«Жан-жануармен достық символы сияқтымын»: Сиырларға «ән салғызған» тараздық блогер

0
4 016

«Кірпішешенді бір қыс бойы үйімде бағып шықтым»


«Жан-жануармен достық символы сияқтымын»: Сиырларға «ән салғызған» тараздық блогер

Сиырларды «сөйлетіп», «ән салғызған» тараздық блогер Жанат Әкімжанқызы жүрген бір позитив қой, шіркін!.. Инста әлемінде үй шаруасындағы әйел, тракторшы, механизатор, сауыншы, кәсіпкер болып танылып, бүгінде білдей блогерге айналып шыға келді. Жанаттың басқалардан артықшылығы ауылдағы өз өмірін, мал шаруашылығын еш боямасыз, шынайы көрсетіп жүргендігінде. Сосын сиырлармен дуэтте ән айтқандығында. Ауылда жүріп-ақ ешкімге алақан жаймай, тіршілігіне жан бітіріп, көп адамға мотивация беріп жүргендігінде. Әйтпесе қазіргі күні «маған бере берсе, ала берсем» дейтіндер аз емес қой. Жануарға қалай «ән салғызғанын» Жанаттың өзінен сұрап білдік.


– Жанат әпке, өзіңіз «құдды бір жан-жануармен достық символы сияқтымын» деп жазыпсыз. Расымен, сиыр, жылқылардың, көгершін, ит, бұзаудың тілін қалай табасыз?

– Бала күнімнен жануарларға қатты жақын болдым. Кішкентай күнімізде көпқабатты үйде тұрып-ақ қаңғыбас ит-мысықтарды пәтерімізге әкеліп, құрттап жатқан мысықты емдеп, қайта тірілтіп алатынмын. Кірпішешенді бір қыс бойы үйімде бағып шыққан кездерім болған. Жан-жануарға ықыласым ерекше. Содан кейін де олармен тіл табысу маған қиын емес.

Үйімде мал жайғағанда ыңылдап ән айтып жүретін әдетім бар. Мөршке, Каталек, Гүлшетай деп атаған кезде «Мөө» деп мөңіреп қояды. Бәлкім, содан өздерімен өздері жаттыққан шығар. Осы күні еш дайындықсыз-ақ әннің ырғағына өздері қосылады. Кейде мөңірегеніне қарай әнді таңдап айтатын болдым.


– «Музыкальный Морька, Каталек» деген сиырларыңыз хит болып жатыр. Оларға сіздің әніңізге ілестіру үшін қанша уақытыңыз кетті?

– Екеуінің әнге қосылуы аса қиын шаруа емес. Бірақ, дегенмен ырғаққа ілесу үшін бір емес, бірнеше кадр жасайтын кездер болады. Кейде бір кадрдан түсіріп ала саламыз. Әрине, мал болғаннан кейін онымен жұмыс істеу кішкене қиындау. Біздің сиырлар ән айтсаң, әйтеуір қосыла береді.


– Монтаж жасайсыз ба?

– Монтаж көп жасамаймын. Кейде ғана керек емес фрагменттерді алып тастаймын. Инстаграмдағы Reels-қа азғантай ғана уақыттың видеосы сыяды. Сонда уақытын қысқартуға тура келеді. Табиғаттың әсемдігін, көркемдігін көрсету үшін біраз монтаж жасаймын.


– Үй шаруасындағы әйел, тракторшы, механизатор, сауыншы, кәсіпкер, блогер. Блогерлікке қалай келдіңіз? Бұл бағыт сізге не береді?

– Тараз қаласында журналист әрі блогер Мөлдір Анарбаева деген жеңгем «Ошағың сөнбесін» деген авторлық бағдарламасына шақырған болатын. Сол бағдарламаның бірінші кейіпкері болғандықтан қызықты болып елдің көңілінен шықты. Сол кезден таныла бастадым. Мөлдір ханым «Сенің елге көрсететін контентің бар, неге түсіріп салмайсың, инстаграмды тұрақты жүргізсейші» деген соң блогерлікті де қолға алдым. Бұл бағыт менің жаныма тыныштық, көңіліме қуаныш, сүт өнімдерімді жарналамауға керемет мүмкіндік береді.


– Өзіңіз кіп-кішкентай, ап-арық келіншексіз. Бірақ, ауылда мал шаруашылығымен, қара жұмыспен айналысып, бау-бақша егіп, құрт-май істеп, оны сатып, таудай тірліктер тындырып жүрсіз. Энергияны қайдан аласыз?

– Қайта осындай кіп-кішкентай, ап-арықтардан шапшаң адам шығады. Энергияны мен табиғаттан, жан-жануардан аламын. Шамалы шаршап, көңілім құлазыған кезде судың жағасына барып демалғанды жақсы көремін. Тауда мал бағып, айқайлап өлең айтқанды жақсы көремін. Айқайлап ән салғаннан кейін өзіңнен өзің шабыт оянады. Ал судың қасына барғанда миың тынығып, ойың реттеледі.


– Күніне қанша литр сүт сауып, қанша кг май шайқап, қанша кг құрт істейсіз?

– Азанғысы 15 литр, кешкісі 15 литр, жалпы бір күнде 30 литр сүттің қаймағын тартамын. Майын шығарып, құртын жасаймын. Қарап тұрсаңыз, машақаты көп тірлік. Бірақ, өнімі бұдан аз шығады. Мысалы, 10 литр сүттен ары кетсе 1,5-2 кг құрт, 1 литрге жетер-жетпес қаймақ шығады.


– Инстапарақшаңыздан бір ұлыңыздың туылғанда дәрігерлердің салғырттығынан сырқат болғанын, 3 жасқа келгенде өмірден озғанын оқып, көзімнен ыстық жас ыршып түсті. Бұл фәнидің қиындығын, ауыртпалығын бір кісідей көрген жан екенсіз. Қиындықтарыңыздан қандай сабақ алдыңыз?

– Бұл бала өмірге келгенде үлкен сынақтан өттім. Бұл баланы босанып жатқан кезде өзім де о дүниелік болып кете жаздадым. Балам бір емес, бірнеше мәрте клиникалық өлім алды. Басымыздан қаншама қиын жағдайлар өтті. Бұл тақырып маған шамалы қиындау (жабырқап). Мен не үйрендім?! Бұл бала өмірге келгенде сабыр сақтауды, жылтырақ бос дүниеге қызықпауды үйрендім. Өйткені, бұл өмірде сенің денсаулығың, отбасың, бала-шағаң, жақын туған-туысың және қоршаған ортаң ең маңызды екенін түсіндім. Қалғанының бәрі өткінші дүние, қолдың кірі. Балам есіме түсіп көзіме жас кеп қалды ғой.


– Кешірерсіз, сіздің жаныңыздың жарасын тырнау ойымызда жоқ. Алла ұлыңызды ана дүниеде сіздерге шапағатшы етсін. Келесі сұрақ, ауылда осынша тірлік атқарып қанша табыс тауып жүрсіз, құпия болмаса?!

– Бір айда 100 мың теңгеден артық табыс түседі. Өзіміздің күнделікті нан-пұлымыз шығып жатыр.


– Инстаграм жүргізгелі клиенттеріңіз көбейген шығар?

– Аллаға шүкір, қазір инста әлемі арқылы сүт өнімдерін сатып отырған жайым бар. Кезінде баклажкаларға құйып, оны дүкендерге тасып жүретінмін. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірі, атап айтсам, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Шымкент менің сүт өнімдерімді тұтынады. Ешқандай қоспасыз таза табиғи өнім болғандықтан алушылардың бәрі ризашылығын білдіріп, іздеп тұрады. Әрдайым сұранысқа иемін.


– Өлең шығаратын суырыпсалмалық қасиетіңіз бар екенін байқадық...

– Мен негізі күнделікті қорада да, үйде де ыңылдап ән айтып жүретін адаммын. Мысалы, сиыр сауып жүрген кезде сөздер сақ-сақ ойыма келе қалады. Анда-санда шабыт ашылады. Ал шабытты табиғат, жан-жануарлар береді. Отбасым, отағасына қарап отырып та гөй-гөйлетіп жіберетін сәттер аз емес.


– Жан жақты келіншексіз. Ауылда қор болып жүрмін деп ойламайсыз ба?

– Мен өмірде өзімнің бағытымды тапқан адаммын. Жануарды, мал шаруашылығын, даланың тіршілігін жақсы көремін. Қиын болса да ауылдың тірлігін істеп жүргеніме еш өкінбеймін, өзімді қор болып жүрмін деп санамаймын. Қайта қуанамын. Қазір, Аллаға шүкір, инста әлемі арқылы біраз адамға үлгі болып жүрген сияқтымын. Өйткені, көптеген оқырмандар «Сізге қарасақ, мал шаруашылығы қызықты болып көрінеді», «Сізге қарап сиыр алдым» деп те жазып жатыр. Бұл менің ауыл тіршілігін жақсы жағынан көрсете алып жатқандығымнан деп ойлаймын. Өйткені, өзім сүйіп, рахаттанып істейтін дүниемді рахаттанып жеткізе алып жатқанымды адамдар да рахаттанып қабылдауда. Ауылда жұмыссыз отырған қаншама қыз-келіншектерге құр қарап отырмай кәдімгідей алға жылжудың бір үлгісі болып жатыр.


– Инстаблогерлердің көбі әлеуметтік желінің қыр-сыры, оны жүргізу сияқты тақырыптармен курс өткізеді. Сіз де сиырға қалай ән салғызу, малдың тілін қалай табу сияқты тақырыппен курс өткізу ойыңызда жоқ па?

– Сабақ өту деген мүлде ойымда жоқ. Өйткені, малмен жұмыс істеу, үйрету оңай емес. Ол нан илеп, нан жая салу немесе тәтті бәліш пісіре салу емес. Инстаграмда көбісі сондай бағытта шеберлік сабақтарын өткізіп жатады ғой. Тірі жан болған соң оны бабына келтіру үшін әрекет ету керек. Ол үшін үлкен уақыт, еңбек керек. Сондықтан елге бірнәрсе үйретемін деп айта алмаймын.


– Сіз көп адамға мотивация беріп жүрсіз. Өзіңіз кімнен немесе неден мотивация аласыз?

– Біреуден мотивация алатындай ешкімді тұрақты түрде қарамаймын. Менде оған уақыт жоқ, шыны керек. Мотивация деген ешнәрсеге алаңдамай, ешкімге алдамай өмірді сүру. Өзіңнің тіршілігіңді дамыту. Алдыңа мақсат қою. Мотивация жасау кез келгеннің қолынан келеді. Мен ешкімнен мотивация алып, ешкімге еліктемейді екенмін.


– Бәрекелді! Ақ жарылып сұхбат бергеніңізге алғыс! Еңбегіңіз жемісті болсын!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ