің музыкалық индустриясының онсыз да кері кетіп жатқанына алаңдаймын, көпшілігі шетелдерге кетіп, сол жақта өмір сүруде. Ал бұл жігіттер барлық қиындыққа қарамастан музыка жасап, осында қалды және өз үйінде көтеріліп келеді. Сіздерден өтінерім, бір ғана ақымақтық әрекетке бола көп жылдық еңбекті сызып тастай салмайықшы!» деген жазбасын жариялады.
Дәл осындай солқылдақтықты белгілі жазушы Олжас Сүлейменовтің де аузынан естідік. Бірақ, туды қорлаған жігіттерге қатысты емес, қазақ тіліне қатысты оғаш пікірі жұрттың ашуын келтірді. Жаңа «Қазақстан Халық Конгресі» партиясын құрып жатқан ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов тілге қатысты жасаған мәлімдемесі жаға ұстатты. Жазушы болашақта Қазақстанда орыс тілінің статусы туралы мәселе көтерілуі мүмкін екенін ескертіп, тіл мәселесіне келгенде Ата заңымызда орыс тілінің мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы керектігін айтты.
«2014 жылы Украинаның дарынсыз басшылары украин тілін ғана заңды тіл деп жариялады. Орыс тілін заңсыз тіл деді. Сол себептен Украина шын мәніне келгенде мемлекеттігінен айырылып қалды. Сондықтан орыс тілі қазақ тілімен бір статуста қалуы керек. 2014 жылы орыс тілін статусынан айырған Украинада не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой»,- деді О.Сүйлейменов.
Оның айтуынша, кінә соғыс ашқан Ресейде емес, орыс тілін тастап, украин тіліне біржолата көшкен Украинада.
Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ деген осы. Жаңа Қазақстан құрамыз деп білек сыбанып отырған еліміздің әрбір азаматына жауапкершілік жүктейтін саяси науқан референдумның алдында, мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығы және Рәміздер күнінің қарсаңында қазақ тілінің мәртебесі мен қазақ өнерінің тазалығы үшін ақ тер, көк тер болып жатқан уақытта Олжас Сүлейменов пен Жан Мұқановтың пікірі бүткіл қазақ қоғамына қарсы шыққандай естіледі екен. Иә, әрбір азаматтың өзіндік позициясы, пікірі бар. Осы орайда эстрададағы әншілердің басым көпшілігінің тіл мен ділге қатысты азаматтық пікірін жариялап, табандылық танытқаны, жаңа Қазақстанды бірге құруға атсалысқаны қуантады. Ал кейбірінің солқылдақтық танытып, пікірінен айнып шыға келгені, бірінің қазақ тіліне басымдық бермей, орыс тілін қолдап шыққаны көңіл құлазытады.
«Расында, есер сөз, ессіз әзіл, есепсіз жындылық құндылықтарымызды күйретіп жатыр. Сөз жүйесіз, өнер иесіз кетті. Өскелең ұрпақ бұттан төмен әңгімелерді ән қылып айтып жүр. Әншейінде, қазақы әннің қалпын бұзбай келе жатқан әншілерді кекеткіш, мұқатқыш, сынағыш қоғам бұл кеселге бас ауыртар емес! Мұның бәріне тоқтам болатын тек Заң!
Алдағы референдум Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда үлкен маңызға ие болып отыр. Сол науқан былапыт сөздерді өнерге, ғажайып қазақ әніне араластырудан жасқанбайтын, ұялмайтын топтарға тиым болатын заңды қабылдатып берсе, өнер адамдарының көкейін көптен күйретіп жүрген іс шешімін табатын еді! Саналы көрермен, сарабдал тыңдарман бізге қосылады деп ойлаймын!" Бұл жазбаның авторы танымал әнші Ақбота Керімбекова көп қазақтың көкейтесті ойын өріп жазыпты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, барлық ессіздік пен есерлікке, жындылыққа тоқтау салатын Заң керек!
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Тумай туа шөккірлер!»: Өнер өкілдері «Ирина Кайратовна» мен Shizaға қарсы шықты
«Ішіп, шегіп алған ба?!»: «Ирина Кайратовна» концертінде көк туды қорлап, масқара болды